Жексенбі, 30 маусым, 19:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№51-2061
29.06.2024
PDF мұрағаты

Жаңа әуежайдың жаңа мүмкіндігі

14.05.2024

319 0


Әуе қатынасы – облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне тікелей әсер ететін негізгі саланың бірі. Сыр өңірінде «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының құрылысы аяқталып, ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласы аумағындағы бірқатар нысанды аралап, жұмыс барысымен танысты.
Ең алдымен «Болат Өтемұратов қорының» қолдауымен салынған «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалына барды. Халықаралық талаптарға сай келетін жаңа терминалда ішкі және халықаралық рейстерге, транзиттік жолаушыларға арналған залдар, зал, жүкті автоматты түрде беру жүйесі, «Duty Free» аймағы, сауда нүктелері, медпункт, кафе, ғибадат ету, жүк сақтау, ана мен бала бөлмелері бар. Екі қабатты ғимараттың сыйымдылығы – 250 адам, төлқұжат бақылайтын 10 кабина қызмет етеді.
Нысан таяуда ел игілігіне табысталмақ. Жобаға бағытталған 20 млрд теңгенің 15 млрд 700 млн теңгесі Болат Өтемұратов қорынан бөлінген. Жергілікті бюджеттің 4 млрд 300 млн теңге қаржысы инфрақұрылымды дамытуға, абаттандыруға, яғни жылу, су, электр, телефон және кәріз желілерін, автожол жүргізуге жұмсалды.
Сонымен қатар әуежай және оған іргелес аумақ абаттандырылуда. Осы аумаққа 615 шаршы метр гранит жабыны, 16,2 шаршы метр асфальт, 4038 шаршы метр кеспе тас және 3630 шаршы метр қиыршық тас төселетін болады. «Қызылорда қаласындағы әуежайдың іргелес аумағын абаттандыру құрылысы» жобасына 634 050 млн теңге бөлініп, 4 жолақты, ұзындығы 480 метр, әр жолақтың ені 3,5 метр болатын жол салынуда. Аталған жобаларды жүзеге асыруға жарияланған мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпаздары «Сәт-Сервис» пен «Иман» ЖШС құрылысқа жоғары сапалы материалдарды пайдалануда.
Нысанды аралау қорытындысында облыс әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырма жүктеп, алдағы міндеттерді айқындады.
– Бүгінде Президентіміздің, Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймағымызда нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Халық игілігіне арналған жаңа ғимараттар бой көтерді. Ең бастысы, құрылысты сапалы етіп салып, уақытылы аяқтау қажет, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жаңа терминалдың ашылуын күтіп жүрген тұрғандар көп. Соның бірі – әуежай қызметін жиі тұтынушы қала тұрғыны Айбол Ахметов.
– Өзім басқа облыстарға жиі іс сапарға шығамын. Сондай сәтте уақытты үнемдеу үшін ұшақпен барғанды қалаймын. Енді жаңа әуежай іске қосылғанын күтіп жүрміз. Өйткені халықаралық рейстерге мүмкіндік бар. Ал осыған дейін шетелге шығу үшін Алматы, Астана әуежайлары арқылы ұшатынбыз, – дейді қала тұрғыны.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: