Жұма, 03 мамыр, 05:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Балдырған Мәмен, «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы  сарапшысы: Қарызды қарыз алып жабу мәселенің шешімі емес

09.02.2024

374 0

 Бүгінде ел бойынша халықтың қаржылық сауатын арттыруды мақсат еткен «Қарызсыз қоғам» жобасы жүзеге асуда. Жер-жерде  қарызға батқан елдің еңсесін көтеру үшін әрі есептей білуді үйрететін оқу курстары өтуде. Орайы келгенде жобаның қаржы сарапшысы Балдырған Мәменмен сұхбаттасудың сәті түсті.

– «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша жұмыс басталып кеткені белгілі. Халықпен кездесіп, қаржылық сауаттандыру, оқыту жұмысының басы-қасында жүрсіз. Халықтың ықыласы қалай?

– «Қарызсыз қоғам» жобасы өткен жылы пилоттық жоба ретінде елімізде басталды. Өткен жылы жоба 8 өңірде жүзеге асып, барлығы 65 мың адамды қаржылық сауат курсында оқытты. Нәтижесінен кейін бұл жобаны барлық өңірде жүзеге асыруға шешім қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасы халық үшін пайдалы болатынын атап айтты. Жобаның бастамашысы – «Аmanat» партиясы. Бүгінде жобаны аймақта жүзеге асыруға «Аmanat» партиясы мен жергілікті әкімдіктер қолдау білдіруде. Жобаға қатысқысы келген кез келген азамат тұрғылықты жері бойынша жергілікті әкімдікке немесе партия филиалына барып тіркеле алады. Әрине, алғашқы кезде «қандай оқу?» деген сұрақпен келгендер болды. Бірінші күннен кейін көзқарасы өзгеріп, өздерімен бірге туған-туыстарын ертіп келгендер, келесі топқа жазылып жатқандар бар. Яғни жобаның пайдалы екенін халық та түсіне бастады. Курс барысында жай ақпарат беру ғана емес, әрқайсының отбасылық бюджетімен байланыстырып, талдауды жақсы қабылдауда.

Қаржы саласын реттеу агенттігінің ақпараты бойынша былтыр қазақстандықтардың қарызы 18 трлн теңгеге жеткен. Яғни соңғы 3 жылда жеке адамдардың қарызы қатты өскен. Соның ішінде несие алғандардың саны 8,4 млн адам. Елімізде экономикалық белсенді халық саны 9,5 млн болса, соның басым бөлігі несие қамытында отыр. Соның ішінде қарызын төлемегеніне 90 күннен асып кеткендердің қарызы 1,4 трлн теңгеге жеткен. Бұл дегеніңіз 1,7 млн адам несиесін уақытылы төлемеді деген сөз. Демек, «Қарызсыз қоғам» жобасы дәл қазір қоғамға ауадай қажет. Мемлекет бұл жобаға қолдау білдіріп, халық үшін тегін оқыту ұйымдастыруының маңызы да осында.

– Халықпен кездесу барысында қандай оқиғалармен бетпе-бет келдіңіз?

– Жалпы халықтың қабылдауы жақсы. Сабақтан кейін жеке кеңес беру өткіземіз. Сол кезде қарызы бастан асып, қиналып жүрген тұрғындармен әңгімелесеміз. Солардың ішінде бір басында 12-16 несиесі бар, қарызды қарызбен жауып жүргендер де аз емес. Бір айта кетерлігі, жоба аясында заңгерлер, сонымен қатар жобалық кеңсе жұмыс істейді. Оның құрамында қаржы саласындағы барлық мемлекеттік органдар мен банктердің жергілікті филиал өкілдері болады. Біз қарызға әбден батқан, бір сөзбен айтқанда несие төлеуі үлкен мәселеге айналған азаматтарды жобалық кеңсеге жібереміз. Бұған дейін тұрғындар бұл мәселе бойынша кімнен кеңес алуды білмей келсе, жобалық кеңсе арқылы шешімін тапты. Мұның халық үшін тиімділігі банк жағалап жүрмейді, тиісті маманға мәселесін айтып, шешу жолдары қарастырылады.

– Қаржылық сауат курсын негізінен кімдер жүргізеді?

– Қаңтар айында қаржы сарапшыларына іріктеу болды. Бірінші кезеңде құжат бойынша іріктеу, екінші кезеңде Астана қаласында үш күндік оқу ұйымдастырылып, шетелден білім алған арнайы мамандар, ғалымдар, қаржыгерлер сабақ беріп, соңында әңгімелесуден өтіп, емтихан тапсырдық. Нәтижесінде халыққа тек сөзбен ғана емес, іс жүзінде қаржыны басқаруды, есептеуді үйрететін қаржы сарапшылары таңдалды.

– Қазір несие алмай тіршілік бітпейтіні белгілі. Жалпы несие алғанда неге назар аудару керек?

– Несие дегеніміз – банктің өнімі. Яғни белгілі бір мақсатымызға жетуге арналған құрал ғана. Ол құралды қалай пайдаланасыз, тиімді-тиімсіз, жоспарлы-жоспарсыз пайдаланасыз ба, бұл – әрі қарай кез келген адамның шешімі. Несиені пайдалы және пайдасыз деп бөлуге болады. Соның ішінде тұтынушылық несиелер мен бөліп төлеуге арналған несиелерді пайдасыз түріне жатқызамын. Ал пайдалы несиеге мемлекеттің жеңілдетілген бағдарламасымен баспана алу, қатты қажеттілік болған жағдайда ғана автокөлік алуды жатқызуға болады. Онда да жеңілдетілген бағдарламамен, арзан несиені жауапкершілікпен алса ғана тиімді. Сонымен қатар кәсіп бастауға арналған төмен пайызбен берілетін несие алу тиімді. Яғни несие алу арқылы табыс табуды ойлау, кәсіппен айналысуды мақсат еткен жөн. Сондықтан несие аларда ойланып, осы мәселелерге назар аударған жөн.

– Қарызсыз қоғам» жобасынан қандай нәтиже күтеміз?

– Өткен жылы басталған жоба алғашқы нәтижесін көрсетуде деп айтуға болады. Біріншіден, осы жоба басталғалы үкіметтік деңгейде, парламентте заң жобасы талқылануда. Яғни кейбір банк өнімдерін шектеу немесе оған белгілі бір талаптар қою, талаптарды қатаңдату, банктердің де жауапкершілігін күшейту деген секілді өзгерістер енгізілмек. Мұның барлығы «Қарызсыз қоғам» жобасының бастамасы, жоба барысында көтерілген мәселелердің негізінде жасалып жатқан жұмыстар. Алдағы уақытта Қазақстан бойынша 750000 адамды оқыту жоспарланған. Одан кейін студенттер мұғалімдер, оқушыларды оқыту жоспарланған. Сондай-ақ мектептерге арнайы пән ретінде енгізу мүмкіндіктері де қарастырылып, оқулықтар әзірленеді деген жоспар бар. Мұның барлығы халықтың қаржы сауатын арттыру және өз табысын басқаруды үйрету. Ең басты нәтиже де осы. Яғни кез келген қаржыға байланысты мәселеде халық саналы түрде шешім қабылдау деңгейіне жетуі тиіс. Адамның қаржылық сауаты төмен болса, оны сынаудың қажеті жоқ. Бұл да машина айдауды, тіл үйренуді немесе жаңа бір мамандықты меңгеру секілді әрбір адам үйренуі тиіс нәрсе.

– Сарапшы ретінде пікіріңіз: қарызсыз өмір сүруге бола ма?

– Әрбір адам өз табысын жоспарлай білсе, қарызсыз өмір сүруге болады. Бұл сұраққа көпшілігі «табысымыз жетпесе, қалай қарыз алмаймыз, айлығымыз шайлығымызға жетпейді ғой» деуі мүмкін. Түсінікті жағдай. Мұндай жағдайда қосымша табыс көзін қарастыру керек. Кімнің қолынан не келеді, отбасы мүшелері отбасы бюджетін жақсартуға қандай үлес қоса алады деген мәселені талқылау керек. «Есектің артын жусаң да, мал тап» деген ғой ұлы Абай. Яғни табыс табуға намыстанудың қажеті жоқ. Егер бір адамның қаржылық жағдайы қиын болса, кірістен шығыс көп болса, ойлану керек. Мәселенің шешімі қарызды қарызбен жабу емес, жаңа мамандық игеріп немесе кәсіп ашу мүмкіндігін қарастыру керек.  Қысқасы, қолыңыздан келетін істі табысқа айналдыруға қадам жасау қажет.

– Халық негізінен қандай мәселе айтуда?

– Өз қаржысын дұрыс басқара алмағандықтан, табысы аз болғандықтан несиеге белшесінен батқан азаматтар бар. Сондай-ақ тұрақты жұмысы болса да құмар ойынға құмартып, шағын несие ұйымдарынан қарыз алып, оны төлей алмай қалып, несие қарызын айлығынан ұстап қала бергендіктен жұмыстан шығып кеткендер де бар. Бұл – ойланатын жағдай.  «Қарызсыз қоғам» жобасының ағартушылық миссиясы басым болғандықтан алдағы уақытта халықты қаржылай сауатын арттырып, халық өз табысын басқара білетін деңгейге жетеді деген сенімдемін.

– Депозитке ақша жинағысы келетіндер үшін қандай пайдалы ақпарат ұсынасыз?

– Алдымен мақсат айқын болсын. Қандай мақсатқа, қанша мерзімге қандай көлемде жинайтынын анық білу қажет. Қазақстанда депозиттерге кепілдік беру қоры бар. Ақша жинауда ең басты ескеретін нәрсе сол қор сақтандыратын қаржы ұйымын таңдау қажет. Банктердің рейтингісіне қараған жөн. Кепілдік беру қоры мерзімі қысқа депозиттерді 10 млн теңгеге дейін сақтандырады, ұзақ мерзімге арналған депозиттерді 20 млн теңгеге дейін сақтандырады. Ал ақшаны АҚШ долларымен жинағыңыз келсе, онда 5 млн теңгеге дейін көлемдегі АҚШ долларын сақтандырады. Сондықтан да депозит ашқанда осы жағын ескерген дұрыс. Екіншіден, бір адам бір банктен бірнеше депозит ашса, кепілдік беру қоры сақтандыру үшін барлық депозиттің қосындысы 10 млн теңгеден асып кетпеу керек. Асып кеткен жағдайда бір депозиттің қаржысы ғана сақтандырылады.

– Халықты үнемдеуге үйрету үшін қандай кеңес айтар едіңіз?

– Әркім өз табысын басқару үшін ең алдымен кіріс пен шығысты жазып, есептеп үйрену керек. Біздің қателігіміз табысымызды ойланбастан жұмсаймыз, кірісіміз бен шығынымызды толық білмейміз, нәтижесінде не нәрсеге көп ақша жұмсап жүргенімізді білмейміз. Сол себепті үнемдеуден бұрын кіріс пен шығысты жазып үйренуіміз керек. Мұнан соң бір ай ішінде көп қаржыны қайда жұмсағанымызды анықтап, содан кейін үнемдеуді ойлану керек.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

Сарапшыдан кеңес:

  1. Қаржыңызды жоспарлай біліңіз. Жоспар болмаса, табысыңызды қайда жұмсағаныңызды білмей қаласыз.
  2. Күн сайын, ай сайын кіріс пен шығысты жазып жүріңіз.  Кірісіңіз шығысыңыздан артылса, ақшаны жинап үйреніңіз. Ал ақшаны белгілі бір мақсатқа жинаңыз.
  3. Кірісіңізден шығысыңыз асып кетсе, онда ойлану керек. Жаза бастағанда табысыңызды «сорып» жатқан көз табылады. Мәселен, үйге жақын дүкенге жиі бас сұғып, күнде ақша жұмсау кез келген адамның басындағы жағдай. Балаға тәтті, шай ішуге тәтті алғыңыз келуі мүмкін. Мұндай мысалдар жиі кездеседі. Бұл әдетке айналғаны сонша, күн сайын дүкенге бас сұқпай кете алмайсыз. Дүкеннің жанынан қалай өтіп кетуге болады. Сізге кеңес: «Іштім-жедім» деген депозит ашыңыз. Қолыңыздағы телефонда бар банк қосымшасы арқылы депозит ашып, күн сайын тәттіге, сусынға жұмсайтын ақшаңызды депозитке салып отырыңыз. Жоқ дегенде 200-500 теңгені дүкенге жұмсайтын болсаңыз, енді оны күн сайын депозитке салыңыз. Күн сайын 200 теңгеден жинағанның өзінде айдың соңында 6000 теңге жинайсыз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: