Бейсенбі, 18 сәуiр, 16:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Ғабидулла ШАРАПАТОВ, №112 мектеп директоры: «Білім, тәртіп, талап – мектептің басты ұстанымы»

26.10.2021

2763 0

Білім – баянды болашақ бастауы. Осы аптада қалалық білім бөліміне қарасты Н.Ахмадеева атындағы №112 орта мектебіне бардық. Бізді мектеп директоры Ғабидулла Шарапатов қарсы алды. Оның айтуынша, мектеп өткен жылы күрделі жөндеуден өткен. Заманауи құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген. 788 оқушыға 77 мұғалім дәріс береді. Өткен оқу жылында мектеп түлектерінің 21-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, нәтижесінде 11 түлек грант иегері атанған.

№112 орта мектебінің алғашқы іргетасы ертеректе қаланған. 1952 жылы «XIX партсъезд» атындағы мектеп болып ашылған. 1950 жылы Ташкент теміржол мекемесінің оқу бөлімі Қызылорда қаласынан жаңа мектеп ашуға ұсыныс алып, жаңа мектеп пайдалануға берілді. Алғашқы мектеп директоры болып Нағима Ахмадеева тағайындалды.

Нағима Абдоллақызы 1936 жылы Петропавл қаласында мұғалімдер институтын бітіргеннен кейін оқытушы болып жұмыс істеді. Одан соң 1943 жылдан бастап қала, аудандық білім беру бөлімдерінде меңгерушілік қызметтер атқарды. 1945 жылы Қызылорда қаласына қоныс аударып, қалалық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, 1950-1952 жылдары қалалық партия комитетінің хатшысы, 1952-1978 жылдары №112 орта мектептің директорлы қызметтерін абыройлы атқара білді.

Өмірі өнегеге айналған ұстаз педагогикалық саланың қыр-сырын толық меңгеріп, 26 жыл білім саласында еңбек етеді. 2017 жылы өзі қызмет еткен білім ұясына аты берілді. Бүгінде өз биігін қалыптастырған оқу ордасы Сыр өңіріне ғана емес, бүкіл елімізге танымал тұлғалар түлеп ұшқан қасиетті шаңыраққа айналды.

БАЛА ТӘРБИЕСІ – ҚАСТЕРЛІ ҚЫЗМЕТ

Бұл мектепте әр жылдары талантты да тәжірибелі мамандар жұмыс істеді. Олардың қатарында Инна Воробьева, Анатолий Васильевич, Валерий Викторович, Нұржамал Мырзамұратова, Рафкат Хафизов, Наталья Васильевна, Асылхан Сейілхановтар бар. Олар әрқашан да «Мектеп – киелі шаңырақ, бала тәрбиесі – қасиетті жұмыс, ал ұжымды ұйымдастыра білу – абыройлы міндет» деген ұстанымды мақсат тұтты.

Ал бүгінгі мектеп директоры Ғабидулла Әбдірайымұлы білім саласына жолдан қосылған жай адам емес. Білім саласының саласының отымен кіріп, күлімен шыққан маман. Өзі басқарып отырған ұжымын қай кезде де жаңашылдыққа, бастысы, білімді тәрбиемен ұштастыра отырып заманауи қабілетке үндеп келеді.

Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов айтпақшы, «Мектептің жаны – мұғалім». Расыменде ұстаз оқу үдерісінде басты тұлға. Мұғалімдер өмір бойы жинаған білімдерін адал көңілі мен пейілін, ыстық жүрегімен шынайы тілегін, маңдай тері мен қызметін, бәрін-бәрін шәкірт болашағына жұмсайтын болмыс иесі. Мектептің ұлағатты ұстаздары Негізбек Имбетов, Серік Асанов, Болатбек Беисов, Рита Рысбаева, Алмаш Ақбергенова, Айзада Сайдалиева секілді басқа да мәртебелі мамандық иелері өздеріне жүктелген жауап-кершілікті абыроймен атқарып келеді. Жас шәкірттер бойына даналықтың дәнін сеуіп, білім нәрімен сусындатуда бар ынта-ықыластарымен еңбек етуде. Олардың тәлімін алған шәкірттер әртүрлі білім бәйгелерінде оза шауып, мектеп мерейін үстем етіп жүр.

ҰСТАЗДАН ШӘКІРТ ОЗАР…

Қоғам жетілген сайын «Ұстаздан шәкірт озады» демекші, облыстық әкімшілікте қызмет атқарып жүрген Азамат Жайсаңбаев, Елена Шмарина, облыстық прокуратурада қызмет атқаратын Нұрлан Бижанов, Назарбаев зияткерлік мектебінде қызмет атқаратын Жәмила Есанова, Сейхун спорт клубының директоры Алексей Абдулхасанов, жер комитетінің бөлім басшысы Дәурен Бижанов – мектеп мақтаныштары.

Мектеп жетістіктері ұстаздар қауымына күш беріп, оларға шығармашылық шабыт сыйлары анық. Осы тұста жүлделі орын алып, мектеп мерейін үстем етіп жүрген ұстаздардың жетістіктерін де атап айта кетуді жөн көрдік. Соның бірі – бала жанының бағбаны атанып жүрген бастауыш сынып мұғалімі Ұлбосын Бисенова. Ол республикалық, облыстық, қалалық жарыстардың жеңімпазы. «Ұлы дала Ұстазы» медалінің иегері. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ұлжан Жорабекова – облыстық кәсіподақ комитетінің, облыстық білім басқармасының құрмет грамоталарының иегері. Марина Иманғалиқызының оқушысы Азат Наргиз «Абай шығармаларының тағылымы» атты ғылыми жобада I дәрежелі дипломға ие болды. Таеквондо спорт түрінен оқушысы Томирис Ідірісова түрлі жарыстың жеңімпазы. Бастауыш сынып мұғалімі Айткүл Әбдірбаева ПОНИ халықаралық байқауына білімді оқушылар дайындағаны үшін арнайы диплом және облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Серік Асанұлы түрлі республикалық, облыстық конкурстарда оқушылары үздік көрінгені үшін облыстық білім басқармасының арнайы «Құрмет грамотасын» иеленді. Тарих пәнінің мұғалімі Айгүл Рақымжанова, информатика пәнінің мұғалімі Салтанат Тұрсынова, Алмагүл Дүйсенғазиеваның оқушылары көптеген сайыста озық шығып, мектеп пен Сыр елінің атын абыроймен қорғап келеді. Математика пәнінің мұғалімі Ләззат Өтепова қалалық «Үздік математика пәнінің мұғалімі-2020» байқауында III орынмен марапатталды. Сонымен қатар Индира Әбжанова, Айжан Сәдуақасқызы, Әлия Асқарова, Мөлдір Ақылбекқызы сынды жас ұстаздар қауымы аға буын өкілдерінің жолын жалғап келеді. Түрлі ғылыми семинар-конференциялар, қайырымдылық іс-шаралар, әртүрлі бағыттағы акцияларды ұйымдастыру барысында мектеп ұжымы бір кісідей талаптарды орындап, құрметке бөленіп жүр.

ДИРЕКТОРДЫҢ ДЕРЕГІ

– 2020-2021 оқу жылында мектеп күрделі жөндеуден өтті. Демеушілер көмегімен мектеп ауласына спорт алаңы салынды. Оқушылар қауіпсіздігі үшін мектеп алдына турникет орнатылды. Білімге көңіл бөлген кезде ғана ол оң нәтиже көрсетеді. Шәкірттеріміз әртүрлі олимпиада мен спорттық сайыстардың жеңімпазы екенін атап өткім келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 процентке көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсаймыз. Қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр. Педагогикалық мамандыққа оқуға түсу балы жоғарылады. Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз. Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс. Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Жалпы еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу» деген еді. Біз де осы мақсатта Президент Жолдауын іске асыруда жүйелі жұмыстар жасап келеміз. Алдағы уақытта да бұл тұрғыдағы жұмыстар жалғаса беретін болады. Мектеп мерейін өсіретін дарынды шәкірт тәрбиелеу бүгінгі күннің басты талабы. Осы үдеден шыға білеміз деп сенемін, – дейді мектеп директоры Ғабидулла Шарапатов.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: