Бейсенбі, 28 наурыз, 18:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

СЕРТІНЕ БЕРІК СЕРІКБОЛ

05.09.2022

1148 0

«Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,

Біздің елдің жігіттері – ұлы мұхит кемесі.

Осы жұрттан бақ пен Қызыр қашпаса екен деп тілеп,

Осал жерін түзеп жүрген біздің елдің шегесі».

Бұл – халқымыздың арда ақыны Есенқұл Жақыпбектің қазақ жігіттерінің қадір-қасиетін жеріне жеткізіп жырлаған өлеңі. Бір ғана өлең арқылы алаш баласының өр рухты, арыстан жүректі, жолбарыс білекті болатынын, туған халқының жарқын болашағы үшін жанын сала еңбектенетінін көрсете білді. Бір сөзбен айтқанда, қазақ баласы өмірін бәйгеге тіксе де өзгелерді құтқаруға дайын тұрады. Біздің кейіпкеріміз  Төребек Серікбол Сапарбекұлы да қызыл жалынға оранып, өртеніп жатқан үйдегі бүтін бір отбасын құтқарып қалған бүгінгінің батыры.

Өткен аптаның жұмадан сенбіге қараған түні, яғни 3 қыркүйекте сағат 2-лердің шамасында Қызылорда қаласындағы Саяхат мөлтек ауданында орналасқан тұрғын үй өртенген. Үй ішінде 5 жан болған. Отағасы Бағдат Қалмановтың айтуынша, өзімен қоса әйелі мен 3 баласы бар екен. Барлығы шырт ұйқыда жатса керек. Оларды сол маңнан өтіп бара жатқан, түнделетіп такси жүргізушісі болып жүрген Серікбол Сапарбекұлы құтқарған. 

– Сол маңға адам апарған едім. Күйіктің исі шығып тұрды. Айналаны бағдарлап қарасам, шағын үйдің төбесі өртеніп жатыр екен. Дереу көлігімнен түстім де есік-терезесін ұрдым. Үйді айналып, айқайлап жүрмін. Дыбыс беретін, оянатын түрлері жоқ. Ұялы телефонымның жарығын жағып, терезеден қарағанымда үйде адамдар жатыр екен. Енді кешігуге болмайтынын түсіндім. Бірден 101-ге қоңырау шалып, өрт болып жатқанын, үйдің ішінде адамдар бар екенін, шатыры қызыл жалынға оранғанын мәлім еттім. Мекен жайын айттым да өрт сөндірушілерден терезені сындыруға рұқсат алдым. Терезені сындырған кезде барып үй ішіндегілер ояна бастады. Дереу есікке барып, жұлқылап, қаттырақ тартқылай бастадым. Бұл кезде үй ішіндегілер есікке қарай кеп қалған еді. Құдайдың кереметін қарасаңшы, сол кезде есік те ашылды. Шамасы, ілгегі жұлынып кетті-ау, деймін. Өртенген үйдегілер сыртқа қарай шықты, – дейді Серікбол.

Бүтін бір отбасын тілсіз жаудан құтқарған Серікбол Қызылорда қаласының тұрғыны.  Ол 1997 жылдың 10 қаңтарында өмірге келген. Әкесі Сапарбек Оспанов қаржылық бақылау инспекциясында еңбек етсе, анасы Оразкүл Әбиева психодиспансерде жұмыс істейді. Серікбол үйдің кенжесі екен. Алдында әпкесі мен ағасы бар. Қызылорда қаласындағы М.Ықсанов атындағы құрылыс және бизнес колледжінен телекоммуникация мамандығы бойынша білім алаған. Серікбол бұған дейін Қызылорда қаласындағы 66597 әскери бөлімінде барлаушы болып еңбек еткен. Өзінің айтуынша,  денсаулығына байланысты ол жұмыстан шығып кеткен. Серікбол әскери қызметте жүргенде өз-өзіне басына күн туған жандарға көмектесуге серт бергенін айтты. Бір отбасын өрттен құтқарған ісін ерлік деп санамайтынын, өзінің орнындағы кез келген адам солай жасайтынын айтты.

Ал, айдың күнннің аманында үйі өртеніп, шаңырағы ортасына түскен Бағдат болса Серікболдай құтқарушысына және басқа да қолұшын беріп жатқан жандарға алғысын жаудыруда.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: