Сенбі, 19 қазан, 21:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№83-2093
19.10.2024
PDF мұрағаты

Экономикалық өсім: Мұнайға тәуелділік азайып келеді

19.10.2024

228 0

Сурет:Ortalyq Qazaqstan

Экономиканы әртараптандыру –
уақыт талабы. Мұнайға тәуелділікті азайтып, өңдеу өнеркәсібін дамыту әлі де өзекті мәселенің бірі. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің артқаны және мұнайға тәуелділік азайғаны байқалады.

Апта басында өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрлігінің ақпараты көңіл қуантады. Биылғы 9 айда ЖІӨ өсімі 4%-ға жетті. Бұл көрсеткіш негізінен ауыл шаруашылығы (+11,4%), құрылыс (+10,1%) және сауда (+6,3%), өңдеу өнеркәсібі (+4,8%) салаларындағы оң серпінді байқатады. Бір атап айтарлығы, осы 9 айда мұнай өндіру көлемі төмендеп кеткен. Жалпы ішкі өнімнің өсуінің 65%-ы сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы есебінен қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 0,6%-ға өсті. Инвестицияның ең жоғары өсімі шикізаттық емес салаларда байқалған. Бұл тұрғыда инвестиция көлемі байланыс саласында 81,7%-ға, білім беруде – 79,3%-ға, көлікте – 31,1%ға, өңдеу өнеркәсібінде – 6,3%-ға, денсаулық сақтауда – 4,8%-ға артты. «Биылғы қаңтар-тамыз айларында сыртқы сауда айналымы 91,7 млрд АҚШ долларын құрады. Экспорт 53,5 млрд Ақш долларына, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты 17,8 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 38,1 млрд АҚШ долларын құраған. Сонымен қатар оң сауда балансы 34,8%-ға өсіп, 15,4 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайған. Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқыны сақталуда. Өндіріс көлемі 4,8%-ға артқан.

Премьер-министр Олжас Бектенов мұнайдан тыс секторлардың есебінен экономиканың өсуі Мемлекет басшысы қойған міндеттерге сәйкес экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыс нәтижесі екенін атап өтті.
Бұл мақсатта жүйелі жұмыс жүргізуде өңірлер арасында Қызылорда облысы көш бастап тұр.
Үкімет отырысында айтылғандай өсімнің жоғары көрсеткіші Мемлекет басшысының тұрғын үй құрылысы, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы, сондай-ақ инженерлік желілерді модернизациялау бойынша төрт ауқымды бастамасын іске асырудың арқасында қамтамасыз етілген.
– Оң серпін 18 өңірде тіркелді, бұл ретте құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Қызылорда, Жетісу, Қарағанды, Түркістан және Абай облыстарында байқалады, – деп атап өтті премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Алдағы міндет қандай?

Инфляция деңгейін бақылау мен төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау шеңберінде премьер-министр өңір әкімдеріне әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Қыркүйек айында инфляция 8,3%-ға дейін баяулады.
Басым міндеттердің бірі отандық тауар өндірушілерді қолдау және қазақстандық қамту үлесін арттыру болып қала бермек. Премьер-министр өсу әлеуеті жоғары шағын және орта кәсіпорындарды қолдау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар өнеркәсіп, қаржы, ұлттық экономика министрліктері «Атамекен» палатасымен бірлесіп, отандық тауарларды қолданудың тиімді мониторингін қамтамасыз етуі қажет.
Қаражатты игеру бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне қаржылық тәртіпті күшейту тапсырылды.
– Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар осы жылдың соңына дейін барлық ресурстарды экономиканың сапалы өсуіне жұмылдыруы керек. Қазіргі жағдайда бұл оңай шаруа емес. Сондықтан осы бағыттағы күш-жігерді еселей түсу қажет. Ол үшін министрліктер мен өңірлер үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі тиіс, – деп атап өтті премьер-министр.
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте бұл мәселелер жан-жақты талқыланды. Қызылорда облысы осы жылдың қаңтар-қыркүйек кезеңінде әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша республикада көш бастады. Аймақ басшысы жұмысқа әлі де қарқын қосуды тапсырып, алдағы міндеттерді айқындады.
– 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында барлық макроэкономикалық көрсеткіш бойынша өсім қалыптасты. Аудандар мен Қызылорда қаласында макрокөрсеткіштердің оң қарқыны қамтамасыз етілген.
Өңдеу өнеркәсібінде біздің өңір көшбасшы. Құрылыс саласында да барлық өңірлердің алдында тұрмыз. Осы көрсеткішті сақтап тұру бойынша жұмыстар атқарылуы тиіс. Тиісті орталық мемлекеттік органдармен жедел жұмыс жүргізіп, жоспарлы параметрлердің орындалуын қамтамасыз етіңіздер. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері бұл жұмыстан тыс қалмаңыздар. Жыл соңына дейін барлық макрокөрсеткіш бойынша өсімге қол жеткізу керек, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Гүлмира
ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: