Дүйсенбі, 06 мамыр, 05:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Халық қалауы – жолдың біткені

13.08.2023

180 0

Апта басында қала әкімдігі жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды саралау мақсатында баспасөз турын ұйымдастырды. Мұнда қаладағы, шет аймақтағы көшелер және Қызылжарма ауылдық округінде жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарын көрсетті.

– Көшелерді жөндеу мен жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысын наурыз айында бастадық. Аталған жаяу жүргіншілер көпірінің екі жанынан мүмкіндігі шектеулі жандарға көтергіш қондырғысы орнатылады. Оны қазан айында ел игілігіне береміз. Қазір жолды жаңғырту бойынша атқарылған жұмыстардың 80 пайызы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар көшелерге жарық шамдар, аялдама орнату және  қоғамға 20  автобус беру жұмыстары қаралған. Бұл жұмыстарды қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарда бар,–деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев.

Биыл облыс орталығында асфальт төсеу, жаяу жүргіншілер жолы, көшелерді жөндеу секілді басқа да ауқымды құрылыс жұмыстары атқарылуда. Қала мен елді мекендердегі  кент және ауылдық округтерде жалпы ұзындығы 184,9 шақырымды құрайтын 264 көше жөнделмек. Оның ішінде жөнделіп жатқан жолдардың 80 пайызы шет аймақтар, кент пен ауылдарда. Елді мекендердегі ұзындығы 111,2 шақырымды  құрайтын 161 көше жаңартылмақ, ал қаланың шет аймағындағы 86 көшенің 48,1 шақырымы жөнделуде.

Жолды жаңғырту жұмыстары бойынша мердігер «УАД» ЖШС мекемесі Н.Назарбаев даңғылындағы Б.Баймаханов­тан Бөкейхан көшесіне дейін және «Қызылорда-Құмкөл» трассасына дейінгі Бейбарыс сұлтан көшесін жөндеу жұмыс­тарын қолға алды. Мұндағы Б.Баймаханов пен Бөкейхан көшесінің ұзындығы 4,2 шақырымды құрайды.

Одан бөлек Н.Назарбаев даңғылынан «Қызылорда-Құмкөл» трассасына дейінгі Бейбарыс сұлтан көшесі жаңғыртылып жатыр. Ұзындығы 4,2 шақырымды құрайтын жол екі жолақты болған. Қазіргі таңда 4 жолаққа  кеңейту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Яғни жол жиегіндегі жылу құбырлары алынып, жер астымен жүргізілуде. Мамандар Н.Назарбаев даңғылындағы көшелердің құрылыс жұмыстары қыркүйек айында аяқталатынын жеткізді.

Жол жөндеу бойынша бірнеше көшенің жабылу себебі мен неге асфальтқа қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай баяндап, кешірім сұрады.

– Облыс әкімі жол-көлік инфрақұры­лымын дамыту бойынша ауылдық елді мекендер мен шет аймақтарға көңіл бөлуде. Яғни көшелерге орташа және күрделі жол жөндеу жұмыстары атқарылуда. Ал қа­ланың бірнеше орталық көшесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүр­гізілуде. Оған себеп жолдың  техникалық жағдайын алдын ала сақтап қалу. Егер техникалық жағдайын сақтап қалмасақ 2-3 жылдан кейін күрделеніп, жөндеу құны екі үш есеге дейін өсуі мүмкін. Сол үшін жолдың көп жабылуына байланысты тұрғындардан кешірім сұраймыз, – деді қала әкімінің орынбасары.  

Бұл интенсивтілігі жоғары орталық даңғыл­дардың жол жабынды­ларын төсеу жұмыстары көшелердің жарамдылық мерзімінің жетуіне байла­ныс­ты  жасалуда. Аталған жол құ­ры­лысы бойынша мердігер ме­кемелер екі ауысыммен жұмыс істеуде.

Сонымен қатар қаланың шет аймақтарында да жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Оның ішінде «Саяхат» мөлтек ауданындағы 1 шақырымды құрайтын Ш.Бәкіров көшесіне орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл құрылыс жұмыстарын мердігер «Ақнұр авто» ЖШС жасады. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілген.

Шет аймақтағы «КБИ»  мөлтек ауданындағы көшеге мердігер «Техсервис» ЖШС мекемесі жол құрылысын жүр­гізген. Оның ішінде Қорқыт ата 6, Достық көшесінен Қорқыт ата 13 көшесіне дейін орташа жол жөндеу жұмыстарын мамыр айында атқарған. Жөндеу жұмыстары «Шанхай» мөлтек ауданында орналасқан орталық көшелерге де жасалды. Оның бірі Жаңқожа батыр, Құлтекенов көшесінен  М.Жұмабаев көше­леріне дейін орташа жол жөндеу жұмыстарын атқарған. Бұл құрылысты мердігер мекеме «Қызылорда жолдары» ЖШС маусым айында жүргізген.

Сондай-ақ шет аймағындағы Әл-Фараби шағын ауданында орналасқан ұзындығы 2,3 шақырым болатын Болашақ көшесі, Әл-Фараби 9 көшесінен аяғына дейін орташа жол жөндеу жұмыстары жүруде. Оны мердігер «Ақнұр авто» ЖШС мекемесі атқаруда. Бұған қоса мердігер мекеме аталған шағын аудандағы Жұлдыз көшесі, Б.Момышұлы көшесінен су арнасына дейін жол құрылысын жасауда. Оның ұзындығы 655 шақырым. Аталған көшелердің жөндеу жұмысының 90 пайызы аяқталған. Қазіргі таңда жолға ескерту белгілері орнатылуда.

Инфрақұрылымды дамыту мақ­сатын­да жасалған жөндеу жұ­мыстары бойын­ша ауылдық округтер де назардан тыс қалмады. Яғни Қызылжарма ауылдық округіндегі Есахаев көшесі, Б.Батырбаев көшесінен аяғына дейін орташа жөндеуден өткізілуде. Қарап отырсақ, ат­қарылып жатқан жұмыс аз емес. Жолдың жөнделгеніне халық та қарсы емес, тек уақытылы бітсе, көшелер жабылмаса дейді.

Нәзира МҰҚАТАЕВА

Суреттерді түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: