Бейсенбі, 26 желтоқсан, 15:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Алғашқы қазақ институты

03.12.2021

1315 0

Тарихқа үңілсек, қазақ халқы талай «Тар жол – тайғақ кешулерді» бастан өткерді. Кешегі ата-бабамыздың басынан не өтпеді десеңші. Қилы замандарда түрлі жағдайлармен бетпе-бет кезікті. Сонда да тілін, дінін, әдебиеті мен мәдениетін осы күнге дейін сол қалпында жеткізді. Осындайда «Озған ел тарихын таспен жазады, тозған ел тарихын жаспен жазады» деген тәмсіл еске түседі.

Қазақтың саяси белсенді жұмыстары негі­зінен Ташкент пен Омбы қалаларында, содан соң Орынбор мен Қызылорда да өткені тарих беттерінде айқын көрініс тапқан. Десе де әлі күнге дейін толық зерттелмеген дүниелер де бар. Бүгінде Қазақ халық ағарту институты жайында және сауатсыздықты жою туралы мұрағат толық ашылмай отыр.

Дегенмен ең алғаш 1919 жылы Орынборда ашылған Қазақ халық ағарту институты туралы тың деректер бар. Алайда әлі де толық зерттеуді қажет етеді. Ол ең бірінші Қырғыз Халық ағарту институты деп аталды. Институттың басты мақсаты – қазақ мектептеріне мұғалімдер даярлау еді.  Осылайша 1921 жылы 140 оқушы оқыды. Оқу жоспары бойынша институтта сабақ тек қазақ тілінде жүрді. 1925 жылы институт Қызылорда қаласына көшірілді. 1925-1928 жылы Сәкен Сейфуллин осында сабақ беріп, кейін ректоры болды. Сондай-ақ тәжірибелі педагогтар, республикада ағарту жұмысын ұйымдастырушы қайраткерлер – А.Байтұрсынов, С.Меңдешев, Т.Жүргенов, Қ.Жұбанов, М.Жолдыбаев сынды ірі тұлғалар институтта дәріс берді. Кейін 1930-жылы республикада педагог және мұғалімдер институттарының көбеюіне байланысты 1933 жылы 15 қазанда жабылды.

Бұл жөнінде ақпарат сол кездегі институттың сағат бөлу туралы хаттамасы облыстық мұра­ғаттан алынып, қазір «Ақмешіт» филиалы музейінде сақтаулы.

Сол кезде институт оқытушылары мен студенттері елдегі сауатсыздықты жою ісіне белсене араласты. Сөйтіп, 1920 жылы Өлке­лік Халық ағарту бөлімдерінің жанынан сауат­сыздардың есебін алуды ұйымдастырумен, педагог мамандарды даярлаумен, курстар мен мектеп ашуды, оқу құралдарын басып шығарумен шұғылданатын сауатсыздық жөнінде комиссия құрылды. Осылайша 1924 жылдың қаңтар айында Қазақстанда «Сауатсыздық жойылсын» ұйымын құру жөнінде жұмыстар жүргізіліп, аталған ұйым құрылды. Олардың негізгі мақсаты сауатсыздықты жою болғанымен жергілікті жерлерде жұмысшы, шаруа, малшылар қатарын құрылысқа тартып, қоғамдық іске араласуға үйрету сияқты насихат жұмыстары жүргізілген.

1927 жылы Орталық коммитеті сауатсыз­дықты жою туралы қаулы қабылдап, батыл өзгерістер енгізді. Ал 1929 жылы «Жаңа қазақ орфографиясын бекіту туралы» қаулы жарық көрді. Ол халық ағарту коммиссариаты 1929 жылдың 2-4 маусымында өткізген ғылыми конференцияда қабылданып, ал 20 шілдеде Орталық Атқару комитеті оны бекітті. 1929 жылы конференция Қызылордада өткенін де айта кетейік.

Елдегі сауат ашу науқанының тағы бір осал тұсы оқулықтың жетіспеуі еді. Ресми мәлімет бойынша, 1928 жылы қазақ тілінде 22 оқулық атауы болған. Қазақ тілінде оқулықтарды жазуға даярлығы бар топ Алаш қозғалысының қайраткерлері еді. Алайда алаш қайраткерлерін 1928-1929 жылдары жаппай тұтқындап, жер аударды.

Соның бірі Ахмет Байтұрсыновтың туындысы 1926 жылы Ташкентте «Әдиебиет танытқыш» деген атпен басылды. Араға екі-үш жыл салып, авторы ұсталған соң, бұл еңбек көпшілік арасына кең тарап үлгермеді. Бірақ қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі мен басты терминдер осы кітапта қарастырылған.

Тарих беттерін парақтасақ, 1930-1931 оқу жылынан бастап қазақтар мектепке оқуға бара бастаған. Мәселен, сол жылдары 29 педтехникумның 5816 оқушысының 3978-і қазақ болды. Сол кездің өзінде оқуға, сауат ашып, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болуға ұмтылған жастар қатары көп болған. Бұл мақаланы дайындау кезінде Ж.Самраттың 2010 жылы  «Егемемен Қазақстан» газетіне «Қазақтың тұңғыш жоғарғы оқу орны біз айтып жүргеннен әлдеқайда етерек ашылыпты» деп шыққан мақаласы, 2003 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы «Қазақ халық ағарту институты» кітабын пайдаландық. Сондай-ақ Т.Омарбековтің «Сауатсыздықты жою: науқаншылық және оның салдары» атты кітабына жүгіндік.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: