Жексенбі, 30 маусым, 19:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№51-2061
29.06.2024
PDF мұрағаты

Мәтінбек пен Аққағаз:
жасанды интеллект – жаңа дәуірдің медиа жаршысы

29.06.2024

317 0

Бүгінде жасанды интеллект әр салада қолданыла бастады. Бір қызығы, ЖИ десе, көпшілікте сенімнен гөрі үрей басым. Еңбек нарығында жасанды интеллект адамның орнын алмастыра ма деген сұрақ жиі қойылады. Біз жаңа технологияны игермесек, осы осы мазмұндағы сұрақ көбейе беретіні шындық. Жасанды интеллект күнделікті тапсырмаларды жеңілдетуден бастап, күрделі ғылыми мәселелерді шешуге дейін өмірдің көптеген саласын өзгерту үшін орасан зор әлеуетке ие екені анық. Жасанды интеллект саласындағы алғашқы қадам ғалымдар машиналық оқыту мен нейрондық желілердің мүмкіндіктерін зерттей бастаған кезде ХХ ғасырдың ортасында жасалды. Бұл алғашқы зерттеулер бүгінгі таңда медицинадан бастап, қаржы саласына дейін әртүрлі салаларда қолданылатын заманауи технологияның дамуына негіз болды. Дегенмен технологиялық прогреске қарамастан, қоғам жасанды интеллектіні күнделікті өмірге енгізудің салдарын әлі де талқылануда. Жасанды интеллект туралы түсінік адамдардың көзқарасына тәуелді екенін атап өткен жөн. Уақыт өте келе, адамдар жасанды интеллект және оның қолдану аясы туралы терең біле бастаған соң, қорқыныш пен күмән сейіліп, оң көзқарас қалыптасты. Бүгінде жасанды интеллект өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып, бұрын көп уақытты талап ететін, әрі күрделі техникалық және ақпараттық мәселелерді шешуге көмектесе бастады. Медицинадан білімге дейінгі салаларда жасанды интеллект күрделі мәселелерді адамдарға қарағанда тезірек және тиімді шешуге көмектесу арқылы айтарлықтай үлес қосуда.
Медиа саласында жасанды интеллектіні пайдалану

Заманауи медиа индустрияда жасанды интеллект технологияларын енгізу «болашақ құбылысы» ғана емес, қазірден өзекті болып отырған шындық. Жасанды интеллект БАҚ-та ақпаратты жинау мен мазмұнды генерациялаудан бастап жаңалықтарды таратуға дейін кеңінен қолданылады. «Қазірдің өзінде ЖИ жүйелері медиа нарықта оң көзқарасқа ие болып, басқа да ақпарат құралдарымен бәсекеге түсе бастады», – дейді «Reuters» институтының сарапшылары. Осыны ескеріп, жасанды интеллектіні жұмыс барысына енгізетін бұқаралық ақпарат құралдары жақын арада медиа нарық көшбасшысы болу ықтималдығы жоғары дейді сарапшылар.
Жасанды интеллект жаңалықтарды жинауға, талдауға және таратуға көмектесетін заманауи журналистикада маңызды рөл атқарады. Жасанды интеллект үлкен көлемдегі деректерді талдау үшін пайдаланылады, бұл журналистерге дәстүрлі зерттеу әдістері арқылы анық болмауы мүмкін ақпаратты жылдам табуға мүмкіндік береді. Мысалы, жасанды интеллект трендтегі тақырыптар мен жаңалықтарды анықтау үшін әлеуметтік медианы және басқа деректерді талдай алады.
Журналистикада жасанды интеллектіні қолдануды бірнеше түрге бөлуге болады:
Ақпарат жазу. Нейрондық желілер деректер мен дереккөздерге негізделген ақпаратты автоматты түрде мақала жазу үшін қолданылады. Бұл журналистерге жаңалықты дер кезінде жариялауға, ал оқырмандарға дәл уақытында қажетті ақпаратты беруге мүмкіндік береді.
Деректерді іздеу және талдау. Жасанды интеллект журналистерге түрлі ақпарат көзінен деректерді жинауға және талдауға көмектеседі. Бұл трендтерді анықтауға, терең аналитикалық қорытындылар жасауға негіз болады.
Сұранысқа жауап беру. Жасанды интеллект алгоритмдері оқырманның қалауына сай қызықты жаңалықтар мен мақалаларды ұсына алады.
Ақпаратты тексеру. Нейрондық желілер ақпараттың дұрыстығын және факт-чекингті тексеруге қабілетті, бұл жалған ақпаратпен күресуге көмектеседі. Жаңалықтың нақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Фактілерді тексеруде жасанды интеллект қатені жылдам анықтау үшін үлкен дерекқорлар мен тарихи жазбаларды салыстыру арқылы жақсы көмектеседі. Бұл ақпараттың дәлдігі мен сенімділігін арттырып, фейк ақпараттарды болдырмауға ықпал етеді.
Жұмыс барысын автоматтандыру. Журналистикада нейрондық желілерді пайдалану деректер жинау, мақала жазу, мәтіннің бірегейлігін тексеру сияқты көптеген тапсырманы автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жасанды интеллект оқырмандардың қалауы мен желідегі мінез-құлқын талдау арқылы талғамға сай ақпарат беруге, медиа платформаларға неғұрлым өзекті және қызықты ақпарат ұсынуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, жасанды интеллект аудио және бейнедегі ақпаратты түрлендіріп, мәтінге айналдыру сияқты күнделікті тапсырмаларды автоматтандыруға көмектеседі, бұл журналистердің тез әрі тиімді жұмыс істеуде уақытын үнемдейді. Сонымен бірге жасанды интеллект ақпаратты жалпы жұртшылық үшін тиімді және түсінікті ететін күрделі графиктер мен инфографиканы жасау арқылы деректерді визуализациялауға көмектеседі. Бұл деректерді көрнекі түрде көрсету мен түсінуді айтарлықтай жеңілдететін экономикалық, ғылыми және техникалық тақырыптар үшін өте маңызды.

Жасанды интеллект және
жаһандық тәжірибе

Heliograf (The Washington Post) – жасанды интеллект негізіндегі болашағы бар құрал. 2016 жылы «The Washington Post» спорттық шараларды көрсету үшін Heliograf ботын енгізді, көп ұзамай ботқа АҚШ сайлау күнінің барысы туралы жедел ақпараттандыру тапсырылды. Бот 500-ден астам қысқа хабарлама жазу арқылы журналистерден бірнеше есе жылдам ақпарат беріп отырды. Бот – бұл белгілі бір алгоритм бойынша кез келген әрекеттерді орындауға қабілетті бағдарлама. Алғашқы жылы Heliograf 850-ге жуық ақпарат таратып, оның 500-і сайлауға арналған. Ол нақты уақыт режимінде жағдайдың өзгеруін бақылап, ақпаратты өңдеу арқылы журналистерге аналитикалық дағдыларды қажет ететін маңызды ақпаратты талдауға мүмкіндік берді. Компанияның жетекші инженері Сэм Хан келесі қадам тақырыптар тізімін кеңейту және аналитикалық мүмкіндіктерді енгізу деп санайды. Алғашқы жылы бот 500 мыңнан астам оқырман тартты.
RADAR (Reporters And Data And Robots, Press Association ақпараттық агенттігі) Google қаржыландыратын жоба. Жасанды интеллект және тіл дағдыларын меңгеріп, сын есімдермен, метафоралармен және салыстыру арқылы күрделі сөйлем құра алатын жүйе. Жасанды интеллект ашық дереккөздерден ақпарат іздеп, оларды қайта жазып, аймақтық ақпарат агенттіктері мен газеттерге береді. Роботтар Ұлыбритания мен Ирландиядағы БАҚ үшін айына шамамен 30 000 жаңалық жаза алады деп жоспарлануда. Бұл жоба бюджеті төмен аймақтық басылымдар үшін пайдалы болуы мүмкін. Google бұл жүйені дамытуға қазірдің өзінде 807 000 доллар қаржы жұмсаған.
Soccerbot – (Оңтүстік Кореяның Yonhap жаңалықтар басылымы) 2017 жылдың 14 тамызында жұртшылыққа ұсынылған «ақылды» спорт журналистикасының тағы бір өкілі, жылнамалық бот. Тұсаукесер кезінде бот футбол матчтарының нәтижелері туралы 380 ақпарат жазып, ойын аяқталғаннан кейін 1-2 секундтта жариялады. Бағдарламаның алгоритмі келесідей: бот көрсетілген бес ақпараттық көзден түсетін ақпаратты жинайды және салыстырады, мәтінін жазады, грамматиканы, өзін-өзі бақылай алады.
News Tracer (Reuters) – Рейтерстің деректер және инновациялар бөлімінің бас редакторы Рег Чуа ұсынған. Алгоритм Twitter әлеуметтік желісіндегі жаңалықтарды анықтау үшін қолданылады, сонымен қатар жалған ақпаратты сүзуге қабілетті. 2014 жылдың соңынан бастап пайдалануда. Ақпарат дереккөзі ретінде Twitter таңдалды, себебі жаңалықтардың 10-20 пайызы осы әлеуметтік желіден келеді. Жүйе нақты уақытта Twitter-де жарияланған барлық жазбаларды талдайды. Осылайша, күн сайын 500 миллион ақпаратты тексереді. Жұмыс алгоритмі келесідей: біріншіден, жарнама мен спам жойылады, содан кейін ақпараттар бизнес, саясат, спорт тақырыптары бойынша бөлініп, зерттеледі, содан кейін ақпаратты талдап және әрбір тақырыптың қысқаша сипаттамасын құрастырады.

ЖИ аватарларын пайдалану

Жасанды интеллект аватарлары немесе виртуалды жүргізушілер заманауи медиа әлемдегі жаңа трендке айналуда. Шынайы виртуалды кейіпкерлерді жасау үшін машиналық оқытуды және тілді өңдеуді пайдаланатын бағдарламалық құрал. Аватарлар жаңалықтар бағдарламасын жүргізіп, қонақтармен сұхбат жүргізе алады, тіпті аудиториямен араласа алады. Олардың артықшылығы тәулік бойы шаршамай жұмыс істеу, сондай-ақ жаңалықтарға тез бейімделу қабілеті бар.
Жасанды интеллектіні бұқаралық ақпарат құралдарында қолдану журналистикаға жаңа мүмкіндіктер береді. Виртуалды жүргізушілер күнделікті оқиғаларға дереу жауап беру немесе тәулік бойы хабар тарату қажет болған жағдайларда пайдалы болуы мүмкін. Бұған қоса, олар көрерменнің немесе тыңдаушының талғамына сай қызмет көрсете алады.
Бірден бір мысал, Odisha TV Үндістандағы Лиза атты алғашқы аймақтық жасанды интеллект жаңалықтар жүргізушісін іске қосты. Оның бірнеше тілде, соның ішінде үнді диалекті одия және ағылшын тілдерінде сөйлейтін ерекше қабілеті бар. Лизаның пайда болуы Үндістандағы медиа саласын жаңа леп әкелумен қатар, журналистикадағы революциялық сәтті білдіреді. Лиза Үндістандағы алғашқы ЖИ жүргізушісі емес, оның алдында Сана (Сона) болған. Ол 2023 жылдың наурыз айында India Today арнасында пайда болды.
Қытайда 2018 жылы China Xinhua News мемлекеттік телеарнасында әлемдегі алғашқы виртуалды жаңалықтар жүргізушісі іске қосылды. Оны Sogou терең оқыту технологиясы негізінде жасаған. Ан Цзы есімді жасанды интеллект жүргізушісі адамның сөйлеуіне, қимылына еліктей алады.
Ал 2021 жылы Қытайда CCTV және Bailey ымдау тілінде сөйлесетін жүргізушіні шығарды. Кувейт өзінің виртуалды жаңалықтар жүргізушісін енгізді. Оның аты Федха, ол арабша сөйлейді. ЖИ жүргізушілері Тайваньда, Индонезияда және Малайзияда бір уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында пайда болды.

Қазақ журналистикасындағы жаңалық

Қазақстанда ЖИ аватарларын қалай қолданылатыны туралы бізде әлі көп мысал жоқ. Санаулылардың бірі – «Atameken buisness» арнасындағы i-Sanj және i-Sana есімді жасанды интеллект жүргізушілері. 2023 жылы 7 наурызда қосылған ЖИ тілшілері көрерменге ақпарат ұсынып келеді.

Мәтінбек пен Аққағаз

Өңірімізде жасанды интеллект арқылы әзірленген цифрлық жаңалықтар аватарын жасауда алғашқылардың бірі болдық. Мәтінбек есімді ЖИ тілшісі, одан кейін Аққағазды эфирге шығару үлкен еңбекті қажет етті. Мен осы кейіпкерлердің авторы болғанымды мақтан тұтамын. Олар коммерциялық мақсатта емес, аймақ жаңалықтарын жариялау үшін құрылған. Олардың түрлерін қазаққа ұқсату үшін ізденуге, зерттеулер жасауға тура келді. Мұнан соң үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеп, оларды түсінікті және қызықты жаңалықтарға айналдыра алатын қолайлы жасанды интеллект таңдалды. Мәтінбек пен Аққағаздың дизайны тартымды болуы және көрермендердің қызығушылығын ояту үшін бейнелерге мұқият қарадық. Олардың сыртқы келбетін, киімін, қимылына мән беріп жасалды. Аватарлардың дауысы анық болуы және жаңалықтарды оқу барысында дауыс ырғағының бейімделгеніне көз жеткізу үшін көптеген сынақтан өтті. Бұл ұзақ және қиын процесс болды, бірақ нәтиже күткеннен де жақсы шықты. Мәтінбек көрермендер арасында тез танымал болып, жаңалықтарды беруде ерекше стилі жаңа аудитория тартып, аймақ жаңалықтарына қызығушылықты арттырды.
Айта кетейік, Мәтінбек пен Аққағаз жай ғана аватарлар емес – олар жасанды интеллект технологиялары басты рөл атқаратын журналистикадағы жаңа дәуірді бейнелейді. Оларды дамыту тек техникалық білімді ғана емес, сонымен қатар шығармашылық көзқарасты қажет етті. Мысалы, аватарлардың аудиториямен өзара әрекеттесуі үшін жаңалықтардың эмоционалдық реңкін көрсетуге мүмкіндік беретін түрлі жүйелер зерттелді.
Болашақта Мәтінбек пен Аққағаздың мүмкіндігін әлі де дамыту, атап айтқанда, аудиториямен интерактивті диалогтар жүргізу мүмкіндігін жасау үшін ізденіс жұмыстары жалғасуда.
Мәтінбек пен Аққағаз – жасанды интеллект пен адам шығармашылығы тоғысқан, ақпараттық кеңістікке жаңа леп әкелген медиадағы жаңа дәуірдің жаршысы деуге де болады.

София Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: