Бейсенбі, 04 шiлде, 02:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№52-2062
02.07.2024
PDF мұрағаты

Төрге оз, Қызылорданың төл басылымы

15.04.2023

752 0

Бүгін Сыр елінің бас шаһарындағы қалалық статусы бар жалғыз басылым – «Ақмешіт апталығы» газетінің туған күні. Осыдан 29 жыл бұрын 15 сәуірде  жарық көрген газет осымен 1937-ші рет шығып отыр.

Ақпарат айдынында желкенін керіп, 1994 жылдан бері жарық көріп келе жатқан «Ақмешіт апталығы» басылымында Сыр журналистикасының қара нарлары еңбек еткенін атап өткен жөн. Газет негізін қалаған Әділхан Бәймен мен басылым жүгін басшымен бірдей көтерген Аманжол Оңғарбаев «Ақмешіт апталығының» келешегіне сенді. Бір кездері мемлекеттік тілдің туын көтерген басылым қаламгерлері елдің жасампаз істерге толы шежіресін жазу жолында үнемі ізденіс үстінде жүрді. Әсіресе аймақтың тыныс-тіршілігін, халықтың әлеуметтік жағдайын, жеткен жетістігі мен еңбек адамын насихаттау журналистер атқарған толассыз істердің қатарында екенін айта кеткен жөн.

Бұл газетті Нұржан Нұрмағанбетов, Нұрлан Көбегенұлы, Нағымжан Сауияев, Мұрат Жетпісбаев, Кенжалы Ерімбетов, Дүйсенбек Аяшұлы, Әділжан Үмбет, Қаныбек Әбдуов сынды елге белгілі қалам иелері басқарды. 2018 жылдың қыркүйегінен бері қалалық газеттің тізгіншісі біз болдық. Тағы бір айта кетерлігі, А.Жанаев, Қ.Әшірбекұлы, Ш.Дәрмағанбетов, А.Сәдібекұлы, К.Бердәулетов, А.Келімбетов, Н.Елтай, С.Боқанов, Ә.Жақыпов, Ш.Серікбаев, И.Сейтов, Ш.Маханбетовтей шығармашылық өкілдерінің де осы газетте қаламының табы жатыр. Сонымен қатар суретші Қайырбай Зәкірұлының, фото-тілші Болат Омарәлиевтің, ақын Әділ Ботпановтың, журналистер Айнұр Тұңғышбаева, Алтынай Молжанова, Бағлан Тілеубергенова, Тәжмұрат Әлжанов, Тұрар Бекмырзаев, Гүлбану Мақажан, Айнұр Төлешова, Мейрамкүл Дауылбай, Ерқанат Сәрсенбаев, Кенжетай Қайрақбаев, Жарас­хан Қуанышбайұлы, Ерсін Шамшадин, Ақтілек Бітімбай­дың қалалық газетте ізі қалғанын айта кеткен жөн. Сонымен бірге Қаламқас Кеңесариева, Роза Оңғарбаева, Балауса Сарбасова, Әйгерім Әбілжан, Назерке Рахметовадай әріптестеріміз басылым жүгін қаламгерлермен бірдей көтерді.

Облыстық және аудандық басылымдардың басын біріктірген «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қосылғалы бері газет мүмкіндіктері артып, жаңаша форматпен шыға бастады. Редакцияның материалдық-техникалық жарақтандырылуы заманауи сипат алды.

Кез келген өңір үшін ақпараттық жүйенің бәсекеге қабілеттілігі айрықша басымдық алып, газеттің баспа нұсқасымен бірге электрондық жүйесін қатар дамыту талабы қойылып отыр. Газеттің электронды нұсқасы әзірленіп, бүгінде әлемнің қай түкпірінен оқимын деген адам болса да мүмкіндік бар. Газет сайтына жергілікті жаңалықтармен қатар әлемде болған оқиғалардың ақпараттары беріліп отыр. Өткен жылы сайттың ақпарат агенттігі болып, қайта құрылымдалғанын да айта кеткен жөн.

Бүгінде «Ақмешіт апталығы» газетінің шығармашылық құрамы басылымның бұған дейінгі биігін аласартпай, қайта жаңа бір шыңға көтеру мақсатында еңбектенуде. Басылымда «Айтайын дегенім…», «Толғандырған тақырып», «Мәселенің мәнісі», «Қолтаңба», «Бағыт», «Президент пәрмені», «Бағдар», «Қала тынысы», «Қала әкімдігінде», «Депутат мінбері», «Мәслихат тынысы», «Құқық құрығы», «Ақмешіт Қызылорда болғанда», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» сынды басқа да айдарлар бар. Бұдан бөлек «Қуақы», «Отбасы», «Экономика», «Білім айнасы» (бұрынғы «Шырағдан»), «Денсаулық», «Кел, балалар, оқылық!», «Руханият», «Экология», «24 сағат», «Спорт» сынды арнайы беттер ұйымдастырдық. Әрине, мұндай беттер басылымда бұрын да болған, біз тұрақты түрде шығаруды қолға алдық. Тағы бір атап өтерлігі, республика бойынша қалалық газеттер ішінде бірінші болып ағылшынтілді басылымдардан тікелей аударма жасау да осы газеттен басталды.

 Бұған дейін де аймақтағы жағымды жаңалықтармен қатар әлеуметтің әлеуетіне қатысты мәселелерді көтеріп келе жатқан газеттің жүгі жеңіл болмаған. Біз де хал-қадірімізше аға буын қаламгерлердің ізін жалғап, «Ақмешіт апталығын» Қызылорданың тыныс-тіршілігін бейнелейтін, өлке тарихын шежі­релеп, халықтың үні іспетті басылым болуы үшін еңбектенеміз. Бұл жолда Гүлмира Ділдәбекова, Гаухар Қожахметова, Мейрамкүл Рахметова, Ақтолқын Нұрлыбай, Ақмарал Олжабаева, Айтолқын Айтжанова, Айдана Сейіл, Аслан Нұразғали сынды әріптестеріміз бар күш-жігерін салуда.

Газеттің туған күні болған соң қысқа ғана шолу жасап, оқырманға ұсынып отырмыз. «Ақмешіт апта­лығы» бұған дейін де өзіндік орны бар басылым болған, бұдан кейін де ақпарат айдынындағы орнын нықтай бермек. Туған күніңмен, Қызылорданың газеті!

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: