Дүйсенбі, 01 шiлде, 09:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№51-2061
29.06.2024
PDF мұрағаты

2,5 пайызбен берілген несиеге салық төленбейді

07.10.2023

110 0

Тақырыпқа арқау болған мәселе Сырдария ауданында болған. Анығын тарқатар болсақ, Сырдария ауданындағы мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы мемлекеттік бағдарлама аясында осы жылдың мамырында 2,5 пайызбен 5 млн теңге несие алған кәсіпкерге хат жіберіп,  несиеге алған қаржыны табыс деп көрсетіп, 72 мың теңге салық төлеуі қажет екенін хабарлаған. Кәсіпкер проблемасымен Палатаға келіп, құқықтық көмек сұрады.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер па­латасының мамандары мәселені зерт­тегенде оның бір кәсіпкердің ғана емес, «Ауыл аманаты» жобасы мен жастарға арналған мемлекеттік бағдарлама ая­сында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып жатқан мыңнан аса кәсіп­кердің құқығы бұзылуы мүмкін екенін анықтады. Мәселе Палата жанындағы агроөнеркәсіп кешені кеңесі мен бухгалтерлер клубының бірлескен отырысында қаралды. Оты­рысқа Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық, Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Болат Нұрқожаев, об­лыс­тық мемлекеттік кірістер депар­таменті мен аудандық кірістер басқармасының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.

Облыстық мемлекеттік кіріс­тер департаментінің бөлім бас­шысы Гүлсара Қарымсақова мемлекеттік бағдарлама аясында берілген несие табысқа жатпайтынын, одан салық алынбайтынын атап өтті. Кәсіпкерлер осы қаржылық қолдаудың нәтижесінде кәсібін дамытып, пайдаға шыққан жағдайда салық төлейтінін жеткізді.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық «Жастарды ша­ғын несиелеу» бағдарламасы аясында жалпы құны 1,2 млрд теңгеге 274 азамат несие алғанын, бұл жоба бойынша қазір қосымша 1 млрд теңге бөлінгенін айтты. Палата жанындағы Кәсіпкерлердің құқы­ғын қорғау және сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Болат Нұрқожаев осындай қиын­дық өзге де кәсіпкерлердің басында болуы мүмкін екенін алға тартып, салық органдарының өкілдерінен хабарлама жіберілген кәсіп­керлердің тізімін беруді сұрады.

Отырыстың қорытындысымен атал­ған мәселенің алдын алу мақсатында мемлекеттік кірістер органы өкілдерінен қала, аудандағы кәсіпкерлер арасында түсіндірме жүргізу ұсынылды.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: