Сәрсенбі, 24 сәуiр, 17:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қарқынды құрылыс – қалыпты дамуға негіз

13.08.2022

866 0

Соңғы жылдары Қызылорда қаласының өзінде 12 шағын аудан бой көтеріп, 270 көпқабатты тұрғын үй салынған. 7000-ға жуық азамат жаңа пәтерге ие болып, қоныс тойын тойлаған. Құрылысшылар күні қарсаңында қызылордалықтар үшін тағы 3 нысанның іргетасы қаланды. Сондай-ақ Қармақшы ауданындағы Төретам кенті және Ақай ауылында, Арал ауданындағы Сексеуіл кентінде ауыл ішілік газ құбырын тарту және Шиелі ауданына қарасты Тартоғай елдімекенінде автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы басталды.

Енді Сыр өңірінде отбасылық өмірге қадам жасаған жастар заманауи үлгідегі неке сарайында отбасы атанады.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жас жұбайлардың киелі шаңыра­ғына айналатын «Неке сарайының» халықаралық жастар күні аясында бой көтеруінің символикалық мәні бар деді.

– Бір қуантарлығы, аймағымызда демографиялық өсім жылдан-жылға жақсарып, шаңырақ көтерген жас­­тардың қатары артып келеді. Биыл­ғы жылдың 6 айында 2276 жұп некеге тұрып, отбасылық өмір­ге қадам басты. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бақытты әрі берік шаңы­рақ – еліміздің игілігі мен өркендеуі­нің кепілі. Мықты отбасы – мық­­­ты мемлекет» деп отбасы құн­­ды­лығының маңызды екенін жет­­кізді. Келешекте неке сарайында от­­­басы құндылықтарын дәріптейтін әлеу­­­меттік-мәдени іс-шаралар да тұ­­рақты түрде өткізілетін болады, – деді облыс әкімі.

Сыр еліндей жыр кеніне айналған өнерлі өлкеде 1000 ке­лу­­шіге арналған жаңа өнер са­райының алғашқы кірпіші қа­ланды. Құны 3,7 млрд теңгені құрайтын екі қабатты өнер са­райының құрылысы бір жарым жылда салынып бітеді. Ғимаратта симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы кон­церттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі.

Сырдың сол жағалауында тағы бір әлеуметтік нысанның іргетасы қаланды. Құны 2,7 млрд теңгені құрайтын «Қан орталығы» жылына қан мен оның компоненттерін донациялау көрсеткішін 500-ден 10 мыңға дейінгі жеткізеді. Орта­лық өңір халқына сапалы қыз­мет көрсетіп, тұрғындардың денсау­лығын арттыруға мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ сол жағалауда қас­беттері заманауи талаптарға сай келетін 7-9 қабатты тұрғын үй, физика-математикалық мектеп ғи­мараты бой көтермек. Балалар жылына тарту ретінде Оқушылар сарайы салынады.

Аймақ басшысы аз уақыттың ішінде өңірге қомақты инвестиция тартылып, демеушілер есебінен жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік болғанын жеткізді.

– Біз әрдайым жерлестеріміздің талап-тілектерін, ұсыныстарын ес­керуге дайынбыз. Облыс әкімі қыз­метіне тағайындалғаннан бастап, халықпен кездескен әр сәтте ай­мақта заманауи сәулеттік үлгідегі жаңа нысандарды салуға уәде еттік. Туған жердің дамуына шынайы жанашырлықпен қарайтын меценат азаматтарды ортақ іске біріктіріп, құны 45 млрд теңгені құрайтын, 391 нысанға жоба әзірледік. Келесі жылдан бастап бұл жобалар іске аса бастайды. Аз уақыттың ішінде, өңірге 20 млрд теңге инвестиция тартылды. Осы игілікті істердің нәтижесінде бүгін бірнеше ны­санның іргетасын қалау рәсіміне жерлестеріміз куә болды, –  деді облыс басшысы.

Аймақта Болат Өтемұратов қорымен бірге 11 млрд теңгені құрайтын заманауи жолаушылар терминалының құрылысы баста­лып, 2024 жылы ел игілігіне бе­рілмек. Сондай-ақ қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңа жылу электр станциясын салынбақ.

Қаладағы шағын ауданның бірі – «Бәйтеректе» жаңа су жинағыш құрылғы құрылысын бастау рәсімі де өтті.

Құны 1 млрд теңгеден астам жоба «Бәйтерек» тұрғын ауданында орналасқан жеке тұрғын үйлерді тұрақты қысымда сапалы ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді. Жоба аясында 7 дана ұңғыма бұр­ғыланып, 3 дана резервуар са­лы­натын болады.

«Ақмешіт-ақпарат»

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: