Жұма, 26 сәуiр, 14:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Тереңнен тамыр тартқан тектілік

11.09.2021

957 0

«Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды….».

А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Адам өмірге келген соң оның тұлға болып қалыптасуының өзіндік орны бар. Тұлғалық келбетін даралайтын құндылықтарды құнттай отырып, қорғауға, құрметтеуге тиіс. Отан, ел, тәуелсіздік, тіл – адам жанынан ажырамайтын құбылыстар. Ес біліп, еңсе көтергелі бері ұлттық мұраны жаңғырту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Өшкенімізді жағып, өткенімізді оралтудың мүмкіндігі туған сәтте тіл мерейін көтерудің маңызы зор. Тіл білімінің атасы, ұлт көсемі А.Байтұрсынұлы Алаш халқының хат тануына зор ықпалды болған тұлға. «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген орамды ойлардан қазақ халқының болашағына алаңдаушылық білдіргенін аңғаруға болады. Осы орайда тектілік ұғымының мазмұнына үңілер болса, қазақ қашанда тектілікті жоғары бағалап, қанға сіңген қасиет деп санап келген. «Текті жердің ұрпағы», «текті бала» деген тіркестер осының айғағы. Біздің бүгінгі сөз еткелі отырған кейіпкеріміз текті атаның тегеурінді жұрнағы. Қазақ даласында Абай, Қорқыт, Асан қайғы, Шоқан сынды теңдессіз тұлғалар өмір сүрді. Десек те ұлт көсемі ешкіммен салыстыруға келмейтіндей жарық жұлдыз іспетті. Жоғарыда аталған тұлғаларға ұқсайтын да, ұқсамайтын да жақтары бар. Ұқсайтын жағы халықты ағарту бағытын таңдауы, ал ұқсамайтын жағы халықты тығырықтан шығару бағытында антикалық бағытты ұстанумен ғана шектелмейтіні.Ұлттың бойындағы сан ғасырлар жинақтал-ған рух пен мұраттың ұлы бұлқынысы болған Алаш қозғалысы ел тағдыры туралы тақырыпты өзіне өзек еткені белгілі. Алаш қайраткерлері күресінің тағылымы да, Алаш қаламгерлерінің мұрасы да жылдан жылға қазақтың рухани-мәдени өміріне еніп, «Алаш» сөзі аяулы ұғым, қасиетті түсінік ретінде қоғамда асқақтап айтылып келеді. Қазақ әліпбиін алғаш жасаушы ретінде қазақ тарихында өшпес із қалдырған А.Байтұрсынұлының қазақ қоғамында алар орны ерекше. Ақаң жазған естеліктері, ізденістер мен еңбектері елу жылдан соң ақталып, халық игілігіне жол тартты. 5 қыркүйек ұлт көсемінің туған күні Қазақстан Халықтарының тілдері мерекесі болып белгіленуі кездейсоқтық емес. Ұлт ұстазына деген құрмет осылай болуы шарт. Қазіргі таңда өзекті тақырыпқа айналған латын әліпбиіне көшу жоспарының негізгі бастауы да Ахаң негізін қалаған әліпбиде жатыр. Абайша атқанда: тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін жұмыр қазақ әліпбиінің жарыққа шығар сәті де алыс емес. Латын әліпбиін қабылдаудың өзі біздің ұлттық тінімізге айналған ұлттық тілімізге оралу деп түсінемін.

Тіл тақырыбы күн тәртібінен түспейді, шеті жоқ шексіздік сияқты. Қай заманда болсын ұлттық рух пен егемендіктің символындай болған тұғырлы тіліміздің мерейі үстем.Уақыт өте келе сол қасиетті Ана тіліміздің тәуелсіздік туына айналары сөзсіз. Себебі тіл жағдайы кешегі жардың шетінде, желдің өтінде тұрған заманнан өтті. Бүгінде мемлекеттік тіл – ұлттық сана мен биік рухты қалыптастыруға апаратын сара жолға айналып келеді. Қазіргі қоғамда қазақ тілінің қажеттілігі дәлелденіп отыр. Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекеттік тіл саясатын жүргізудегі салиқалы ойы мен салмақты жоспарының арқасында мемлекеттік тіл қайта жаңғырды, ел тәуелсіздігімен бірге қайта түледі. Мемлекеттік тіліміздің қоғамның барлық саласы мен мемлекеттік басқару жүйесінде салтанат құрғандығына куә болып келеміз.Тәуелсіздіктің ажырамас үштағаны – кең байтақ жер, қастерлі тіл және береке-бірлік деп танитын болсақ, еліміздегі барша халықтың басын біріктіруші фактор ретінде қазақ тілінің құдіреті ерекше. Тәуелсіздіктің арқасында тарихымыз бар, бай, құнарлы тіліміз тірі, шегенделген шекарамыз байтақ. Бұл – Тәңірдің бізге берген басты сыйы, Тәуелсіздіктің жемісі. Осы құндылықтарды құлдыратпай жұмыла жұмыс істеуміз керек. Осы күнді армандап аттың жалын құшқан ата бабамыздың ерліктерінің өтеуі ретінде ұлттық мұраларымызды болашаққа аманаттау – бүгінгі буынның парызы. Олай болса ұлт бірлігі жолындағы міндеттерді орындауда бір сәт болса да қалғып кетпеуге тиіспіз.Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен қатар келген ұлы ақын, қазақ әліпбиінің негізін салған ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жылдығымен қатар келіп отыр. Мерейлі мереке қарсаңында «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы және облыстық тілдерді оқыту орталығымен бірлесе ұйымдастырылған жалпы білім беру ұйымдарының 5-7 сынып оқушылары арасында тілдер мерекесі аясында «Шешеннің тілі-шебердің бізі» тақырыбында қашықтан облыстық полиглот байқауы өткізілді.

Байқаудың мақсаты – оқушылардың ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттыру, ойлау қабілеттерін дамыту, танымдық қабілетін, ой-өрісін дамыту, дүниетанымын кеңейту, сөздік қорын молайту болып табылады.

Мектеп және колледж студенттері арасында «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» атты пікір алмасу алаңы өткізілді. Іс-шарада оқушылардың өзіндік, мазмұнды жұмыстар жүргізілгені көрініс тапты. Осындай зейінді де зерделі білім алушыларымыздың ізденімпаздығы арта берсін.

Мерейлі мереке баршаңызға құтты болсын!

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, тіліміз ғұмырлы болсын!

Гүлбану ИМАМЗАДАЕВА,

«Дарын» облыстық қосымша білім беру

орталығының бөлім меңгерушісі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: