Жұма, 29 наурыз, 15:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Бірлік – біздің қасиетті туымыз

03.05.2022

1058 0

«Еркіндік қайда болса – елдік сонда, бірлік қайда болса – ерлік сонда» деген аталы сөз біздің елге айтылғандай. Ең бастысы, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы бұзылмасын. Қазақ қашанда «Ынтымақ, бірлік, келі­сім – ең асыл бақыт ел үшін» деген қағи­да­мен өмір сүруде. Бүгінде елімізде этностық топ­тар­дың тілі мен дәстүрін, әдет-ғұрпын дамытуға то­лықтай мүмкіндік бар. Осы орайда Қазақстан халқы ассамблея­сы құрылып, әр өңірден «Достық үйі» ашылды.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылдың 1 нау­рызында құрылды. Содан бері елімізде этносаралық татулықты дамыту, бірлік пен достықты нығайту жоғары деңгейде жүзеге асыруда.  Сыр өңірінде грек, түрік, татар, шешен, еврей, корей, өзбек, неміс, қырғыз, орыс және «Славяне» қоғамдық мәдени орталықтары бар. Этномәдени бірлестіктер елдегі этносаралық келісімді нығайту, Қазақстан халқы мәдениетінің өзара жан-жақты дамуы мен ұлттық салт-дәстүрі, мәдениетін жандандыруға, жастарды отансүйгіштік және толе­ранттылық рухта тәрбиелеуге, мемлекеттік тіл мен ана тілдерін үйретуге бағытталған шараларды жүзеге асырып отыр. Бірлестіктер түрлі деңгейдегі мәдени шараларды ұйымдастыруға белсенді түрде атсалысып келеді. Сыр өңірінде бұл бағытта қолға алынған игілікті істер көп. 2014 жылы облыста «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі тұсауын кесті. Мекеме этномәдени бірлестіктер жұмысын үйлестіруде оң нәтижеге қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда оған қарасты «Достық үйі» ғимараты алыстан көз тартады. 1967 жылы «Алтынсарин» кинотеатры ретінде іргесі қаланған ғимаратқа 2015 жылы қайта жаңғырту шаралары жүргізілді. Қазір мұнда 11 мәдени бірлестік қоныс тепкен. Қазақстанда өзге ұлт өкілдеріне барлық жағдай жасалып, көмек көрсетілуде. Сонымен қатар барша ұлттардың тілі мен дініне құрметпен қарауда. Әр бірлестіктің емін-еркін жұмыс істеп, ойлаған игі бастамасын жүзеге асыруына мемлекет тарапынан қолдау зор. Өзге елдерден келіп, біздің тыныс-тіршілігімізбен танысып, таңдай қаққандар да аз емес. Шет елден келген меймандар ешбір мемлекетте баршаның баласын қанатының астына алып, қамқорлық танытып отырған Қазақстандай ел жоқ екенін тілге тиек етеді. Осының өзі қазақстандықтардың кең пейіл, дархан көңіл, бауырмал екенін білдіреді, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» орта­лығының директоры Болатбек Айтбенбетов.

Әрине, осынау кең байтақ жерде бөлінбей, өзге ұлт өкілін жатсынбай отырған қазақтың қонақжайлығына ешкім де шек келтіре алмасы анық. Тарихқа көз жүгірт­сек, қилы-қилы заманда түрлі тағдырлармен қазақ еліне қоныс аударған өзге ұлттар бүгінде Қазақстанды өз Отаны санайды. Себебі  олар бір атаның баласындай, бір тудың астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бүгінде бір арнада қанша ұлттың тағдыры тоғысып, қазақтың салт-дәстүрін, тілін, дінін терең меңгеріп, Қазақстанның дамуына өз үлесін қосуда. Сондай-ақ әр азамат қазақтың және өз ұлтының салт-дәстүрін бірге ұштастырып, еліміздің бүгіні мен ертеңіне ұмытылмастай мұра етіп қалдыруды көздейді. Қазіргі таңда ағаш ұстасы да, қолөнермен айналысатын шебер де,  ою-өрнек, кесте тігетін ісмерді де  өзге  ұлт өкілінен кезіктіре аласың.

Айта кету керек, еліміздегі этномәдени бір­лестіктің мәдени күндері, әр этностың ұлттық мерекелері тұрақты түрде кеңінен атап өтіледі. Бүгінде құрылғанына 27 жыл болған Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімнің ерекше моделін қалыптастыра алған мәртебелі институт. Қазіргі кезде Сыр өңірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық құрылымдары қалыптасқан. Оған 11 этномәдени, аудандарда 5 этно бірлестік, 113 аналар кеңесі, 165 қоғамдық келісім кеңесі, 1 ғылыми-сарапшылық тобы, 1 медиация кабинеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафед­расы, волонтерлар, журналистер мен сарапшылар клубы, «Ассамблея жастары» жастар ұйымы кіреді.

– Қазақ халқы қиын-қыстау заманда әрбір өзге ұлт­тың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Сол бір зұлматты кезеңдерде  бір үзім нанын бөліп беріп, алақандай баспанасына кіргізіп, бізді паналатып, бауырына басты. Сөйтіп, өзге елді, басқа халықты сүюдің керемет үлгісін көрсетті. Бүгінде бұл еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Бұл мереке – қазақстандық патриотизмнің, достық пен бір­лігіміздің жарқын күні. Міне, осындай мейірімділік пен әлеуметтік ынтымақты көздейтін бірлік пен татулық мерекесінде барша қазақстандықтарды, жерлестерімді шын жүректен құттықтаймын, – деді еврей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Вера Иванова.

Соңғы жылдары өзге ұлт өкілдері арасында мем­лекеттік тілді үйренуге деген қызығушылық  артып келеді. Өйткені қазір қазақ тілін туған тіліндей мең­герген өзге ұлт өкілдері көп.  Әсіресе қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде тұратын өзге ұлт өкілдерінің басым көпшілігі қазақ тіліне жетік. Ендеше алдағы уақытта  да ана тілімізде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері  көбейіп жатса, игі.

Тарих беттерін парақтасақ, қазақ би-шешендері мен батырлары саналы ғұмырында халқын бірлікке, татулыққа шақырған. Халқымыз қандай қиын қыстау заманда да ауызбіршіліктің арқасында үлкен жеңістерге жетті. Бүгінде елімізге ең керегі – бейбітшілік. Себебі бірлік – біздің қасиетті туымыз. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, бірлігіміз бен татулығымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесін.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: