Сейсенбі, 07 мамыр, 21:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Ерекше бала қалай білім алады?

20.12.2023

186 0

Соңғы жылдары мектепте ерекше балалар өзге балалармен бірге тең дәрежеде білім алуда. Бұл арнайы «Инклюзивтік оқыту» жүйесі бойынша жүзеге асады.

– Қазіргі таңда ерекше балалармен түзету-дамыту жұмыстары жүргізіледі. Ерек­ше балаларда  қоршаған орта туралы түсі­ніктері тұрақсыз, қабылдау мүмкіндігі бұзылған, психикалық процестердің дамуында бұзылыстар бар. Бұл бұзылыстар ерекше балаларда сабаққа үлгермей, дағдылары мен танымдық процестерінде өзара ауытқу­шылықтарымен сипатталады. Мұндай  пси­хикалық дамуы тежелген  оқушылардың танымдық дамуындағы ауытқулар оқу про­цесінде қиындықтар туғызады. Сондықтан оларға жеке тұлға ретінде қарап, сапалы білім беруге,  қиындықтардың алдын алу үшін түрлі ойын әдістерін қолдану керек. Ойын баланың танымын арттырады. Әсіресе бастауыш сынып оқушыларына ойын арқылы пәнге деген қызығушылығын арттыруға болады. Сондай-ақ түсінбегенін түсінуге мүмкіндік береді. Ал ерекше білімді қажет ететін балалармен өткізілетін нейро жаттығу баланың сөйлеуіне көмектеседі. Яғни осы нейро жаттығу кезінде олар ойланады, белсенділігі артып, қиялы мен шығармашылық қабілеті дамиды және ұжымдық сезімі қалыптасады. Олардың арасында қабілетті балалар да бар. Мәселен, бірі ән айтуға, сурет салуға немесе би билеуге қызығады. Бұл кезде қызығушылығы бар балаларды әрі қарай дамыту үшін педагог-психолог пен мұғалім жұмыс істейді. Білім берудің бұл түрі баланың өзіне деген сенімін арттырады. Айналасынан қолдау бар екенін және өзін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінеді, – дейді балалар психологы Нұрайлым Жақсылық.

– Бұл ретте логопедтің де жұмысы маңызды. Логопед-дефектологтың көмегі ең бірінші балалардың бетінің тонусын анықтап алып, логопедтің арнайы массажы логомассаж жасалынады. Тыныс алуы қалыпты болуы үшін тыныс алу жаттығуларын жасаймыз және баланың миының екі жақты дамуына арналған арнайы нейрожаттығулар жасаймын. Қолының моторикасын және кейбір оқушыларымыздың саусақтары әлсіз болғандықтан, ұсақ қол моторикасын дамытамыз. Ал тілді дамытуда дыбыстарды дұрыстап жеткізе алмаса, дыбыстарды машықтандыру мақсатында  жұмыс істейміз. Осылайша, оқушылардың ерекшеліктеріне байланысты балаларды шар­шатпай және жалықпайтындай етіп сабақты жүйелі жүргіземін, – дейді логопед-дефектолог Аружан Орынбасар.

Ерекше балалар

қалай білім алады?

– Ерекше балалардың әрқайсысының өзіндік диагноздары болса да, бағдарлама сәйкес сабақ уақыты 40 минутқа созылады. Әр оқушыға  оқу бағдарламасына сәйкес сабақ жоспары жасалады. Бүгінде мұндай балалармен заманауи технологиялар арқылы біліктілікті арттыру курсынан өткен ұстаздар  ғана жұмыс істей алады. Сондай-ақ балалармен заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар мен «ЭдуКвест» құрылғысы, «Дельфа» логопедиялық тренажері және дефектолог кабинеті арқылы жұмыстар жүргізіледі. Аталған дефектолог кабинетінде мамандар ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға жеке сабақ кестесі бойынша білім береді. Ал балалар тез шаршап, жалыққан кезде оларды сергіту сәті мен ойын арқылы «Арт-терапия» түрлерін жасайды. Атап айтқанда, бейне терапия, музыка терапия, ертегі терапия мен құм терапиясы және ойын терапиясы жасалады. Одан бөлек, би-қозғалыс терапиясы мен мульти терапия арқылы балалардың сабаққа деген қызығушылығын және белсенділігін арттырады, – дейді мұғалім Әзима Бауыржанқызы

«Инклюзивті оқу» жүйесі қандай нәтиже берді?

– Менің балам 2 сыныпта оқиды. Қазір жақсы көрсеткіштер көрсетуде. Әсіресе өз ойын толық жеткізетін болды. Мамандар көмегінің арқасында анық сөйлейтін болды. Баламның осындай жетістікке жетіп жатқанын көріп, менде қуанамын, – дейді анасы.

– Ұлым Қасен дұрыс сөйлей алмайтын, сұрақ қойғанда мүлде жауап бермейтін. Тіпті тақпақ жаттай алмайтын еді, сөйлей алмаған соң  уақыт өте тұйықталды. Кейін мамандардың кеңесіне жүгіндім. Қазір ойын емін-еркін жеткізе алады. Тақпақ, өлеңдерді қиналмай жаттайды. Сөйлем құрайды, – дейді анасы.

– Қызым Аделия  1-ші сыныпқа барады. Бұрын тұйық, ешкіммен сөйлеспейтін. Мамандарға көрсеткелі жақсы көңіл күйде жүреді. Тіпті мектепке барғанда сыныптас балалармен дос болып араласатын болды. Қызым мамандардың көмегімен әріптерді жазып, сандарды танып үйренуде. Жалпы сабаққа деген ынтасы артып келеді, – дейді Аделияның анасы.

Ерекше балаларда да қабілет бар. Ең бастысы, олардың қоғамнан оқшауланып қалмай, ерекше қамқорлыққа бөленгені маңызды.

Н.МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: