Бейсенбі, 02 мамыр, 12:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Несие талабын күшейткеннен не өзгереді?

04.11.2023

779 0

Бүгінде халық тұрмысы мен несие егіз ұғымға айналған. Себебі ақша жоқ кезде тығырықтан шығар жол – банктен қарыз алу. Содан да болар, қазір екінің бірінде несие бар.

Қажеттілік туған кезде ойланбай банктен қарыз алып, ал уақыты келгенде амалсыздан айлығынан жырып несие төлеу бүгінгі қоғамның басты көрінісі. Өкініштісі, несие алған үстіне ала беретіндер немесе оны қажетсіз дүниеге жұмсайтындар көп.

Несиенің өміріміздің маңызды бөлігі болғаны соншалық бір емес бірнеше банктен қарыз алу үрдісі қалыптасқан. Тіпті банкке берешегін төлей алмай жүрсе де, басқа банктен ақша алатындар немесе бір несиені екінші несиемен жабатындар көбейді. Бұл жағдай халықтың күнкөрісінің төмендеуіне әкелуде.

2019 жылы Мемлекет басшысы жалпы қарызы 3 миллион теңгеден аспайтын көп балалылардың, асыраушысынан айрыл­ған отбасылар мен мүгедек бала бағатындардың, ата-анасыз қалған 29 жас­қа дейінгі жастардың 300 мың теңгеге дейінгі несиесін кешіру туралы Жарлыққа қол қойып, оны жүзеге асыруды үкімет пен Ұлттық банкке тапсырған еді. Сонымен қатар сол жылы Ұлттық банк Президент тапсырмасына сәйкес табысы төмен қа­зақстандықтарға несие берілмейтіндігін мәлімдеген. Бұл шектеу 2020 жылдан бастап күшіне енуі тиіс еді. Сол тұста елі­міздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі – 29400 теңге болса, ең төменгі жалақы – 42500 теңгені құраған. Осылайша 29500 теңге жалақы алатын азаматтарға несие беруге тыйым салынған.

Алайда осындай талаптарға қарамастан қазақстандықтарға несие беру шектелген жоқ. Мамандар мұны әр банктің өзіндік ұстанымы деп түсіндіреді. Себебі бір банк борышкердің алған несие төлемі жалақысының 50 пайызынан асса несие рәсімдемейді. Ал бірі керісінше, ең төменгі табыспен де 500 мың теңгеге дейін қарыз бере алады. Енді бірі несие тарихы, төлем сомасы сынды жайларға мән берсе, енді бірінде шектеу жоқ. Өкінішке қарай бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасып келеді. Төрт жыл бұрынғы несиені кешіру бір реттік науқаннан кейін де азаматтардың несие алуы азайған жоқ. Кепілсіз, тұтынушылық несиеден бөлек тамақты да несиеге алу қалыпты жағдайға айналған.

Халықтың қаржылық сауатын ашу, несиеге тәуелділіктен арылту қажеттігін Президент үнемі айтып келеді. Өткен жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдауды тапсырған-ды. Парламентте талқыланып келе жат­қан бұл заң Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін бірден мақұлданды. Заңға сәйкес банкрот деп танылған азамат 5 жыл көлемінде несие ала алмайды. Оған қоса қаржылық жағдайы 3 жыл бақылауда болады. Сондай-ақ жеке тұлғаны банкрот деп тану көпшілік ойлағандай несиені толығымен кешіру емес. Оның өзіндік талаптары бар.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері 70 мыңнан астам адам өзін банкрот деп тануға өтініш берген екен. Бүгінде оның 6 мыңнан астамы банкрот деп танылды. Сондай-ақ әлі мыңнан астам азаматтың өтініші қаралуда. Өтініш берушілердің басым бөлігі Түркістан облысынан екен. Бұл ретте Сыр өңірі бесінші орынға тұрақтаған. Ал банкрот деп танылғандар қатары әзірге Алматы облысында басымдыққа ие.

Ел арасында жеке тұлғаларды банкрот деп танудан бөлек, халықтың проблемалық несиесін кешіреді деген қауесет тараған еді. Ақпарат жалған болса да борышкерлерді үмітті еткен қауесеттің нүктесін мамандар қойды. Көп көкейіндегі «халықтың несие­сі кешіріле ме?» деген сауалға Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жауап берді.

– Естеріңізде болса,  бұған дейін жеке тұлғаларды банкрот деп тану туралы заңнамалық негіз болмағандықтан халықтың бір бөлігінің несиесі кешірілген болатын. Қазір мұндай заңнамалық негіз бар. Соның аясында 6 мыңнан астам адам банкроттық жариялау мүмкіндігін алды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Бүкіл жұмыс заңнама аясында бекітілген регламент бойынша жүреді. Ал банкроттықтан бөлек несиені кешіру науқаны болмайды, – деді вице-прьемер.

Енді халықтың несиесі кешірілмейтінін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымо­ва да айтқан еді. Оның айтуынша, 4 жыл бұрынғы науқаннан кейін қаржы секторындағы төленбеген несие көлемі артқан. Бүгінде қазақстандықтар алған несие көлемі 18 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде тұтынушылық несие алу деңгейі соңғы 3 жылда орта есеппен 33 пайызды құраған. Ал төленбеген несие көрсеткіші 5,2 пайызға жеткен.

Былтырдан бастап Президент пробле­ма­лық несиелерді коллекторлық компа­ния­ларға сатуға тыйым салған еді. Себебі осын­дай әрекетпен микроқаржы ұйымдары өз несие портфелін жақсартып отырған.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, орта есеппен алғанда әрбір қазақстандықтың мойнында 1 миллион теңгедей несие бар екен. Мамандар соңғы кезде несиені несие алып жабатындардың саны артқанын айтады. Рас жағдай.

Осындай жайттан соң Үкімет несие беру талабын қайта күшейтпек. Солай несиесі бар азаматтарды жекелеген санат­тарға бөлмек. Яғни енді қарызын уақы­тынан кешіктіріп төлейтіндер мен мүлде төлемейтіндерге несие берілмейді. Сон­дай-ақ жалақыға дейін қарыз беретін микроқаржы ұйымының жұмысына да шектеу қойылмақ.

Қаржы саласының мамандары жөнді-жөнсіз несие алу, қарызды несиемен жабу, төлеу деңгейі төмен болса да несиеге жүгіну халықтың қаржылық сауатының жоқтығын көрсететінін айтады. Бұл тұрғыда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов халықтың қаржылық сауатын арттыру үшін мектептің оқу бағдарламасына арнайы сабақ енгізудің дұрыс екенін жеткізді. Қазіргі күні бұл тапсырманы оқу-ағарту министрлігі зер­делеу үстінде. Тапсырма жүзеге асса, оқу­шыларға қаржы мүмкіндіктерін дұрыс есептеу тетіктері түсіндіріледі.

Несиенің өзекті мәселеге айналғаны қашшан. Қажеттілігін қарыз алумен қана­ғаттандыратындардың қатары көбеймесе азаймақ емес. Мұны реттеудің жолын, проблемалық несиені азайтудың амалын мамандар осылай шешпек.

А.СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: