Сенбі, 20 сәуiр, 16:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Мектептегі құс бағы

19.04.2022

1271 0

Соңғы жылдары елде білім беру сапасы да, форматы да өзгерді. Мектеп оқушыларының білім алуына жағдай жасау және ілім-ғылымға құштарлығын арттыру бүгінде қарқынды жүргізілуде. Солай болуы шарт. Өйткені келешектің тұтқасын ұстар болашақ азаматтарымыздың көзі ашық, оқыған-тоқыған болуы маңызды. Осы орайда олардың білім алуға деген құштарлығын арттыру, бос уақытын қызықты да тиімді өткізу керек. Бұл мақсатта әр мектеп өзіндік ерекшелікті қолға алған. Соның бірі – шаһардағы Нағи Ілиясов атындағы №9 мектеп гимназиясы.

Өз шәкірттеріне экономика және экология бағытында білім беретін бұл мектептің бір ерекшелігі – мектеп ауласындағы құс бағы.  Иә, мектеп ауласында кәдімгі зообақ бар. Тордан арнайылап жасалған ұяда үнді, алтын түсті павлин, румынь қырғауылдары бар. Оқушылар үзіліс кезінде құстарға қамқорлық жасайды. Ал мектепке келген ата-аналар құс бағын тамашалай алады. Айта кетерлігі, мектеп ауласына құстарды орналастыруға қалалық білім бөлімінен арнайы рұқсат алынған және құстардың ветеринариялық құжаттары да бар. Яғни павлиндер мен қырғауылдардан келіп кетер зиян жоқ.

Қазіргі таңда мектеп ұжымы құстарды күтіп-бағып қана қоймай оларды оқушылардың ғылыми жұмыстарына да пайдалануда. Мәселен, мектептің 11 сынып оқушысы Аян Орынбасар құстарға қызығушылық танытып, қазіргі кезде оларды зерттеумен айналысуда. Бұрын оқығанын тәжірибе жүзінде іске асырып, зерделеу оңтайлы екенін айтты.

– Бұл құстар бағының бізге берер мүмкіндігі көп. Н.Ілиясов атындағы №9 мектеп экономика мен экология бағытында білім беретіндіктен мектеп оқушылары бұл құстарды зерттеу жұмыстарымен айналыса алады. Одан бөлек бұл баққа оқушылар мен ата-аналардың да қызығушылығы жоғары. Құстар бағын білімін жетілдіру мақсатында пайдаланған алғашқы оқушылардың бірімін. Жетекшіммен бірге павлин мен қырғауылдарды тереңірек зерттеп, олардың ерекшеліктерін де анықтадық, – дейді озат оқушы Аян Орынбасар.

№9 мектептің 11 сынып оқушысы Аян Орынбасар

Қазіргі таңда ерекше құстармен ғылыми жоба қорғайтын ол өзге мектептерге де насихаттап та жүр. Құс әлеміне қызыққандар құстармен жақынырақ танысу үшін арнайы келіп тамашалап кетеді екен.

Жалпы табиғатта бұл құстар көп өмір сүрмейді екен. Мысалы, алтын қанатты павлинның табиғатта, жабайы аймақта орташа өмір сүру көрсеткіші 6-10 аптаны ғана құрайды. Ал оларды қолда өсіру арқылы 15-20 жылға дейін өмір сүретін жағдай жасауға болады. Яғни, мектеп ұжымы құс бағын ашып оқушылардың назарын бұрып қана қоймай құстарға өмір сыйлауда.

Құс бағы мектеп оқушыларының оқу-тәрбие үдерісіндегі пәндік білімдерін арттыруда да үлкен рөл атқаруда.

№9 мектеп-гимназиясы директорының бейінді оқу ісі жөніндегі орынбасары Сағыныш Сүйіндікова

– Оқушылар саябақта қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырады. Тәрбие және экологиялық сабақтарда және ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл саябақ мектеп директоры Батырбек Әбиевтің бастамасымен ашылды. Ал құстар саябағын салуға демеушілер көмектесті. Қазіргі кезде мұнда тек павлин мен қырғауыл бар. Алдағы уақытта құстар қатарын арттыру да жоспарланып отыр, – дейді №9 мектеп-гимназиясы директорының бейінді оқу ісі жөніндегі орынбасары Сағыныш Сүйіндікова.

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: