Сейсенбі, 19 наурыз, 08:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№22(2032)
16.03.2024
PDF мұрағаты

№7 мектептегі ерекше орталық

21.12.2020

1725 0

Бүгінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Сыр елінің білім беру саласында да атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Қазақ елінің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында қаладағы №7 мектеп-лицейінде ашылған «COWORKING» орталығы – осы сөзімізге дәлел.

– Коворкинг орталығын ұйымдастырудағы негізгі мақсат – әлеуметтік маңызы бар бастамаларды, жобаларды және ұстаздар мен шәкірттердің бірлесе жұмыс жүргізуі үшін қолжетімді алаң ұйымдастыру. Орталықта интеллектуалды ойындар, көрмелер өткізуге, вебинар және фильм көруге мүмкіндік жасалған. «Book crossing», «Start up» секілді бұрыштарды қамтыған бұл заманауи «COWORKING» орталығы баланың бос уақытын тиімді пайдалану әрі жан-жақты дамуына толық жағдай жасап, орталыққа келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуына, жастардың бизнес, шығармашылық, оқу бағдарламалары аясындағы креативті жобаларын жарыққа шығарып, жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – дейді идея авторы, №7 мектеп-лицейінің директоры Ануза Аманжолқызы.

Мектеп директорының айтуынша, коворкинг орталығын жасақтау мен безендірудің өзі – тұнып тұрған еңбек, талант, шеберлік. Аталған орталықтың сәні мен көркін келтіріп, жұмысына жан бітіріп тұрған көрнекіліктер мен безендірулерді білім ордасының ұстаздары жасаған көрінеді. Бұл орайда мектептегі «Өнер бірлестігін», оның ішінде, Өмірбек Есенбаев, Мінәжәт Жылыбаев, Айдар Маханов, Наталья Скрынская, Ақмарал Әлиева, Жанна Әбілқайырова секілді мұғалімдерді ерекше атап өтуге болады.

Шәкірт мен ұстаздардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған орталықтың мерекеге орайластырылған салтанатты ашылуына қалалық білім бөлімінің әдіскері Ғалия Ермағанбетқызы, мектепішілік әкелер мектебінің төрағасы Жамбыл Ахметов, Қамқоршылық кеңесі төрағасының орынбасары Мұрат Абдраманов және ардагер ұстаз Ғалым Башарұлы қатысып, сәттілік тіледі.

Салтанатты кеште мектеп-лицейдің ұлағатты ұстазы, математика пәнінің мұғалімі Қымбат Маханбетова орталыққа өз арнауын оқыса, қарашаңырақтың талантты оқушылары әуелете ән айтып, күмбірлеген күйден шашу шашты.

Н. ЕРТУҒАНҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: