Бейсенбі, 04 шiлде, 07:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№52-2062
02.07.2024
PDF мұрағаты

Барсакелмес сапары

21.05.2022

1167 0

АҢЫЗ-ӘПСАНА

«Арал өңірі тұрғындары арасында «Барсакелмес» төңірегінде аңыздар көп. Солардың бірі былай баян етіледі. Есте жоқ ескі заманда Арал маңын мекен еткен тайпалардың арасында соғыс оты өршіп, бір басылмай, елдің берекесін алыпты. Осы тайпалардың ішінде Ләтпай дейтін ру басы болыпты. Соғыстан әбден ығыр болған Ләтпай құлақ естіп, көз көрмеген алыс жаққа кетіп қалуды армандайды. Содан «іздегенге – сұраған» дегендей, теңіздің қақ ортасында суы тұщы, шалғыны шүйгін, балығы мол, алуан түрлі аң-құсы бар, сексеуілі қалың ғажайып арал бар екенін естиді. Естиді де, сол аралға кетуге бекінеді. Бұлар мұз қатқанда күзер жасап, соның үстімен аралдың төріне жетіп алмақ болады. Қарамағындағы жұртын жартас түбіне әкеліп: «Шолпан туғанда жолға шығамыз», – деп хабар береді.

Шолпанның туғанын күтіп отырғанда, олар жаққан оттың маңайына жыртық шапанды, тесік тымақты бір ақсақал келеді. Сосын Ләтпайға қарап: «Бара жатқан аралдан қорықпаңдар, онда зұлымдық жоқ, қасқыр жоқ, адамдар да жоқ. Аралда табиғатты сақтасаңдар, бақытты да ұзақ өмір сүресіңдер. Ұрпақтарың ештеңеден зәрулік көрмейді. Мыңғырған мал болады. Аңқұсты өлтірмеңдер. Аққуларға тимеңдер», – дейді. Осыны айтқан заматта қария қараңғылық қойнауына сүңгіп жоқ болады. Ләтпай оның Қыдыр екенін іштей сезеді. Төбеден Шолпан көрінген сәтте тайпа түгел орнынан қозғалып, мұзды күзердің үстімен тізбектеліп жүріп өтіп, аралдың қойнауына барып түседі.

Қысты осы аралда жақсы өткізген Ләтпайдың жұрты көктемге қарай тойына бастайды. Қыдыр атаның айтқандары айдай келіп, көп ұзамай олар байып кетеді. Осы ұзақ аңыздың ақыры аралдағы ағайынның күндердің-күнінде баяғы қарияның өсиетін естерінен тарс шығарып, сексеуілді отап, аң-құсты қырып, аққуға ауыз сала бастауы салдарынан бір түнде маңайды түгел ордалы жыланның жалмауымен аяқталады. Аңыз бойынша, сол қырғыннан сегіз жасар бала ғана аман қалыпты. Шамасы, елді түгел қырып тастауға ертегілерге тән есті сарын жол бермесе керек».

Иә, шынында қасиеті мен қасіреті адамзат тарихында елеулі орын алатын Аралда орналасқан Барсакелмес жайлы бұдан өзге де тереңнен қозғап айтатын әңгіме де, ел аузында аңыз-әпсана да жетерлік. Талай адам осынау тылсым дүниелерге елітіп, қасиетті өлкеге табан тіреген. Сондағысы арал жайлы молырақ біліп, жұмбақ құбылыстардың жауабын іздеу, мүмкіндік болса, көзбен көру. Солардың қатары жыл санап толығуда. Тіпті осыдан оншақты күн бұрын Барсакелместі көзбен көріп, мол дерек жинамаққа елордадан қарымды қаламгер, қазақ журналистикасының корифейі Жанболат Аупбай да ат басын Сырға тіреді.

Барсакелмес біздің ойда да көптен жүрген. Дегенмен соның сәті енді келгендей. Сәтін салғанда мен де «Сыр бойы» газетінің тілшісі Ержан Қожастың жанына қадірлі қонаққа жолсерік болып қосылдым. Іштей қуанғаныммен, жауапкершілікті арқалау оңай емес еді. Әрібері тарихтан сөз тартқанда алдына жан салмайтын кісімен сапарда жүруге жүрексінгенімді несін жасырайын? Көкейдегі алаң – «не істеймін?», «не айтамын?». Бірнеше күн осындай ойдың жетегінде жүрдім. Ол кісі жайлы сырттай естіп, хабардар болғаныммен, өмірде көрген кісім емес. Содан да болар қобалжулы едім. Хош, содан не керек, жұмыс пен үйде ол кісі жайлы ақпарат көздерін ақтарып, біраз мәліметке қанықтым. Былайша айтқанда, кішігірім «репетиция» болды.

Сөзімізді салмақтау үшін қазақ журналистикасының алыбы жайлы осы тұста бірер дерек келтіре кетейік. Жанболат Аупбай. Былайғы жұрт ол кісіні «Егемен Қазақстан» басылымының жылдар бойғы бас редакторы ретінде таниды. ҚХР-дың Шыңжаң өлкесіндегі Құлжа уәлаятына қарасты Текес елді мекеніндегі қазақ отбасында өмірге келген ол кейін ата-анасына рұқсат берілген соң Қазақстанға қайтып оралады. Содан Алматы облысының Нарынқол селосына тұрақтап, сондағы орта мектепті бітіргеннен кейінгі кезең тұтастай тарих деуге болады. Өйткені ҚазМУ-дің журналистика факультетін ойдағыдай аяқтап шыққан ол кейін республикалық «Лениншіл жас», «Қазақстан коммунисі», «Халық кеңесі», «Ақиқат» сияқты басылымдарда әртүрлі қызметте болады. Кейінгі 20 жылдықта қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Егемен Қазақстан» газетінде бас редактордың орынбасары, уақыт өте 16 жыл газеттің бас редакторы болып қызмет атқарады.

Журналистика алыбының бүгінге дейін жарық көрген «Таңғажайып тағдырлар», «Бізге беймәлім бейнелер», «Автограф», «Ашылмаған аралдар», «Ұлылардың ұрпақтары», «Қазақстан» сынды кітаптары оқырманға жақсы таныс.

Кәнігі журналистің тақырыптары да сан қилы. Қаламгер қаламынан тағдыры таңғажайып қазақтар мен әртүрлі кезеңдегі өте сирек мамандық иелерінің ғұмыры және елімізде бұрын көп сөз болмаған табиғат құпиялары жайлы көптеген туынды өмірге келген. Жалпы ол кісі жайлы ұзынсонар қып айтар дүние жетерлік. Осыдан-ақ бұл сапардың қаншалықты жауапты екенін һәм өзім үшін үлкен тәжірибе екенін топшылау қиын емес еді.

Көптен күткен сапар

10 мамыр. Таңмен таласа тұрып, жол қамына кірістім. Сағат болса алты. Күн көкжиектен көтерілгенше жұмысқа жетіп, керек-жарағымызды түгендеп, Жанболат ағаны күтіп алу үшін әуежайға беттедік. Біз үшеуміз. «Сыр бойы» газетінің тілшісі Ержан Қожас, Қызылорда мен Арал арасындағы 300 шақырымнан аса жолды еңсеріп, бізді апарып-алып келуге бел байлаған көлік жүргізушісі Асқар аға. Сосын мен.

Әне-міне дегенше әуежайға да келдік. Уақытында жетіппіз. Қонағымыз ұшақтан түсіпті. Қоңырау шалып, көп адамның арасынан тауып алдық. Бәріміз алғаш көріп тұрмыз ғой. Әуежай есігінің алдынан орта бойлы, ақ құба келген кісі қол бұлғады. Бұл біз күткен қабырғалы қаламгер Жанболат Аупбай болатын.

– Ассалаумағалейкүм, аға! – дедік біз қос қолдап сәлем бере.

– Уағәлейкумассалам. Қалайсыңдар, жігіттер, – деп жауап қатты жылы шыраймен ол кісі. Осылай аман-саулық сұрасқан соң, көлікке отырып, қалаға қайта бет алдық. Әріптесіміз Ержан Қожас жол бойы бізді жеке-жеке таныстырып, одан әрі қонағымызды ақырындап сөзге тартып келеді. Ол кісі алғашында томаға тұйық қалпынан айнымай, шешіле сөйлемегенімен Қызылордаға көп жылдан бері келмегенін, Сырдың суы тобықтан келіп қалғанына бір қазақтай алаңдаулы екенін жеткізді.

Әңгіме арасында қаламгердің «Афтограф» кітабының қалай шыққанын сұрады Ержан әріптесім:

– Былай ғой Ержан, белгілі бір тақырыппен газетке жұмыс істейсің. Арада 10-15 жыл өтеді. Оның ішінде қызық тағдырлар, табиғат құпиялары, тағы сондай айтылмаған, түртілмеген бірнеше бағыт кетеді. Сосын оны сұрыптайсың. Сұрыптағанда бір кітап шыға келеді. Мен кітап жазам деп алдыма мақсат қойған емеспін. Бар ойым газетке жақсы мақала беру болатын. Содан осындай дүниелер шықты, – деді қаламгер. Осылай мәнді әңгіме айтып келе жатып қонақ үйге қалай жеткенімізді байқамай да қалдық.

Алайда бірден сапарға шығамыз деген біз қалада түске дейін бөгелетін болдық. Өйткені кәнігі журналистің Сырға келгендегі негізгі мақсаты Барсакелмеске барып, Арал жайлы тың деректерді білу болғанымен тағы бірнеше шаруаны біржола бітіруді көздеген. Соның бірі – сатирик-ақын, жазушы Асқар Тоқмағамбетовтің ұрпақтарымен кездесіп, сұхбаттасу екен. Айта кетейік, журналист 1998 жылдан бастап «Ұлылардың ұрпағы» атты айдарды жүргізеді. Негізгі мақсаты – елге еңбегі сіңген, қазақ руханиятына саналы ғұмырын арнаған, атақты тұлғалардың балалары, немерелерінің бүгінгі жай-күйі, олар немен айналысып жүр, ұрпақтар сабақтастығы қалай өрбуде деген сұрақтарға жауап іздеу. Бұл сол сериялық мақалалардың жалғасы үшін керекті. Яғни күзде шығатын жаңа мақаланың нобайы болмақ.

Хош, содан қала көшелерін қуалап отырып, кезінде Асқар Тоқмағамбетовтің қызметтік үйі болған Сарқырамадағы бес қабатты үйге табан тіредік. Қазіргі таңда бұл үйде жазушының кіші қызы Аягөз Тоқмағамбетова тұрады екен. Ұзын сөздің қысқасы, қазақтың қарымды қаламгерінің шаңырағында болып, үш қызымен сырлы сұхбат өрбіді. Әуелі өзін мәдениетті таныстырған Жанболат аға келгендегі мақсатын қысқаша түсіндіріп өтті. Ол әңгіме барысында жауыр болған біркелкі, жаттанды сұрақ қоймай, жазушы өмірінен мол мағлұмат беретіндей 5-6 ғана сұрақ қойды. Соның өзінен көп дерек алды.

– Бұл үйде әкем 1975 жылдан бастап өмірінің соңына дейін тұрды. Үлкен атамыз Тоқмағамбет, әжеміз Ажар дүниеге жеті қыз әкелген. Сегізінші болып әкеміз дүниеге келген. Кейін тағы екі ер бала босанады. Бір ер бала тағы асырап алады. Ал әкемізден 11 бала тарағанмен бесеуі ерте шетінеп кетеді. Есейгені үш ұл, үш қызбыз. Бір әңгіме айтып берейін. Ең үлкен ағам Төребек Ұлы Отан соғысында қайтыс болды. Ол өте дарынды болған, бірақ әкеміз қысылып, оны онша қасына жолата қоймаған. Бір күні Қызылордаға Ғабит Мүсірепов келіп ағамның қарымқабілетін көреді де: «Асеке, мынадай баланы неге ауылда ұстайсың?» дейді. Әкеміз ол кезде Алматыда жұмыс істейді. Содан ағамызды Алматыға алып кетеді. Ағам мектеп оқып жүріп, комсомолға өтем деп жасына тағы екі жас қостырған. Мектеп бітірген тұста соғыс басталып, майданға сұранып кетеді. Содан 100-інші бригадада шайқасып жүріп, майдан шебінде ерлікпен қаза табады.

Әкеміздің бір естелігі бар. Сонда бірнеше дерек келтірген. Әкеміз редакцияда отырады. Ол кезде «Социалистік Қазақстанда». Қасындағы екі адам соғыстан келген хаттарды оқи жөнеледі. Кезек «Екі жауынгердің ерлігі» деген хатқа келеді. Сонда екі адамның ерлікпен қаза тапқанын және бірінің аты Төребек Тоқмағамбетов екенін баяндайды. Қаралы хабарды естіген әкем қан-қысымы көтеріліп құлайды. Алайда кейін тәуір болған соң анасы баласынан үмітін үзбесін, күйзеліске түспесін деп қара қағазды өртеп жібереді. Осылайша бұл хабарды өмір бойы жасырып өткен, – деді Аягөз Тоқмағамбетова.

Осылайша сұрақтан сұрақ, ойдан ой туып, төрт сағаттан аса бел жазбай жазушы туралы біраз әңгіме тыңдадық. Бір байқағаным, Жанболат аға әрбір жауапты мұқият тыңдап қана отырды. Бірақ біз секілді диктофонға басқанын байқамадық. Тіпті қаламмен қойын кітапшаны да түртпеді. Мұның сырын соңыра сұрармын деп, мен де үнсіз отыра бердім. Ақынның өмір жолы мен шығармашылығы, қилы кезеңдегі қиын сәттері туралы көп мағлұмат алдық. Содан соң жазушының жеке бөлмесіне барып, құнды қағаздарға көз жүгіртіп, жазылып үлгермеген біраз дүниенің нобайын көрдік.

Қазақ әдебиетіне өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаның шаңырағында біраз айналып, бата қайырып, негізгі сапарымызға аттандық.

Алдымыз Арал

Сонымен біссіміллә деп, түсте жолға шықтық. Алдымыз – Арал, бағытымыз – «Барсакелмес». Астымызда корейлер шығарған аппақ «Kia» көлігі. Жүрісі жылдам. Жүргізушіміз де талай темір тұлпарды тізгіндеген тәжірибелі кісі. Кезінде ата-бабаларымыз атпен жортқан жолмен зырғып келеміз. Аралға дейін отыздан аса ауылдың үстімен өтеміз. Мұның барлығы Сырдария, Жалағаш, Қармақшы мен Қазалы аудандарының аумағында жатыр.

Қазір мамыр айының ортасы. Алайда Құдай сәтін салып, бүгін кішкене аспанда бұлт үйіріліп тұр. Әйтпесе, Қызылорданың шіліңгір ыстығы төбеңнен түскенде миыңды қайнатып жіберердей болады. Сырда күн ысыса, даланың сәні қашып, құмшауыт жерде қымсынбай өсетін жусанның да тынысын тарылтып қоя береді ғой. Көлік терезесінен шеті қиыры көрінбейтін, шөбін күн қақтаған далаға ауық-ауық көз салып келемін. Ертеректе осынау Сырдың бойы көк майса, шөбі шүйгін, «бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған» мекен еді дегенге қазір кім сенер?..

Хош. Жол ұзақ. Ардагер журналиспен әңгіменің тінін тарқатып, біраз сауалға жауап алғымыз келіп отыр. Содан есіме Асқар Тоқмағамбетовтің үйінде ойыма келген сұрақ сап ете қалды.

– Аға, бағана сұхбат барысында диктофон қолданбағаныңызды байқадым. Ұмытып қалмайсыз ба, – дедім сұрағым сөкеттеу болса да. Ол кісі жымиды да: – Айналайын, балам, мен өмірімде диктофон қолданған емеспін. Оның екі жұмыс болады. Мен әңгімені зер салып тыңдаймын да, соны қорытып, сөзін ұғынықты етіп жазып шығамын. Тек кейбір маңызды даталарды жаңылыспас үшін қағазыма түртіп аламын. Бұл менің журналистикаға келгеннен қалыптасқан дағдым, – деп жауап қатты. Әр әңгімесін аузымның суы құрып тыңдаған мен бастырмалап, тағы бірнеше сұрақ қойдым. Өйткені мұндай мүмкіндік енді қашан туарын кім білсін?! Бұл кісінің кітабын оқып, біраз ақпарат көздерін ақтарғанымда әр мақаласын оқиға орнына не кейіпкеріне барып, көріп, жетер жеріне жеткізіп жазатынын пікірлерден көзім шалған. Келесі сауалым да соған орай қойылды.

– Сізді «Жиһанкез Жанболат» дейді екен замандастарыңыз. Әр мақалаңызды жазу үшін қала мен дала кезуді, тіпті шетел асуды әуре көрмейді дейді сөздерінде. Бұл өзі қаншалықты рас әңгіме, аға? – деп едім, ол кісі сәл ойланды да:

– Ол былай ғой. Мен өмірімде интернет желісін және ондағы оңдысолды, ақ-қарасы белгісіз ақпараттарды қолданған емеспін. Қолданбаймын да. Мен көзбен көріп, қолмен ұстап, өзім сенімді болған жайтты ғана мақалама арқау етемін. Әңгімеден әңгіме шығады ғой. Соның бірін айтып берейін.

Жас күнім. Ол кезде «Лениншіл жаста» жұмыс істеймін. Алматыда. Бас редактор Сейдахмет Бердіқұловтың тапсырмасымен мақала жазу үшін Семейдің Абай ауданына аттандым. Бірақ діттеген мақсатыма жете алмай, басым салбырап, Семейден Алматыға қайта пойызға отырдым. Таңертең Аягөзден бір қария мінді. Алматыға емделуге кетіп бара жатыр екен. Таңсық совхозына жақындағанда алыстағы үлкен мұнараға көз тікті. «Анау не?» деп сұрадым жаңағы кісіден. «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың мазары ғой, – деді ақсақал. – Күтімі жоқ. Төңірегін ешкім тазаламайды. Кім көрінген иектейді қасиетті жерді. Іргесіне сәйгел қуған сиырлар барып көлеңкелейді. Құртты ғой». Сол кезде лып етіп бір сезім оянды. Алматыға дейін билет алып қойған едім. Соған қарамастан, Таңсықтан түсіп қалдым. Содан сол мәселені әбден зерттеп, адамдармен жолығып, көзбен көріп келдім де, Алматыға қайтып оралған соң «Ғасырлар бәйгесінен озып келген» деген мақала жаздым ғой. Бас редактор риза болды. Қазақстанның әр түкпіріне түрлі мақалалар жазу үшін осылай талай сапарладым. Әлгінде айтқан жұрттың жиһанкез атауы осыдан болар. Мақаланы нақты ақпарат көзінен алу және оған толықтай сенімді болу бұл менің жеке ұстанымым, – деп бір оқиғамен мән-жайды түсіндіріп берді. Біз аң-таңбыз. Содан не керек, осылайша жол қысқартып, біраз әңгіменің тиегін ағыттық. Жол бойы тың ақпараттармен бөлісіп, біз көрмеген тұлғалар туралы деректер айтты.

4 сағаттық жолды артқа тастап, Қамыстыбасқа, бізше «Қамбаш» ауылына жеттік. Бұл ауылда талай тарихтың ізі жатыр. Кешегі Қамбар батырдың суға кетуін қоспағанда, анау бір төбеде Жанқожа батырдың орыс басқыншыларына қарсы шыққанда қылыш жасаған ұстаханасының ізі бар екен. Бұл енді басқа әңгіме. Сонымен Қамбашқа жеткенде жолайрықтан бұрылып, жол жиегіне тоқтадық. Мұнда бізді «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы» директорының орынбасары Зәуреш Әлімбетова күтіп алды.

Ақтілек БІТІМБАЙ

Қызылорда – Барсакелмес – Арал – Қызылорда

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: