Дүйсенбі, 09 желтоқсан, 14:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

«Алтын белгінің» қадірі арта ма?

21.09.2021

1120 0

Көп оқушының арманы – «Алтын белгіні» иеленіп, үздіктер санатына ену. Себебі озық ойлы, білімге құштар бала ұзақ жылғы алған білімінің нәтижесін «Алтын белгімен» тығыз байланыстырады. Баланың мұндай жетістігі ата-ананың мерейін асырса, қоғам «Алтын белгі» иегеріне үлкен сенім жүктеп, ҰБТ-дағы көрсеткішінің сай келгенін күтеді. Жоғары оқу орнына түсуде де бұл артықшылықтың маңызды рөл атқаратыны тағы бар. Алайда биылға мектеп оқушыларына «Алтын белгіні» алу күрделене түспек. Себебі ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Білім және ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» тақырыбындағы педагогтердің Республикалық тамыз кеңесінде көтерген болатын.

Өткен оқу жылының қорытындысы мен жаңа оқу жылында болатын өзгерістерді баяндаған министр «Алтын белгі» үміткерлері үшін қойылатын талаптың күшейтілетінін күнбұрын жеткізді. Оның айтуынша, «Алтын белгі» үміткерлеріне қойы-латын талаптар кезең-кезеңмен өзгеріп келеді. Биыл өзгерістің екінші кезеңі. Бұл жолғы өзгерістің басты ерекшелігі – үміткерлердің жылдық бағасы бес болуымен қатар, 5-11 сыныптардағы және барлық тоқсандық бағалар да «5» болуы керек деген қағида енгізілген.

– Өздеріңіз білесіздер, алдыңғы жылы да бұл мәселені көтердік. Біраз өзгерістер енгіздік. Сондай-ақ бестік деген баға алған оқушылардың ғана «Алтын белгіге» ұсыну туралы қағида өте маңызды. Түлектер үшін емтиханды тәуелсіз ұйым өткізетін болады. Бұл реформа оң нәтижесін береді деп сенемін, – деген болатын министр.

Жалпы өткен оқу жылының қорытындысы бойынша Қазақстанда 9 738 түлек «Алтын белгі» иегері атанса 2019 жылы төсбелгіні 7349 оқушы, 2020 жылы 8 615 оқушы иеленген екен. Ал биыл «Алтын белгі» иегері атанған түлектердің басым бөлігі Түркістан, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарынан шыққан.

Ендігі жерде «Алтын белгі» үміткерлерінің саны әлдеқайда азаятын тәрізді. Себебі үміткердің әр тоқсандағы пәндер бойынша бағасы «5» болуы керек. Ал бұған дейін пәндер бойынша тек жылдық баға ескеріліп келген еді. Оған қоса Биыл «Алтын белгі» мектеп бітіремін дегенше барлық тоқсандағы бағасында «5»-тен өзге баға болмауы керек.

«Алтын белгінің» айналасында түрлі дау-дамайдың болып тұратыны белгілі. Әсіресе «Алтын белгі» алған оқушының ҰБТ-дан аз ұпай жинағаны да аз емес. Сондықтан министрдің «Алтын белгінің» қадірін арттыруға жасаған қадамы – білім беру саласындағы сапаны жақсартуға бағытталған бастама.

Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: