Сәрсенбі, 16 қазан, 17:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82-2092
15.10.2024
PDF мұрағаты

«Аламан құрақ» жобасына үлес қосқан шебер

08.10.2024

742 0

Осыдан бір ай бұрын Астанада дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Қазақстанның әр өңірінен жиналған шеберлер алып құрақ көрпе тігіп, әлем рекордын жаңартқан болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінен 450-ден астам шебер келіп қатысты. Осылайша олар жер-жаһанды жаңғыртқан жобада рекордтар кітабына енетін әлемдік рекорд орнатты. Міне, солардың ішінде жерлесіміз, қолөнер шебері Күлсін Арзымбетова да бар.

Кейіпкеріміз «Аламан құрақ» жобасына қатысып, «КИНЭС» Қазақстан рекордтар кітабының сертификатымен марапатталды. «Аламан құрақ» жобасына қатысқан шебер туралы жазудың сәті түсті.

Кейіпкеріміз жайлы айта кетсек…

1968 жылдың қысында көпбалалы отбасы Камарадин Арзымбетов пен Балапан Жұмабайқызының шаңырағында қыз бала дүниеге келеді. Ол ерекше бала болды. Есімін молда болған атасы Үмбкүлсін деп қояды. Азан шақырып қойған есім адам өміріне әсер етеді емес пе… Осы күні көпшілік оны Күлсін деп атап кеткен соң ба, айналасына тек күлкі сыйлап жүреді.

Өмірде әртүрлі сынақ болады. Біздің кейіпкеріміз де туабітті жүру мүмкіндігінен айырылған. Ол да айналасына қарап, жер басып жүргісі келді. Бірақ оған еш мүмкіндік болмады. Күлсін апайымыз тағдырына мойынсұнды.

Әңгіме барысында кейіпкеріміз: «мүмкіндігі шектеулі жандар екіге бөлінеді. Туабітті және кейіннен болған дерт. Мен туысымен осы дертпен келемін», – деді жанары жасқа тола… Мына пұшайман тірлік кешіп жүргенде жанына барып «шуақ нұрын сыйлаймын» деп ойлайсыз. «Адам өмірде аңсаған армандарына неге жете алмайды екен?» деп тағы ой кешесіз. Сөйтесіз де, қанатымен су сепкен қарлығаштай бола алмадым-ау деп өкінесіз. Өйткені сіздің көз алдыңызда сол бір жанның мұңды жанары қадала, бір жақсылық күтетіндей қарайды. Иә, мен де дәл сол кезде сондай сезімде болдым…

Бірақ ол мен үшін мүмкіндігі шектеулі емес, мықты жан. Неге десеңіз, он екі мүшесі сау, аяқ-қолы балғадай кейбіреулер өмірдің болмашы сынағынан сүрініп, баз кешіп жатады. Ал тек мықтылар ғана тағдырдың тартуына тура қарап, бас имейді, кездескен түрлі кедергіні жеңуге тырысады. Күлімдеп отырып күреседі. Міне, Күлсін апамыздың да мықтылығы осында.

«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» деген дана шайырлар. Менің кейіпкерім жақсылар қатарынан. Жаны нәзік бола тұра ауыр мұң кешсе де жауға берілмеген Әлия мен Мәншүктей қайсар мінезді Күлсін Арзымбетова да туабітті белгісіз дертпен өмір бойы күресіп келеді. Бүгінде оның алға қойған айқын мақсаты бар.

– «Жығылғанға жұдырық» дегендей, 7 сынып оқып жүрген кезімде қатты тұмауратып, соның салдарынан құлағым естімей қалды. Онсыз да дүдәмал күйде жүрген мен үшін бұл да оңайға соқпады, – деп кейіпкеріміз өткенге сәл шолу жасады. Дегенмен бізге Күлсін апайымызбен әңгімелесу еш қиынға соқпады. Тек оған қарама-қарсы отырып, ақырын ғана сөйлессеңіз болғаны. Ол еріннің қозғалысы арқылы екінші адамның не айтып отырғанын біле қояды.

«Көрмеден көп нәрсе үйреніп келдім»

Бұл – кейіпкеріміздің сөзі. Елордада өткен көрмеден олжалы қайтқан жерлесіміз әңгіме арасында әсерімен де бөлісе кетті.

– Бұл жобаға біз жылдың басынан бастап дайындала бастадық. Қолөнершілерге ұсыныс келді. Бір айта кете­тіні, әр өңірден келген шебер иелерінің ішінде арбада отыратыны мен ғана екен. Осы күйіме қарамастан көрпе тігуге кірісіп кеттім.

Кілем тәріздес жайылған 450 көрпенің жалпы көлемі 11200 шаршы метрді құрады. Ені – 16 қатар, ал ұзын­дығы 252 метр, 28 қатар болды. Көрпе тігу бары­сында «Гауһартас», «Аламан», «Сынық мүйіз» құрақ техникалары және төртқұлақ қошқар мүйіз, өсімдік ою­лары қолданылды. Жан-жақтан жиналған шебер иеле­рімен танысып, біраз нәрсе үйрендік. Жалпы керемет ұйым­дастырылған жобаға қатысқаныма қуанамын. Алдағы уақыт­та да тек бұл жетістікпен тоқтап қалмаймын. Бұл да қол­өнер саласындағы бір белесім деп білемін, – деді Күлсін апайымыз.

Расында да кейіпкеріміз қолөнерге өте жақын. Бос уақытын текке өткізгісі келмейді. Бастапқыда ол тоқыма тоқумен айналысты. Біле білген адамға тоқыма терапиясы оң әсерін тигізеді.

– Тоқыма ми жұмысын жақсартатынына өз басым көзім жеткен. Себебі тоқыма тоқу – шығармашылық жұмыс болғандықтан, артық ойдан арылып, көңілің бөлі­неді. Тоқудың тәсілін ойлап, соның ішіне қалай еніп кет­кеніңді де байқамай қаласың. Жан-жағыңды ұмытасың. Бар назарыңды соған аударып, жаның тынышталады, – дей­ді тағдыр сынағына мойы­маған қолөнерші бізбен әңгімесінде.

Оның айтуынша, тоқыма тоқуға айтарлықтай ше­берліктің, қанмен келер ісмерлік қабілеттің де қажеті шамалы. Тек адамда үйренуге деген ынта мен төзімділік, шыдамдылық қасиет болса, жетіп жатыр. Өйткені кейіпкеріміз де өз бетінше іс тігіп, содан қуат алып, кәсібін жүргізіп отырған талапты жанның бірі.

Ол қол қусырып отыруды жаны сүймейді. Ел қатарлы еңбек етуді ойлайды. Тоқымадан соң тігіншілікті үйренгісі келген Күлсін апайымыз Үржамал Дүйсеналиеваның үйірмесіне қатысуды жөн  санайды.

– Ең алғаш үйірмеге келіп, керекті заттарды түгендеуден бастағаным есімде. «Даму» қоры тігін машинасын берді. Бірақ қалай пайдалану керектігін білмеймін. Ине, жіп, мата ешқайсысы түгел емес. Оның үстіне үйдегі қайшым да өтпейді екен. Кейіннен бәрін реттедік, – деп кейіпкеріміз бір күліп алды. Қызықты басталған кәсіп бүгінде жалғасын табуда. Осы күні ұзатылатын қыз жасауына қажетті көрпеше, жастықтарды қазақы оюмен келістіре отырып, одан соң тойға тартуларды, балалар ойыншықтарын тігеді. Бір байқағанымыз, ол жылдам қимылдайды. Сүйікті ісіне әбден машықтанып алған. Түрлі көрмелерге, қолөнершілер жиынына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Күлсін шебердің тұрақты тұтынушылары баршылық. Бағасы да қонымды.

Күлсін апайымыздың тынымсыз бұл тірлігі он екі мүшесі сау бола тұра екі қолға бір күрек таппай сенделген кейбір жандар үшін үлкен өнеге болары сөзсіз…

Жақсы адамның үйі қашанда жарық

Осыдан бірнеше жыл бұрын кейіпкеріміз мем­лекет қолдауымен баспаналы болды. Жақсы адамның үйі жылы, жарық, жинақы екені көзге түсті. Сондай-ақ бөлме гүлдерін өсіргенді ұнатады екен. Үйдің аурасы өзі секілді жайлы сезілді. Әрбір нәзік жандар секілді тазалықты, әдемілікті жаны сүйетінін байқадық.

Бір кезде ас бөлмеге кірді. Қазақ қонақжай халық емес пе… Әңгіме арасында арбасымен жүріп, шайін қойып, дәмді асын пісіріп үлгерді. Құдайдың құдіретін қараңызшы, екі аяқтан қалса да, шапшаң қимылдайды. Жоғарыда тұрған ыдысты таяқпен іліп алып, күндегі тірлікке қалыптасып үйренген. Тіпті менің көмегімді де керек етпеді.

– Көңіліңе рақмет. Сен қонақсың, отыра бер. Алла берген өмірде адам маңдайына жазғанын көреді. Соны қабылдап үйрену керек. Соған қарай бейімделу қажет деп ойлаймын. Қолымнан ешнәрсе келмейді, жүре алмаймын деген болмайды. Талпыну қажет, – дейді дастархан басында.

Негізі Жаратқан «мұсылманның душар болған ауру, шаршау, дерт, қайғы, тіпті уайымдаған уайымы арқылы кейбір күнәларын кешіреді» дейді. Бұған қоса душар болған  ауруы мен өмірде кездесетін түрлі қиыншылыққа сабыр ете білген адамның бір сағаттық ғибадатына, тіпті бір минуты бір күндігіне тең болады екен. Осылайша қысқа ғана өмірдің берекесі тасып, ғұмыры ұзара түседі. Әрі сабыр ету арқылы өзге жандардың түні бойы намаз оқып ала алмаған сауабына кенеледі. Демек, сынаққа сүрінбей, тек жақсыны ойлаған біздің ақ жүрек кейіпкеріміз мол сауапқа кенелсінші дегіміз келеді.

Бүгінгі Күлсін Арзымбетова қандай?

Ол жалғыз емес. Оның жанынан әркез қамқор бауырлары, тілеулес достары табылады. Сонымен қатар қызы, бес немересі бар бақытты ана, әже болып отырған жайы бар. Сондай-ақ тоқыма, тігін секілді күнделікті айналысатын сүйікті ісі мен шеберді іздеп тұратын тұтынушылары да баршылық.

Күлсін апайымыздың айтуынша, бұл шағын ауданда көбіне қоғамның әлсіз топтары тұрады екен. Ал біз керісінше мұнда біздің кейіпкеріміз секілді өмірге құштар жандар тұрады деп айтар едік…

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: