Сейсенбі, 24 желтоқсан, 19:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Балалар мектепке барды

02.03.2021

2171 0

Қазақстанның Бас санитарлық дәрігерінің №9 қаулысына сәйкес 1 наурыздан бастап 1-5 сынып оқушыларына дәстүрлі білім беру басталды. Аймақтағы 1-5 сыныпта оқитын 81070 мектеп оқушысы кеше мектеп қабырғасына барып, сабақ оқуды бастады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова хабарлады.

– Жалпы облыс бойынша 301 мектепте 169 984 оқушы білім алады. Қазіргі кезде дәстүрлі білім беру форматында оқи­тын оқушылардың саны кезең-кезеңімен өсіп келеді. Мәселен, облыста І тоқсанда 21 процент, ІІ тоқсанда 32 процент және ІІІ тоқсанда 42 процент оқушы сабақты мектепке келіп оқуда. Енді 1 наурыздан бастап 1-5 сынып оқушыларын ара­лас оқыту форматында оқытуға рұқсат берілді. Яғни пәндердің 70 проценті дәстүрлі, 30 проценті қашықтан оқытылатын бол­ды, – деді білім басқармасының басшысы.

Осы орайда аймақтың бас ұстазы 1 наурыздан бастап қызылордалық 29 процент оқушы ғана қашықтан білім алып жатқанын айтты. Мектепке барып оқуға рұқсат етілген 1-5 сыныптағы 82 201 оқушының 98,6 проценті дәстүрлі білім алуды бастады. Сондай-ақ аймақтағы 300-ден аспайтын оқушысы бар 123 мектепте 19 865 оқушы толығымен дәстүрлі түрде білім алып жатса, 178 мектепте 5 сыныптан жоғары 49 103 оқушы онлайн оқуда. Одан бөлек түлек сыныптардағы 17 949 оқушы аралас оқыту форматын жалғастыруда.

Баспасөз жиынында білім басқармасының басшысы өңірдегі барлық мектептерде инфекцияның таралу қаупін азайту мақсатында дәстүрлі түрде білім алатын оқушылар 5 сатыдан тұратын дезинфекциядан өтетінін тілге тиек етті. Бұл шараларды сақтау үшін жыл басында арнайы қаржы бөлініп, 5 сатылық қауіпсіздік жүйесі толық қамтылған.

Мектеп формасына қатысты мәселе де бірыңғайланды. Жыл соңына дейін оқушыларға мектеп формасына қатысты қатаң талап қойылмайтын болды. Енді олар мектепке ұқыпты әрі өзіне ыңғайлы классикалық үлгідегі киіммен бара алады. Ал оқу жылына дайындалып үлгермеген, мектепке келуге дайын болмаған оқушылар әзірге үйде білім ала алады. Яғни мектепке қажетті киім, оқу құралдарын әлі алмаған оқушыларға ұстаздар сабақты уақытша онлайн жүргізбек. Сонымен қатар білім басқармасының басшысы созылмалы ауруы бар балалар да онлайн форматта оқитынын, олардың тізімі жасақталғанын айтты.

Негізінен қыркүйек айынан бастап аймақтағы 51 оқушы коронавирус инфекциясының симптомсыз түрімен ауырған. Ақзира Қасымованың айтуынша, олардың барлығы қазіргі кезде жазылған. Инфекциядан сақтану мақсатында барлық сақтық шаралары назарға алынған. Мысалы, дәстүрлі білім беру форматында «бір сынып – бір класс» қағидасы сақталмақ. Сондай-ақ әр сыныптың қоңырауға шығу уақыты да әркелкі болады. Бұл өз кезегінде балалардың шоғырлануының алдын алады.

– Бүгінгі күні еліміздің Бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес 1-5 сынып оқушыларына дәстүрлі білім беру үрдісіне көштік. Енді мектебімізге 324 оқушы келіп, сабақ оқитын болды. Әр сыныпқа сабақ бір кабинетте өтеді, қоңырау кестесі де әртүрлі. Мектепте сақтық шараларын қатаң сақтау үшін бетперде тағып, антисептик қолданады. Мектепте барлық санитариялық талаптар сақталған. Бастысы, оқушылардың енді мектепке келіп оқитыны қуантады. Себебі дәстүрлі білім беру онлайн оқудан гөрі оқушыға да, ұстазға да тиімді, – дейді №171 мектептің директоры Бекзат Сағындықұлы.

Бұл жаңалыққа деген қуанышын ата-аналар да жасырмайды.

– Баламның мектепке барып білім алатыны көңіл қуантады. Себебі мектеп қабырғасында, сыныпта отырып сабақ оқу балаға жауапкершілікті сезіндіреді. Онлайн оқу кезінде кей тақырыптарды түсінбей қалған жағдайлар болды. Ал енді мектепте, кез келген уақытта мұғалімнен сұрай алады. Біз енді ата-ана ретінде баламыздың қауіпсіздігі үшін сақтық шараларын сақтауға қажетті барлық жағдайды жасаймыз, – дейді Айнагүл Әділқызы.

А.ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: