Сенбі, 07 желтоқсан, 20:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Үйретері көп «Оқушылар сарайы»

26.04.2022

1151 0

Өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен дамуына ерекше көңіл бөлу –

бүгінгі күннің басты мақсаты. Осы орайда жас жеткіншектердің интеллектуалды дамып, кәсіби бағдарлануына мектептен тыс білім беру жүйесі мен тәрбиенің тигізер үлесі зор.

Қаламыздағы «Оқушылар сарайының» педагогикалық ұжымы балалардың шы­ғармашылық дамуына қызмет етіп келеді. Қосымша білім беру орталығы – талай шәкірт­тің талабын ашып, жетістікке жетуіне себепші болған. Мекеме әрбір жас өреннің интеллектуалды дамуына, оның қызығушығы мен қабілетін ашуда нәтижелі қызмет көрсетіп келеді. «Оқушылар сарайының» үйірме жетекшілері де осы мақсатпен қызмет етуде.

Оқушылар үйін балдырғандар әлемі деп атауға да болады. Бұл шаңыраққа бас сұға қалсаңыз, үйренсем-білсем деген жігерлі өрендерді көресің. Бүгінде мұнда 4 бағыттағы бөлімдер қызмет етеді.  Олар – көркем-шығармашылық, бейіндік оқыту, туристік – қолданбалы өнер және IT IMAQORDA балалар технопаркі. Балдырғандар әлемінде 62 педагог қызмет етеді.  Онда 57 үйірме және мектепалды даярлық топтары бар. Хореография сыныбы және  ағылшын  тілі  үйірмелері  ақылы болса,  қалған  үйірмелер  тегін. Үйірмелерге 5-17 жас аралығындағы 1408 бала қатысып жүр.

Жас өрендердің бос уақытын тиімді өткізу үшін түрлі үйірмелермен қамту маңызды. Балалар  заман талабына сай шыңдалады. Робототехника мен озық технологияларға машықтанады. Сондықтан көп ата-аналар баласын осында жетектеп келеді. Сол себептен бұл шығармашылыққа жақын балалардың сүйікті орнына айналған.

– Қазіргі таңда ата-аналар өз балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында  бірнеше үйірмеге жазып жатады. Әр үйірмеде өрендер өз қабілетін дамытуға және мектепте алған білімін жетілдіруге міндетті. Сондай-ақ бұл үйірмелер болашақта мамандық таңдауда адаспауға көмектеседі. Сондықтан барлық үйірмелерге қызығушылық жоғары. Дегенмен робототехника, вокал, домбыра, хореография, ағылшын тілі, орыс тілі,  бейнелеу, қолөнер үйірмелеріне және мектепалды даярлық топтары зор сұранысқа ие, – дейді қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы директоры Меруерт Әбдіқалықова.

Орталықта патриоттық тәрбие, көркем-эстетикалық, мем­лекеттік тілді құрметтеу бағытында, салауатты өмір салтын қалыптастыру, ғылыми-техникалық бағытты дамыту бойынша іс-шаралар  өтуде. Қазіргі таңда орталық   мұғалімдері  өңірдегі талапты жастардың қабілетін шыңдау жолында жемісті еңбек етіп келеді. Жеткіншектер түрлі халықаралық және республикалық конкурстарда жүлделі орындардан көрініп жүр.

– Үйірме оқушыларының жетістіктерін  мақтанышпен айта аламын. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында өткен жасанды рельефтегі спелеотуризм бойынша ҚР чемпионатына орталық атынан «Спорттық-туризм»  үйірмесінің «Экстрим» командасы қатысып, командалық есепте жүлделі II орын иегері атанды. Сонымен қатар  сәуір айында  «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» балалар киносының республикалық фестивалінің облыс­тық кезеңі  қашықтан өткізілді. Байқауға  «IТ IMAQORDA балалар технопаркі» бөлімінің VLOG Kadr үйірмесінің оқушылары «Киножурнал»  және «Ең үздік операторлық жұмыс» номинациясы бойынша қатысып жүлделі ІІ, ІІІ дәрежелі дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды.

Біздегі жұмыстар сыныптан тыс жұмыстардың күре тамыры десе болғандай. Орталықтың жылдық жоспары, алдына қойған мақсаты бар. Бізден тәлім алып жүрген балалар сахнада өздерін еркін ұстап, сахна мәдениетімен танысып қоймай, эстетикалық талғамын да арттыратын болады. Жас дарындар ұялшақтықтан, қысылып-қымтырылудан арылады. Біз әрқашан жауапкершілікпен әрі тиянақты жұмыс істейміз. Өйткені баланың дарынын ашу, оны өнерге үйрету аз уақыттың жұмысы емес. Ата-аналар да баласы­ның бойынан талант ұшқынын байқап, соны әрі қарай дамыту дараландыру үшін орталыққа әкеледі. Орталық мамандарына сенеді, – дейді қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы директоры Меруерт Әбдіқалықова.

Орталықта бүгінгі күні балалар мен жастарды тәрбиелеу жүйесін жетілдіру бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізіліп келеді және оның ішінде тәрбие басым бағыт ретінде айқындалған. Өрендерді шығармашылық тұрғыда шыңдап  және  әрі  қарай  дамыту  мақсатында  күнделікті әртүрлі  тақырыпта  танымдық  шаралар   ұйымдастырылады.

Оқушылар үйі – жас жеткіншектер ордасы. Орталық жасөспірімдердің көзқарасын кеңейтіп, үйірме мүшелерінің азаматтық, патриоттық сезімін шыңдау, оларды мейірімділікке тәрбиелеп, бала бойындағы рухани құндылықтарды дамыту, азаматтық және көшбасшылық қабілеттерін арттыру мақсатында жұмыс істейді. Ерінбей еңбек еткеннің нәтижесінде осы үдеден шығып келеді. Сол себептен де қаладағы сұранысқа ие оқу ошақтарының біріне айналып отыр.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: