Дүйсенбі, 04 қараша, 04:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№87-2097
02.11.2024
PDF мұрағаты

Мұнда тіл үйрену тегін

02.07.2022

783 0

Тіл меңгерудің бүгінгі қоғамда өзек­тілігі артты. Әсіресе ағылшын тілін меңгергендер қоғамда бір саты жоғары тұратыны жалған емес. Сондықтан бү­гінде мектеп оқушыларынан бастап жасы үлкендер де тіл үйренуге көп көңіл бөледі. Әрине, білімге құйылған «инвестиция» қай кезде де жемісін берері анық. Алайда тіл үйрету курстарының бүгінде бағасы «аспандап» тұр. Ал тілді мемлекет тара­пынан тегін үйренуге болатынын көбі біле бермейді.

Иә, расымен мемлекет қоғамның дамуы үшін бүгінге дейін біраз жоба жасады, әлі де жаңа бастамалар қолға алынуда. Оның игілігін көргендер де жоқ емес. Десе де кейде қоғамда «тегін» дүниеге салғырт қарайтын кездер кездеседі. Мемлекеттен берілген мүмкіндікті пайдаланбай, жеңілдіктерге жеңіл қарайтындар қатары көп. Одан бөлек мұндай пайдалы жобалар қоғам назарынан тыс қалып жататыны да шындық. Осы орайда оқырман қауымның назарына облыстық тілдерді оқыту орталығы туралы баяндауды жөн көрдік. Басты мақсат – қала тұрғындарына тиімділігі мен берері мол мекемені таныстыру.

Қазақстан Республикасы Президенті­нің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығы­мен бекітілген «Тілдерді қолдау мен дамыту­дың 2001-2010 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасы» жасал­ды. Бағдарламаға сай 2008 жылы Қызыл­ордада алғаш рет облыс әкімдігі қаулы­­сы­мен «Тілдерді оқытудың өңірлік орта­лы­ғы» қызметін бастады. Бастапқыда мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ретінде ашылған мекемеде облыстық бюджет­тен қаржыландырылатын мекеме қызмет­кер­лері ғана тегін тіл үйрене алатын.

Алайда 2016 жылғы 30 маусымда мекеме таратылып, ішкі саясат басқарма­сының №509 қаулысына сәйкес «облыс­тық ішкі саясат басқармасының «Қызыл­орда облысының тілдерді оқыту орта­лығы» коммуналдық мемлекеттік меке­месі ретінде қайта құрылды. Міне, осы тұста орталық енді қала тұрғын­дарының игілігіне қызмет етуді қолға алды. Оқу орталығы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында мем­лекеттік тілді және басқа да тілдерді оқыту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында қызмет көрсетеді.

Қазіргі кезде тілдерді оқыту орталығы мемлекеттік және мемлекеттік емес мекеме­лер, кәсіпорындар мен басқа да ұйым қызметкерлеріне, сонымен қатар жеке тұл­ға­ларға мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді оқытады. Яғни қарапайым қала тұрғынының да осы жерден мемлекеттік тілді, сондай-ақ орыс және ағылшын тіл­дерін үйренуге мүмкіндігі бар. Алайда бұл орталық тек кәмелет жасынан асқан тұрғындарға ғана қызмет етеді. Ал мем­лекеттік қызметте жұмыс істемейтін қала тұрғындарын оқытуда еш шектеу жоқ.

− Оқыту орталығы арқылы 2016-2021 жылдар аралығында 10452 адам тіл оқыту курсынан өтті. Оның ішінде 4439 адам мемлекеттік тілді игерсе, 2411 адам орыс тілі және 3602 адам ағылшын тілін үйренді. Қазіргі таңда орталықта 35 маман қызмет етеді. Оның 21-і аудандарда, 14 қызметкер облыс орталығында. Биылғы жылдың бірін­ші жартыжылдығында 1152 адам тіл курстарынан өтті. Көбіне орталыққа ағыл­шын тілін меңгергісі келетіндер келеді, − дейді облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы Мартана Дәулетбаева.

Орталық оқытушылары Қызылорда қаласы және аудан орталықтары көшеле­рінде ілінген билбордтардағы көрнекі ақпараттардың орфографиялық, стильдік жағынан дұрыс жазылуын тексеру мақса­тында рейд жұмыстарын да жүргізіп тұрады. Одан бөлек мекемелерге әдістеме­лік көмек кітаптарын тарату, іс-шаралар ұйымдастыру арқылы тіл саласын дамытуға оң үлестерін қосып келеді.

Облыстық тілдерді оқыту орталығы қала тұрғындары арасында ерікті түрде тіл үйренгісі келетін адамдар үшін кез­десулер ұйымдастырады. Нәтижесінде арнайы ерікті топ құрылып, белгілі уақыт көлемінде тіл деңгейін оқып шығады. Курсты бітірушілерге арнайы куәлік немесе сертификат табысталады. Бұл ту­ралы тілдерді оқыту орталығының оқу-әдістемелік бөлімі басшысы Жаныгүл Ерекешова айтып берді.

− Орталық «Мемлекеттік тілді дең­гейлік оқыту», «Орыс тілін шет тілі ре­тінде жеделдете деңгейлік оқыту», «Ағылшын тілін жеделдете деңгейлік оқыту», «Сөйлеу мәдениеті» атты курс­тарды жүргізеді. Тіл үйренушілердің тілдерді белгілі бір деңгейде қиындықсыз меңгеруі үшін қажетті оқулықтармен, оқу-әдістемелік және көмекші оқу-құрал­дармен, сөздіктермен қамтамасыз етіледі. Мәселен, өз еркімен тіл үйренуге кел­гендерге мамандар сабақ өткізіп, тапсырма береді. Сонымен қатар арнайы кездесулер, семинар-тренингтер де өткізіп тұрады. Бұл тіл үйренушілердің оқуға деген құлшынысын арттыруға, сабақтарды қы­зықты өткізуге септігін тигізеді, − дейді бөлім басшысы Жаныгүл Мұхитқызы.

Орталықта тіл үйренуге келгендердің қатарында өзі үшін оқитындармен қатар шетелге шығу, магистратураға тапсыру мақсатында тіл үйренетіндер бар. Тіпті IELTS, TOEFL секілді маңызды шет тілі емтихандарына орталықта дайындалып шетелге оқуға түскен, «Болашақ» бағдар­ламасымен білім алғандар да бар.

− Орталық туралы «Мүмкіндіктер алаңы­нан» біліп, ағылшын тілін оқимын деп шештім. Мұнда тіл үйрену тегін болғанымен ақылы курстардан артық­шылығы болмаса, кемшілігі жоқ. Білікті де білімді мұғалімдердің арқасында қазір­гі кезде тіл білу деңгейім де едәуір жоға­рылады. Орталықтан ағылшын тілінің грамматикасын меңгеріп, еркін сөйлеуді үйреніп жатырмын. Бұл алдағы уақытта магистратурада білім алуыма септігін тигізбек, − дейді орталықта ағылшын тілін үйреніп жүрген тыңдаушы Зарина Жүсіпова.

Өрт  сөндіру қызметі де орталықпен тығыз байланыста. 2011 жылдан бері әріптестік байланыс орнатып, тіл мең­геруде. Өрт сөндірушілердің ішінде ағыл­шын, орыс тілімен қатар мемлекеттік тілді оқитындар да бар.

− Алғашында өз ана тіліміз ғой, оның үйренетін несі бар деген ой болатын. Кейін орталықтан мемлекеттік тілді мең­геру кезінде біраз ережені білдік. Ол бізге қазақ тілінде іс қағаздарды жүргізуге көмектесуде. Орталық мамандарымен әр­қашан тығыз байланыстамыз. Қандай да бір сұрақ туындаған кезде сол кісілерге жүгінеміз. Одан бөлек бірлесіп семинар, дөңгелек үстел мен жиналыстар да өткізіп тұрамыз. Қазіргі кезде біздің қызметкерлер үздіксіз тіл меңгеруде, − дейді өрт сөндіру қызметінің маманы Ақмарал Айдарбекқызы.

Орталық алдағы уақытта ересектерге тілдерді оқытып-үйретумен ғана шектел­мей, өңірдегі ғалымдар мен тіл маман­дарының, блогерлер, журналистер және тіл жанашырларының ұсыныс-пікірлері негізінде бас қосатын пікір алмасу алаңын ұйымдастыруды, сондай-ақ түрлі сала­дағы терминдермен жұмыс істеп, жоғары тұрған органға ұсыныстар енгізуді, әдіс­темелік құралдар дайындап шығаруды жоспарлауда.

Бір айта кетерлігі, орталық еш қиындық­сыз қызметін атқаруы үшін ғимаратқа мұқтаж. Оқушылар мен оқытушыларға жағдай жасалуы маңызды болып тұр. Еш қиындықсыз тіл үйреніп, сабақ өту үшін дәрісханасы бар арнайы мекеме керек-ақ.

− Алға қойған жоспар көп. Соның бірі – ғимарат мәселесі. Қазіргі кезде біз дәрісхананы жалға алып отырмыз. Бұл мәселені шешу үшін арнайы орындарға хат жазып, ұсыныс-өтінішімізді білдіріп жатырмыз. Одан бөлек те бірқатар жоспар бар. Мәселен, облыс тұрғындарына латын қарпіне негізделген жаңа әліпбиді үйрету үшін дайындықты күшейтіп, тиісті жұмыстар атқарамыз. Міне, осы сарындағы өзі­міздің қызметке байланысты жоспар көп, − дейді орталық басшысы Мартана Қонысбекқызы.

P.S. Көп тіл білетін адам биік белесті бағындырады. Бұл бүгінгі қоғамның шындығы. Сол себептен де соңғы кезде тіл үйренушілер қатары көбейді. Алдағы уақытта кем дегенде үш тілде еркін сөйлейтін адамға таң қалудан да қаламыз. Бұған бүгінгі мақалаға арқау еткен тілдерді оқыту орталығы да өзінің елеулі үлесін қосары анық. Тегіннің бәрі сапасыз емес және мемлекет қолдауынан қашудың да қажеті жоқ. Бастысы − берілген мүмкіндікті пайдалана білген маңызды.

А.БІРКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: