Сейсенбі, 03 желтоқсан, 23:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96-2106
03.12.2024
PDF мұрағаты

«Қуақы» қайта келді

29.01.2022

1227 0

«Ақмешіт апталығы» газетінің негізі қаланған сонау 1994 жылы басылымда «Қуақы» атты сатиралық бет болған. Газеттің негізін қалаған тұңғыш редакторы Әділхан Бәймен «Ақмешіт апталығының» тізгінін ұстаған тұста бұл бетті Дүйсенбек Аяшұлы, Қазыбек Әшірбек, Нұрлан Көбегенұлы сынды елге белгілі қаламгерлер жүргізді. Одан кейін де небір сатира саңлақтарының туындылары «Қуақы» арқылы оқырманға жол тартты.

Ел ішінде «аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары бар» деген сөз бар. Бұл сөздің астарына үңіле білген жан әзілмен күлдіріп-ақ талай ащы шындықты көпке жеткізуге болатынын ұғынады.

«Ақмешіт апталығының» тарихына зер салсақ, «Қуақының» газетке берілмегеніне он жылдан асыпты. Біз бүгін осы бетті қайта жандандырып, оқырманға ұсынып отырмыз. Енді айына екі рет әзіл-шыны аралас сатиралық туындыларды топтастырып, «Қуақы» бетін әзірлейтін боламыз.

СЫРБАЙДАН ҚАЛҒАН СЫРЛЫ СӨЗ

Сырбай Мәуленовтің ақындығы мен азаматтығын, кісілік келбеті мен тұлғалық тұрпатын көпшілік жақсы біледі. Майдангер ақынның ел жадында сақталған қағытпа әңгімелері де аз емес. Сырбайдай тұлғаның айтқандарын жинақтап, жазып жүрген қаламгерлер де бар. Біз бүгін «Сырбай айтты» деген ел аузындағы әңгімелер мен Ақселеу Сейдімбек, Ғаббас Қабышұлы сынды қаламгерлердің, Болат Омарәлиевтей фототілшінің жазғандарын негізге алып, Сырбай ақынның сырлы сөздерін қайта жаңғыртқанды жөн санадық.

«Қуақы» қайта келді

«ТУҒАН ТОПЫРАҚҚА АУНАЙЫН»

1970 жылы Мұхамеджан Қаратаев 60 жасқа толып, ғалымның мерейтойы Сыр бойында тойланады. Мерейтойға жиылған ақын-жазушылар Ахмет ишанның басына да барса керек. Ахмет Ишан бейітінің жанында бір топ қаламгерлердің ортасында келе жатқан Сырбай Мәуленов: «менің туған жерім осы жер, туған топыраққа аунайын», – деп жерге аунай бастапты. Дала төсінде балаша қуанған қаламгерге риза болған Асқар Тоқмағанбетов, Хамза Есенжанов, Мұхамеджан Қаратаев сынды ақын-жазушылар Сырбай Мәуленовті жабыла жерден көтеріп алған екен.

«АБАЙ МЕН ЖАМБЫЛ БАСҚАРҒАН МЕКЕМЕГЕ СЫРБАЙ СЫҒАЛАП ҚАЙТСА ДА ҚАНАҒАТ ҚОЙ»

Ертеректе Алматы маңындағы «Алатау» санаторийін Абай деген азамат басқарыпты. Қызық болғанда оның орынбасарының аты Жамбыл екен.

Күндердің бір күнінде сол санаторийге демалмақ оймен Сырбай Мәуленов барса, орын табылмапты. Сонда Сырбай ақын:

– Абай мен Жамбыл басқарған мекемеге Сырбай сығалап қайтса да қанағат қой! – деп ренжіңкіреп, есікке қарай беттесе керек.

Мұны естіген бастықтар Сырағаңнан кешірім сұрап, бір орын тауып берген екен.

«БҰЛ РЕДАКЦИЯНЫҢ БІЛІМІ КЕТІП, ЕҢБЕГІ ҒАНА ҚАЛҒАН БА?»

Желтоқсан оқиғасынан кейін Сырбай Мәуленов «Білім және еңбек» журналының редакциясына барыпты. Ақын бұл жерде тек машинисткалардың ғана сартылдатып материал басып отырғанын көріпті. Басқа есіктер жабық көрінеді. Сонда бұл журналдың бас редакторы, белгілі ғалым-жазушы Ақселеу Сейдімбековтің Желтоқсан оқиғасына байланысты жұмыстан босағанына бір айдай уақыт болыпты. Бұған Сырбай ақын іштей ренішті екен. Енді мына жағдайға кез болып, әр есікті бір тартып жүріп машинисткаларға келгенде: «Бұл редакцияның білімі кетіп, еңбегі ғана қалған ба?» – депті.

«АБЕКЕҢНЕН АЛА САЛМАЙСЫҢДАР МА?»

Ғаббас Қабышұлының «Қазақ әдебиетінде» жауапты хатшының орынбасары болып қызмет ететін кезі болса керек. Кейде бір мақалаға немесе арнаулы бір бетке, ішкі қос бетке лайықты ортақ тақырып не айдар таба алмай әбігерге түскенде Сырбай Мәуленов: «Абекеңнен ала салмайсыңдар ма? Өлеңдерінің әрбір тармағы – шапка, рубрика ғой», – дейді екен.

Мәуленовтің айтып тұрған Абекеңі – Абай. «Бір мағына аясындағы жоспарлы материалдарды берген бөлімге, бетке, қос бетке жанрына сай: «Толғауы тоқсан қызыл тіл», «Өлең – сөздің патшасы», «Еңбек етсең ерінбей…», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Орын таппай баптанба», т.б. ортақ тақырыпты, айдарды Сырағаның «нұсқауы» бойынша қойып жүрдік. «Е, мінеки! Айттым ғой!» – деп көңілдене кеңк-кеңк күлетін», – дейді Ғаббас Қабышұлы өз естеліктерінде.

ОСЫНША ШЕШЕНДЕР МЕН КӨСЕМДЕРДІ,

ҚАЛАЙША КӨТЕРІП ТҰР ЖЕРДІҢ ШАРЫ

Кеңес заманындағы жалаң ұранға, жылтырақ мақтауға толы газеттерді парақтап отырған Сырағаң басын шайқапты. Мұны байқаған жанындағылардың бірі:

– Сыраға, жайшылық па? – деп сұрайды.

Сонда, Сырағаң:

– Алдында бөгет жоғын көрді-дағы,

Бұл күнде білгіш болды елдің бәрі.

Осынша шешендер мен көсемдерді,

Қалайша көтеріп тұр жердің шары! – деген екен.

СОЛ «ШАРТРЕЗ» ДЕГЕНДІ

Жазушы Сейтжан Омаров өмірінде ішімдікке жоламаған, арақ-шарап атаулыға жаны қас кісі екен. Бір жиында қаламгер інілері асқазанға шипасы бар сусын деп «Шартрез» деген шарапты күштеп ішкізеді. Осыдан соң Сейтжан Омаров мас болғанын уландымға жорып, «баяғыда «Шартрез» ішіп өліп қала жаздадым» деп, әлгі оқиғаны әр жерде сөз етіп айтатын көрінеді. Содан Сырбай Мәуленов Сейтжан ақсақалға арнап:

«Шартрезді» ұрттады,

Ойлап шипа шарап деп

Сосын оны жұтпады,

Отырды ол қарап тек

Улады деп денемді,

Соқпады оған бір қайтіп,

Сол «Шартрез» дегенді,

Қырық жыл бойы жүрді айтып», – деп өлең шығарыпты.

«Қуақы» қайта келді

ЖИНАЛЫС

Фельетон

Бүгін сағат 11-де,

Төбебидің үйінде.

Болады деп жиналыс,

Жар салып жүр Шабарман,

Жұрттың бәрін жинағыш.

Келгендердің жүзінен,

Көрінбейді қиналыс.

Барлық басшы осында,

Төбебиді күтіп тұр.

Не айтар деп расында,

Ойларында күдік тұр.

11 болды бұл сағат,

Басталмады жиналыс.

Үнсіз отыр Шабарман,

Жұрттың бәрін жинағыш.

Бір кезде болды 12,

Шеккісі кеп темекі,

Шықпақ болып далаға,

Орнынан тұрды Дөрекі.

Ұйқыбас отыр маужырап,

Қорқақ отыр қалтырап.

Төбеби десе барлығы,

Болып кетер қалтырақ.

Шыдамай Ақбас сөйледі:

–Үнемі осы күй, – деді;

Барлық жұмыс қалды ғой,

Күтіп бізді үйдегі.

Оны Жақпас қолдады,

Айтар сөзін жолдады:

– Уақытылы шақырыңдар,

Бала емеспіз деп қолдағы.

Қақпас отыр үндемей,

Аузын ашпай дым демей.

Жүрсе егер осылай,

Артатындай шын мерей.

Сөкпеңіз деп тек бізді,

Осының бәрін Шабарман.

Төбебиге жеткізді.

Ал ол болса ойланып,

11-дегі жиналысты,

Сағат 1-де өткізді.

***

Анда-санда осылай,

Боп тұрады досым-ай.

Жөндемесе болмайды,

Ағайындар, осыны-ай.

«Қуақы» қайта келді

ҚОҒАМНЫҢ ОСЫ – ЖАРАСЫ

Әлеуметтік желіде,

Бір-бірін итше талайды.

Талай қазақ баласы,

Мұны дұрыс санайды.

Тәк-тәкті білмей барады,

Тик-токқа көшкен

баласы.

Бұған бас ауыртпас,

Фейсбукер ата-анасы.

Ғаламтордың бүгінде,

Көбейді жаулар саласы.

Атыс-шабыс ойынмен,

Уланды ұрпақ санасы.

Инстаграммнан

шықпайды,

Баласы түгіл данасы.

Айтып,айтпай немене,

Қоғамның осы – жарасы.

«Қуақы» қайта келді

БҮГІНГІНІҢ БІР СӨЗІ

Қызы шешеге қарап өседі,

Шешесі инстаграмда бөседі.

***

Таспен ұрғанды таспен ұр.

***

Әкімнің баласы әкім болады.

***

Ит досың болса да,

Досың ит болмасын.

***

Әкімнің берген асынан,

Ақынның айтқан сөзі артық.

***

Аузы қисық болса да,

Бай баласы сөйлесін…

***

Қазіргінің баласы іштен біліп туады.

***

Ақшаң болса қалтаңда,

Талтаңдасаң талтаңда.

***

Талантты таныс өлтіреді.

***

Доллары көппен дос бол.

***

Доллар ұстаған теңге ұстағанмен ойнамайды,

Теңге ұстаған доллар ұстаймын деп ойбайлайды.

Жұмыссыз, кәсіпсіз жанның Абайша тебіренуі

Бизнесте пайда бар деп ескермедім,

Пайдасын біле тұра тексермедім.

Бүгінде не кәсіп жоқ, не жұмыс жоқ,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Үкімет берген жұмыс бір жақпады,

Айлығы аз деп қатынға да дес бермедім.

Қиялмен биіктерге, көкке өрледім,

Өзгені жамандаудан дес бермедім.

Жұмыссыз жүргеннен соң көп жыл уақыт,

Ақшаның қызығын да көп көрмедім.

Қызығым арттан ерген балам еді,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды универге біл деп бердім,

Дипломмен үйде жатсын деп бермедім.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: