Сенбі, 20 сәуiр, 02:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Мұнай-газ саласының қызметкерлері марапат төрінде

05.09.2022

685 0

Қыркүйек айының алғашқы жексенбісі – мұнай-газ саласы қызметкерлерінің күні.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев төл мереке қарсаңында сала мамандарымен кездесті. Басқосуда аймақ басшысы мұнай-газ секторындағы ахуал және Президент Жолдауында жүктелген міндеттерді талқылады.

«Мемлекет басшысы Жолдауда жер қойнауын игеру саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру міндет қойды. Мұнай қорлары сарқылып, мұнай көлемі төмендеудің шарықтау шегіне келген осы кезеңде геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу, мұнай-газ саласын дамытуға инвестиция тарту біздің өңір үшін атқарылатын басты жұмыс.

Қазіргі таңда республикалық бюджет есебінен Шу-Сарысу және Арал шөгінді бассейндерін геологиялық зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Сырдария бассейні бойынша келер жылы геологиялық зерттеу жұмыстарын бастау жоспарлануда. Үш бассейнді зерттеу нәтижесі – мұнай-газ қорының шоғырланған учаскелерін нақты анықтап береді. Бұл жеке инвесторлар үшін өте қолайлы, олар қысқа мерзімде мұнай мен газды өндіру кезеңіне өтуге мүмкіндік алады.

Энергетика вице-министрінің өңірге іс-сапары кезінде газды сатып алу бағасын арттыруға қатысты мәселені көтеріп, «QazaqGaz» басшылығымен келісімге келдік. Жыл соңына дейін бұл мәселе оңтайлы шешілетін болды», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиында аймақтың мұнай-газ саласында ұзақ жыл еңбек еткен қызметкерлер ҚР Энергетика министрлігінің салалық наградаларымен және «Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Атап айтсақ, «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі 2 азаматқа табысталса, 8 сала үздіктеріне Құрмет грамотасы берілді.

Сондай-ақ, мерекелік басқосуда сала ардагері Ғалым Байманов көрсетілген құрметке алғыс білдіріп, ақжарма тілегін арнады.

Айта кетейік, бүгінгі күні аймақта мұнай-газ  секторында 14 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: