Жексенбі, 05 мамыр, 12:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Экологиялық ахуал әлемді алаңдатады

17.10.2023

298 0

Ғарыш айлағы немесе ғаріп табиғат

Бүгінде еліміздегі экологиялық ахуал алаңдатарлық жағдайда. Бұл мәселе әсіресе өңірімізде көкейтесті. Қоршаған ортаны ластанудан сақтау, табиғатты аялау күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Адамзаттың тіршілігіне қажеттіні табиғаттан алатынын ескерсек, бұған бей-жай қарауға болмайды.

         Ғылым мен техниканың жыл санап дамуы өз кезегінде табиғатқа орасан зор кесірін тигізетіндігін жасыра алмаймыз. Қазір өндіріс дамуы, жерасты қазба байлықтары игерілуі, көлік санының артуы және басқа да факторлардың әсері қоршаған ортаның ластануына әкелуде. Десе де аймаққа экологиялық зиянын тигізіп отырған басты мәселе – «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырандардың ұшырылуы. Ғылым мен техниканың дамуына, ғарыш кеңістігін тануға, оны игеруге орасан зор мүмкіндік берген айлақтың адамдарға, табиғатқа келтіретін зияны да орасан. 

         Ашық ақпарат көздерінің дерегіне сүйенсек, айлақты көрші мемлекетке жалға беруде ел бюджетіне жыл сайын 115 миллион доллар көлемінде қаражат түседі екен. Қаржылық жағынан тиімді болғанымен салдары табиғи апатқа ұшырататыны дәлелді дүние. Бұл туралы талай мәрте айтылып келеді. Тіпті жалға беруді тоқтату керек деген ұсыныстар да сөз болған. Мұны ғарыш айлағының зиянын көзбен көрген жұртшылықтың жан айқайы деуге болады.

         Жалпы Ресей «Байқоңыр» ғарыш айлағынан соңғы 20 жылда «Протон-М» зымыраны 110 рет ғарышқа ұшыпты. Ал оның  11-інде апатқа ұшыраған екен. Ғарышқа ұшқанын қоспағанда, осы 11 апаттың өзі табиғатқа қаншама залал  келтіріп, адам өміріне қауіп төндіргенін ойлаудың өзі қорқынышты. Мәселен, 2013 жылы «Протон-М» зымыран тасығышы апатқа ұшырағанда зымыраннан 600 тонна гептил төгіліп табиғатты ластағаны белгілі. Оның құрамында азот тетраоксиді мен керосин болған. Өкінішке қарай, мұндай жағдай 2018 жылы да қайталанды. Бұл жолы апатқа ұшыраған «Союз-ФГ» зымыран тасығышынан 22 тонна гептил төгілген. Ресми ақпаратты сол тұста ҚР Ресейдегі елшілігінде кеңесші, кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары болған Марат Сыздықов Мәжіліс отырысында айтқан еді.

         Гептилдің қоршаған ортаға тигізер зияны туралы көпшілік жақсы біледі. Оның бірнеше жыл жойылмайтыны, ауаны ластайтыны айтылып дабыл қағылған-ды.

         «Байқоңыр» ғарыш айлағына байланысты екі ел арасындағы келісім бойынша Ресей мемлекеті апатты жағдайдан соң экологияға келтірген залалы үшін өтемақы төлеуі тиіс. Сол тұста қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігі апат шығынын 13 миллиард теңгеге бағалаған. Көршілес мемлекет апат шығынын өтеуге келіскенімен бұл мәселе іс жүзінде жүзеге аспады.

         Ғалымдар Байқоңырдан ғарышқа ұшатын зымырандардың аса улы гептилді пайдаланатынын айтады. Бұл жанармай түрін қолданудан тіпті батыс елдері түгелдей бас тартқан көрінеді. Яғни, дамыған өркениетті елдерде бұған тыйым салынған. Мамандар гептилдің аса улы екенін және тіршілікті жоятындай қауқары барын айтады. Бұған дәлел ретінде өңірде ақбөкендердің жаппай қырылуын айтуға болады.

Облыста Экология департаменті экологиялық бақылау жүргізу мақсатында «Қазақстан Ғарыш сапары» АҚ-мен бірлесіп, ғарыштық мониторинг жүргізеді. Департаменттің баспасөз орталығы берген мәліметке сүйенсек, мониторинг нәтижесінде 74 рұқсатсыз қалдық орындары анықталған. Жалпы, 2018 жылы  240 рұқсатсыз қалдық орны анықталса, соңғы төрт жылда бұл көрсеткіш азайған. Бүгінде аталған қалдық орындары жойылған.

– «Байқоңыр» кешені бойынша мемлекеттік экологиялық бақылау Ресей Федерациясының Үкіметімен «Байқоңыр» кешенінің аумағындағы қоршаған ортаны қорғау мәселелері туралы келісім құжаттарына, олардан туындайтын хаттамалар мен ережелерге сәйкес жүргізіледі. Осы ретте «Байқоңыр» кешеніндегі 6 нысанға жоспарлы тексеру жүргізіліп, анықталған 4заң бұзушылықты жою жөнінде ұйғарым берілген. «Байқоңыр» кешенінде өзекті мәселелердің бірі – Байқоңыр қаласы, Төретам кенті және Ақай ауылдық округінің  маңайындағы құрылыс қалдықтарын жою мәселесі Қазақстан-Ресей арасындағы Байқоңыр кешені жөніндегі 7 үкіметаралық комиссия отырысында қаралды. Нәтижесінде Байқоңыр қаласы әкімшілігімен 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітіліп, 10,5 мың тонна қалдық жойылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік экологиялық бақылау және реттеу барысында Байқоңыр қаласының әкімшілігіне қарасты тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына экологиялық заңнама талаптарына сәйкес сұрыптау кешенін салу жөнінде шарт қойылып, тиісті жұмыстар атқарылуда, – дейді департаменттің баспасөз хатшысы Ботагөз Сейілова. 

Ресей ғалымдарының зерттеуінше, сәуір айында магнитті дауылды әлем жұртшылығы алты рет сезінеді екен. Бұл кезде біздегі ғарыш айлағынан зымырандар көптеп ұшырылады. Ал аймақта өлім-жітім саны артатын көрінеді. Магнитті дауыл соққан күні өңір халқы Байқоңырдан ракета ұшқанын бірден біледі. Себебі ауа райының бұзуылуы, шаңды боран жұртшылықты әбігерге түсіреді. Әсіресе жүрек-қан тамырлары ауруымен ауыратындар үшін қиын. 

Ғалымдар зымыран ұшқаннан кейін болатын тағы бір құбылыстың орын алатынын айтады. Мәселен күз, қыс, көктем айында аспандағы бұлттардың қалыңдығы 100-500 метр болса, «Протондар» ұшқаннан кейін олар буланып, қалыңдығы бірнеше шақырымға дейін жетеді екен. Осылайша күн сәулесінің жер бетіне  түсуіне кедергі жасайды.  

         Зымыран ұшырудың зияны 2001 жылы Ресей зымырандарды Байқоңырдан емес, ылғалды  Архангелск аймағында орналасқан Плесецк космодромынан ұшырғанда байқалған. Себебі зымыран ұшырғаннан кейін қалыңдығы бірнеше метр қар жауып, Мәскеудің өзінде 40 градус аяз болған деседі. Осыдан соң бұл аймақта зымыран ұшыруға тыйым салынған.

         Қазір ғалымдар жер серіктерінің «Байқоңырдан» ұшырылуы тек Қызылорда өңіріне ғана емес, жалпы әлемді алаңдатарэкологиялық мәселеге айналды.

         Жалпы ғаламдағы табиғи өзгерістер мен апаттар зымыран тасығышының зияны деген де сөз бар. Олар өз орбитасына жеткенше ғаламшарды бірнеше мәрте айналып ұшатын көрінеді. Ал бұл өз кезегінде әлемдік климаттың өзгеруіне әкелуде.

Уран өндірісінен зиян жоқ

Сыр өңірі мұнай өндірісінен бөлек, уран өндірісімен де айналысады. Бұл тұрғыда Қызылорда облысы еліміздегі тау-кен өндірісіне екпін беріп отырған бірден-бір аймақ.

         Жалпы уран өндірісі еліміздегі тау-кен өнеркәсібі саласында жетекші рөлге ие деуге негіз бар. Себебі Қазақстан бұл өндіріс түрінен әлемде 1 орында болса, қор көрсеткіші бойынша 2 орынды алады. Өткен жылғы көрсеткішке сүйенсек, елімізде жылына 20 мың тоннадан астам уран өндіріледі екен. Осылайша еліміз әлемдегі уран өндірісінің 40 пайызын құрап отыр.

         Облыста уран өндіруді Шиелі ауданында орналасқан «Ру-6» ЖШС мекемесі жүзеге асырады. Олар «Солтүстік Қарамұрын», «Оңтүстік Қарамұрын» және «Иіркөл» сынды кен орындарында табиғи уранды ұңғылар арқылы жерасты сілтілендіру әдісімен өндіруде.

         Өндіріс басшылығы шикізатты алуда экологиялық ахуалға зиян тигізбеу үшін барлық жұмыс жер астында, тау жыныстары орналасқан жерде жүргізілетінін айтады. Бұл ретте ауаны ластайтын шаң-тозаң, қышқыл заттардың уы жер бетіне шықпайды екен. Бұл технология әлем бойынша қолданысқа енген. Себебі экологиялық апат тудырмас үшін бұл тиімді көрінеді. Бұған қоса уран өндіруге арналған құбырлар қышқыл заттарға төзімді полиэтилен, поливинилхлорид, тотықпайтын болат материалдардан жасалған. Мұндай құбырда уран ерітінділері де қалыбын бұзбайды. Ал өндірілген өнім герме­тика­лық цистерналарға құйылады. Содан соң мақсатты жерге шашпай-төкпей тасымалдау көзделеді.

         Мамандардың сөзіне сенсек, сілтілендіру реагенті негізінен тек жер астында жүреді. Өйткені жер астындағы өнім сумен дайындалады. Ерітіндіні сору мен құю циклында металы бар қабатты жоғары және төменгі бөліктегі саз-балшық арқылы гидроизоляция жасайды. Бұдан бөлек үстіңгі бөлікте  қалыңдығы 300-350 метр болатын саз-балшықтан құралған қабат болады-мыс. Бентонит деп аталатын табиғи минералды зат су тиген кезде ісініп, ұңғыларды қысып қала­ды да, үстіңгі су қабатының төменгі сумен аралас­пауына мүмкіндік береді.

Сонымен бірге кеніштің іші мен сыртындағы бұрғылау ұңғы­лары­ның сулары әр тоқсан сайын сорылып алынатын көрінеді. Осылайша алынған су зертханаға жіберіліп, сынама алынады.

Мамандар сондай-ақ уран өндірісі біткен соң өндірілген жер аумағы 3-5 жылда қайта қалпына келеді дейді. Өндірістің табиғатқа зияны жоғына сендіргенімен өндіріс аумағына жақын орналасқан аудан, ауыл жұртшылығы ауызсу сапасының нашарлағанын жиі айтады.

Ауа сапасына мұнайдың әсері қандай?

Елімізде ең алғашқы мұнай 1899 жылы Қарашұңғыл атты мекенде 40 метр тереңдіктен алынған екен. Жалпы Қазақстан мұнай мен газға бай елдердің қатарына жатады. Бұл тұрғыда Қазақстан ТМД елдері арасында мұнай өндіруден Ресейден кейін екінші орында, әлем бойынша оныншы орында. Ал табиғи газ қоры бойынша төртінші, әлемде бесінші орындамыз.

         Мұнай еліміздің экономикалық дамуына серпін берген бірден-бір өнім. Өндірісті дамытуда шетелден инвесторлар тартылып, елде мұнай барлау жұмыстары жүргізіліп кен орындары да ашыла бастаған тұста Сыр өңірінде алғаш Құмкөл мұнай-газ кеніші ашылды.

          Ашық дереккөздегі ақпаратқа сүйенсек, мұнай өндіру саласында аталған кен орны 1991 жылы 1 миллион тонна мұнай өндірген екен. Осыдан соң еліміздің батыс, оңтүстік аймағынан мұнай-газ кен орындары ашылып, оны игеруде шетелдік инвесторлар тартыла бастаған. Осылайша өңірдегі алғашқы мұнай өндірісі қолға алынып, күні бүгінге дейін жұмыс істеуде.

         Қара алтын өндірісінің қолға алынуы экономиканы дамытуға септігін тигізгені жасырын емес. Бұдан бөлек аталған өнімнің өзінен күнделікті тұрмысқа қажет 6000-нан астам тауар шығарылады. Яғни біз тұтынатын тауарлар мұнаймен тығыз байланысты. Осыдан-ақ қара алтынның барлық саламен біте қайнасып жатқанын аңғаруға болады. Бүгінде бүкіл әлемді асыраушы мұнай дегенде пікір қалыптасқан.

         Кез келген өндірістің пайдасы мен бірге зияны да қатар жүреді емес пе? Сол сияқты мұнайдың да қоршаған ортаға тигізер өзіндік кері әсері бар.  Мәселен, әлем ғалымдары қара алтынның экономикалық-саяси тұрғыда пайдасы зор болғанымен, одан жасалған өнімдердің адамзатқа зияны барын айтады. Оның ішінде көліктердің көбеюі, оған қолданылатын жанармайдың күн сайын ауаға химиялық улы зат тарататынын, мұны адам денсаулығына аса зиян екенін алға тартады. Әсіресе теңізге төгілетін мұнай қалдықтары ондағы тіршілік иелерінің жаппай қырылуына әкелуі мүмкін. Ашық ақпарат көзіндегі деректерге сүйенсек, жыл сайын дүниежүзілік мұхиттарға 2-10 миллион тонна мұнай құйылады екен. Салдарынан судағы тіршілік иелерімен бірге жан-жануар, құстарға да қауіп төндіреді.

         Сонымен қатар мұнай өндіру және пайдалану кезінде ауаға шығарылатын газдар оның жоғарғы қабатына жиналып, ауа қысымының жоғарылауына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде ғаламдық жылыну мәселесін туындатады. Ғалымдар бұлай жалғаса берсе мұздықтар еріп, жердің біршама бөлігін су басуы мүмкін деген болжам айтады.

         Сыр өңірі – еліміздегі экологиялық аймақтың бірі. Өңірдегі басты табиғи апат, экологияның нашарлауын Арал теңізінің тартылуынан, Байқоңыр ғарыш айлағының әсерінен десек те, қара алтынның да өз үлесі бары сөзсіз. Осы орайда облыстық Экология департаменті мамандарынан аймақтағы мұнай-кен орындарындағы экологиялық апаттар жайында сұраған едік.

Мамандардың айтуынша, биыл 9 айдағы есеп бойынша мұнай кен орындарында апаттық жағдай орын алмаған. Дегенмен мұнайдың төгілуіне консервацияланған, жойылған және иесіз көмірсутек кен орындарының мониторингін жүргізу үшін ҚР ЭТРМ экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша экология департаменті, ҚР ЭМ Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының оңтүстік өңіраралық басқармасы және ҚР ИИМ Геология комитетінің «Оңтүстікқазжерқойнауы» Оңтүстік Қазақстан өңіраралық департаменті қызметкерлерінен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, тексеру жұмыстары жүргізіледі. Мәселен аталған жұмыс тобы биы қыркүйек айында Қармақшы ауданындағы мұнай ұңғымаларына барып, тексеру жүргізген. Сондай-ақ тамыз айында экология департаментімен мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшылық кеңес отырысы өткізіліп, «Тұзкөлмұнайгаз Оперейтинг» ЖШС-нің «4671 және 1057 келісімшарттық аумақтары» бойынша әсер етуге арналған экологиялық рұқсатты алуға ұсынылған жобалық құжаттамалары талқыланған. Отырыс барысында мұнай және газ өндіру барысында атмосфералық ауаға шығарылатын шығарындылар мемлекеттік экологиялық тексеру кезінде басты назарға алынатындығы айтылған.

         Жоғарыда мұнай өнімдерінің ауаға келтіретін зияны туралы айтқан едік. Оның ішінде көлік құралдарының жанармай отынын тұтыну кезінде келетін залалы орасан. Соған байланысты аталған департамент ауадан 79 сынама алып, нәтижесінде 17 сынамадан нормативтік шектен асу дерегі анықталған.

         Аймақтағы экологиялық ахуалды тұрақтандыру, алдын-алу мақсатында департамент тарапынан осындай шаралар атқарылады.

         Бүгінде қоршаған ортаны таза ұстау, табиғатты аялау, экологиялық апатты болдырмау әлемдік мақсатқа айналған. Бұл тұрғыда елімізде «Birge: Taza Qazaqstan», «World CleanUp Day», «Табиғатта қоқысқа жол жоқ»  және электр энергиясын үнемдеу мақсатында халықаралық «Жер сағаты» республикалық экологиялық жобалар жүзеге асырылуда. Бұған облыстағы үкіметтік емес ұйым, мемлекеттік орган мүшелерінің, қоғам өкілдерінің, жергілікті тұрғындардың, сондай-ақ экобелсенділер мен волонтерлер белсенді атсалысып келеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: