Сенбі, 27 сәуiр, 02:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Туберкулез: Талайға қатер төндірген дерт

10.03.2022

884 0

«Туберкулезге жол жоқ». Бұл – бала күнімізден естіп өскен ұран. Расында, талайға қатер төндірген дертті ауыздықтау бір кездері қиынға соқты. Жалпы туберкулез бүгінгі қоғам үшін таңсық емес. Соңғы жылдары жұқпалы аурудың құрығына ілінгендер азайып келеді. Дегенмен толықтай құтылу мүмкін болмай тұр. Сондықтан туберкулез – ешқашан күн тәртібінен түскен емес.

Қазір осыдан 10 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда еліміз бойынша ауру көрсеткіші әлдеқайда төмендеген. Атап айтсақ, Қызылорда облысының өзінде науқас саны 2 есеге азайды. Мәселен, 2012 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 92 процент болса, 2021 жылы 46,6 процентті құрады. Ал өлім-жітім осы 10 жылда 4,8 есеге төмендеді.

Осылайша дәрігерлердің тынымсыз ізденісі, сауатты ем-дом, осы дерттің себеп-салдарын анықтау, үгіт-насихат жұмыстары жақсы нәтижеге жеткізді. Сонда да жыл сайын 24-ші наурызда Бүкіл Әлемде Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күнін атап өтеді. Ең бастысы, ауруды асқындырмай, ерте сатысында анықтау. Дәрігерлердің айтуынша, адам өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, үздіксіз, емделсе бұл дерттен толық жазылады. Нәтижесінде олар жұмыс істеуге, дені сау баланы дүниеге әкелуге қабілетті. Сондай-ақ айналасындағы адамдарға қауіпсіз. Бастысы адам жақсы тамақтану керек. Жасыратын несі бар, «иттің майын, борсықтың майын ішсем, құлан-таза айығып кетемін» деген қате түсінік бар. Туберкулездің ең негізгі емі – дәрі-дәрмекті уақытылы үзбей қабылдау. Ауру асқынып тұрғанда «иттің майын ішіп жазыламын» деген үлкен қателік.

– Біздің басты мақсатымыз – соңғы үлгіде дайындалған дәрі-дәрмектермен науқастарды қысқа мерзімде емдеп, отбасына қосу. Бұрын бұл дертке шалдыққан науқасты адамдардан оқшаулайтын едік. Ал бүгінде туберкулездің жұқпайтын түрлерін ауруханаға жатқызбай, емхана арқылы үйден емдеуге мүмкіндік бар. Әрине, баста қиындық туындағаны рас. Дегенмен әлемдік тәжірибе бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен амбулоториялық емделіп жүрген науқастың емін скайф арқылы бақылаймыз. Әрбір науқастың күнделікті барып, емханаға дәрісін ішкені жіті қадағаланады. Ал емханаға келе алмайтын жағдайда дәрігерлер науқасқа дәрісін үйіне жеткізіп береді. Осылайша емделушілер үйінде жатып, ем қабылдауда. Нәтижесі де жоқ емес. Негізі туберкулезге жұмыссыз жүргендер, маскүнем, нашақор, қаңғыбастар шалдығады. Сондай-ақ зейнеттегі үлкен кісілер де жиі ауырады. Бір айта кетерлігі қазір туберкулездің ең ауыр түрлері азайды, – деді облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Әбдіғабит Әбләзімұлы.

Бір қуантарлығы, соңғы жылдары балалар арасындағы өкпе ауруы да айтарлықтай төмендеген. Мәселен, былтыр 57 бала ғана есепке алынды. Бұрын саны жүзден түспейтін еді. Жалпы балалар арасындағы аурушаңдық өте күрделі мәселе. Себебі олардың 70 процентіне қарым-қатынас арқылы жұғады. Атап айтсақ, отбасының бір мүшесі ауырса, сол үйдегі балаға міндетті түрде жұғады. Бір сөзбен айтқанда, ауру алыстан келмейді. Ең бастысы, ересек адамның да баланың да иммунитеті мықты болу керек.

Сондай-ақ халық арасында бұл ауруханада жұмыс істейтін медицина қызметкерлері міндетті түрде жұқтырады деген көзқарас бар. Десе де бұл сөз шындыққа жанаспайды. Соңғы жылдары жабық мекемеде дерт жұқтырғандар анықталмады.

– Медицина қызмеркерлеріне алаңдайтын ештеңе жоқ. Туберкулезді ауруханаларда заң шеңберінде қойылатын барлық талап сақталған. Бүгінде үй ішіндегі тәртіп күшейген. Тәртіп болмай – ем болмайды. Үй деп отырғаным10-15 күн емделіп шығып кететін жай ауруханадан айырмашылығы, науқастар айлап-жылдап жатып емделеді. Тамағы да, дәрі-дәрмегі де белгіленген мөлшерімен, мерзімімен беріліп, санитарлық талап қатты сақталып, тазалық басты орында тұрады, – деді ол.

Бір өкініштісі, коронавриус инфекциясы елге келгелі баласына туберкулезге қарсы «БЦЖ» екпесін салдырмайтын ата-аналар көбейген. Себебі халық арасында балаларға коронавирусқа қарсы екпені салады деген қауесет бар. Екпе салдырмаудың салдары бүгін білінбесе де, болашақта кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан дәрігерлер балаға туберкулезге қарсы екпені міндетті түрде салдыру керегін алға тартады.

Бас дәрігердің айтуынша, бүгінде емдеу нәтижесін көтеру үшін жергілікті бюджеттен әр науқасқа қаржы бөлінеді. Өткен жылдың өзінде 300 млн теңге қаржы қаралды. Алайда науқас жергілікті тұрғын болмаса, тұрақты мекен-жайы жоқ болса қаржылай көмек көрсетілмейді.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: