Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 21:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Бір сынақ, екі мүмкіндік

12.04.2022

1186 0

Білім – өмір шырағы. Бүгінгі білім көрсеткіші – келешегіміздің кепілі. Ал ҰБТ – әрбір жас түлектің жаңа өмір жолындағы алғашқы асуы. Бағы жанғандарды анықтайтын сын сағаты жақындаған сайын ЖОО-ға түсуге талпынған ақ қанатты армандардың жүрегі лүпілдеп, көңілдері елеңдеп бір мазасыз күйге түсетіні мәлім. Осындай мазасыз күйде жүрген оқушыларды Білім және ғылым министрі жақсы жаңалықпен қуантты. Еліміздің бас ұстазы оқушылар екі рет ҰБТ тапсырып, грантқа түсуге мүмкіндік алатынын жеткізді. Осы орайда күрделі сынаққа түлектердің дайындық деңгейі мен өзгерістер жайын қалалық білім бөлімінің бас маманы Ерлан Бодановтан сұраған едік.

– Биыл ҰБТ барысына өзгертулер болғаны белгілі. Сол жөнінде айтып өтсеңіз…

– Биылғы сынақ Ұлттық бірыңғай тесті­леу өткізу пункттерінде «1 тестілену­ші – 1 компьютер – 1 камера» қағидаты бойынша электрондық фор­матта өт­кізіледі. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және орнын өз бетінше таңдай алады. Бір және бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмалар қолданылады. Тестілеу нәтижесі тес­тілеу аяқталған соң бірден беріледі. Апелляцияға мазмұны бойынша өті­ніштер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде және техникалық себептер бойынша өтініштер тестілеу барысында беріледі.

Мүгедектерге қосымша 40 минут уақыт беріледі. Қазақстан тарихы пәні тест тапсырмаларының құрамына контекст мәндегі тест тапсырмалар енгізілді. Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобына түсушілер үшін тестілеу ұзақтығы өзгертілді, тестілеу уақыты – 70 минут.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәти­желері енді мектептердің жұмысын бағалауға қолданылады. Білім және ғылым министрлігі тестілеу қоры­тындылары негізінде мектептер, сон­дай-ақ пәндер бойынша талдау жасалатынын  атап өтті.

– Қаламызда қанша оқушы ҰБТ-ға қатысады?

– Қаламызда 2000  оқушы өтініш білдірген. Олардың өтініші қабылданды.

– ҰБТ қорытындысы  мектеп дә­ре­жесіне әсер етеді ме?

– Енді ҰБТ қорытындысы бойынша әр мектеп, облыс, тіпті пән бойынша талдау жасап, оны мектептердің жұ­мысын бағалау үшін пайдалануға шешім шығарылды. Электронды форматқа көшу енді тестілеуге тақырыптық талдау жасауға мүмкіндік береді. Талапкер бұдан былай тес­тілеуді аяқтағаннан кейін жинаған ұпайларының нәтижесін ғана емес, сонымен қатар қандай тақырыптарды білетіні және қайсысына көңіл бөлу қажет екені туралы қосымша тапсырма алады. Дәл осындай талдау мектепке де, нақты пәнге қатысты да, аудан, облыс және жалпы республика көлемінде де жасалады. Талдауға байланысты оқу бағдарламаларын пы­сықтау, мұғалімдердің мақсатты түрде біліктілігін арттыру, біліктілікті арттыру бағдарламаларын өзгерту бойынша шешімдер қабылданады.

– Бұл сынаққа қатысу оқу­шылар еркінде ме? 

– Әрине, оқушылар еркінде.  Яғни оқушылар ҰБТ-ға электронды форматта өз бетінше өтініш береді және оларды ҰБТ-дан шеттету, сондай-ақ тек тест арқылы ғана дайындау  тоқтатылды.  Ақылы   ЖОО-ға түсу қысқы, көктемгі  ҰБТ тапсырумен  шектелмей, сонымен қатар жазғы  мемлекетттік   грант ҰБТ байқауына   қатысуы да толыққанды өз еркінде.

– Жас түлектер қандай маман­дықтар бойынша тестілеуге қатысуға талаптануда?

– Кең мағынада  айтар болсақ  ҰБТ-дан  3  негізгі   міндетті пән   матема­тикалық сауаттылық, Қазақстан та­рихы, оқу сауаттылығы  барлық   оқу­шыларға  міндетті. Таңдау пәндері  мате­матика-география   қаржы саласы болса, математика-физика техникалық инженерлер, химия-биология  дәрігер­лер,  дүние жүзі тарихы – ағылшын, дүние жүзі  тарихы – құқық,  қазақ тілі – әдебиет гуманитарлық саладағы  мамандықтарға талаптанып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың техникалық ма­ман­­дық­тарға басымдық беру   жө­нін­­дегі  тапсырмасын  және осы ба­ғытқа мемлекеттік гранттың  көп бөлінетіндігін  ескерген  оқушылар  техникалық   мамандықтарға  көптеп    мән беруде.  Педагог  мамандығына да сұраныс  артып отыр. Математика, физика, химия, биология, география  пәндері бойынша  таңдау пәндерінен тест тапсыру жоғары деңгейде. Осыған орай IT  мамандар,   инженерлер, агроном, дәрігерлерге, қаржы саласына  қатысты  мамандықтар  таңдау басты бағытта болып отыр. Қазіргі  жағдайда басты талап еңбек нарығындағы  мамандыққа  сұранысты   саралап, оң шешім шығаруда  білім ордалары  жан-жақты жұмыс істеуде.

 – Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: