Жұма, 29 наурыз, 11:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Ұлт ұстазы ұлықталды

26.10.2021

659 0

Ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы Сыр елінде де дүркіреп өтті. Н.Бекежанов атындағы академиялық музыка драма театрында сахна шымылдығын Ыбырай Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейдің ұстаздары мен оқушылары әсерлі прологпен ашты. Ұлағатты ұстазды ұлықтау шарасына облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова қатысты.

− Ұлы ағартушы, ұстаз, жазушы, этнограф, фольклоршы Ыбырай Алтынсарин біртуар болмыс иесі. Ыбырай ағартушылықтың негізін қалаған Ұлт педагогы ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Сондықтан қазақ елінің ағартушылық саласы Ыбырай Алтынсарин есімімен тікелей байланысты. Оның өлеңдері мен әңгімелері – ұлттық болмысымыздың айнасы. Барлық кедергілер мен қиындықтарға қарамастан, қазақ халқының зерделі ұрпағын тәрбиелеу жолында талмай еңбек еткен Ұлы ағартушыны ұлықтау – ең алдымен біздің, яғни педагогтардың басты парызы, − деді Ақзира Қасымова.

Сала басшысы барша Сыр ұстаздарын құттықтап, Ыбырай Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейдің ұжымына қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымының атынан ұстаздар бөлмесіне арналған екі принтермен жиһаз сыйға тартты. Сондай-ақ білім ордасының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләззат Байжігітова, орыс тілі пәнінің мұғалімі Сәуле Үмбетбаева, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, физика пәнінің мұғалімі Гүлшара Полуванова, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Анаркүл Тілеуова, бастауыш сынып мұғалімі Райкүл Рахметова, орыс тілі пәнінің мұғалімі Айнаш Қарамановаға және математика пәнінің мұғалімі Гүлшат Арыстановаға Қызылорда облысы әкімінің алғыс хатын табыс етті. Мұнан бөлек, бастауыш сынып мұғалімі Патима Карканбаева, музыка пәнінің мұғалімі Майра Ермаханованы, тарих пәнінің мұғалімі Перизат Байменованы және география пәнінің мұғалімі Әлия Кендебайқызымен бастауыш сынып мұғалімі Нұршат Төлегенованы қала әкімінің алғыс хатымен марапаттап, мерейін үстем етті.

− Ұлт ұстазының асқақ рухы ұлы мұраттарға жетелесін деп біздің өңірде де ұлықтау шаралары өтті. Облысымызда 3 білім беру ұйымы Алтынсарин атымен аталады. 36 мұғалім «Ыбырай Алтынсарин атындағы төс белгі» иегерлері. Біз қай кезде де ұлы тұлғалар аманатына адал екенімізді, Алтынсарин мұраларын қадірлеп, қастерлеу әрбіріміздің перзенттік парызымыз екенін айтқым келеді. Бүгін, міне, облыс ұстаздарының қатысуымен тағылымды шараның куәгері болып отырмыз. Бұл – біртуар ғұлама ойшылымызға деген зор құрметтің белгісі. Біз Ұлт Ұстазы – Ыбырай Алтынсаринның шығармаларын насихаттауда мерейтойлық жыл аясында қалып қоймай, ұлы кемеңгердің еңбектерін жас буынға жеткізу үшін жаңа жобаларды қолға аламыз, − деді сала басшысы Ақзира Бақтыбайқызы.

Еліміз бойынша тойланған ағартушының мерейтойы біздің өңірде де 10 күндік тағылымды шаралармен толықты. Алтынсарин мектептері желісінің қатысуымен республикалық тоғызқұмалақ сайысы өтті. Сонымен қатар қылқалам шеберлері мен жас ақындардар арасында мүшайра мен пікір-сайыс, сахналық қойылым, мәнерлеп оқу, ғылыми жобалар сайыс және волейболдан турнир ұйымдастырылды.

Салтанатты шарада Ы.Алтынсарин мектебі ұйымдастырған жарыстардың жеңімпаздары марапаталды.

Ұлт ұстазы саналатын Ыбырай Алтынсарин қазақ үшін қараңғыдан жарыққа шығарған жол нұсқаушы, бағыт беруші, бағдар көрсетуші тұлғамен тең.

Ыбырай әрқашанда ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздікті көре білді. Оның ағартушылық, демократтық көзқарастары ерте кезден қалыптасып дамыды. 1876 жылы Ыбырай Петербург, Қазан қалаларына барады. Орыстың ағартушылық жүйесін, орыс ағартушыларының еңбектерін зерттейді. Қазақ тілінде оқу құралдарын жасауды ойлайды. 1879 жылы Ыбырай Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалады. Бұл оның ағартушылық қызметінің кең өріс алуына жол ашады. 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастыруы – оның ағартушылық саласындағы аса зор еңбегі. Қазақ даласында мектеп санының артуына байланысты Ыбырай мұғалімдер даярлайтын мектеп ашуды қолға алды. 1881 жылы Омбы қаласында тұңғыш мұғалімдер мектебі ашылды. Ыбырай мектеп ашу ісімен ғана шектеліп қалмады. Ол сол мектептердегі

тәлім-тәрбие, оқу жұмысына айрықша мән берді. Оқу-тәрбие ісін жаңа бағытта ұйымдастырды. Бұл ретте ол мұғалімнің атқаратын рөлін жоғары бағалады.

Ыбырай «Қазақ хрестоматиясына» кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтерді. Оның «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңдері осындай мақсатта туған. Сыр сахнасында өткен шарада ұлт ұстазының өмір жолы мен еңбектері жан-жақты сараланды.

Ыбырай Алтынсарин артына өшпес мұра қалдырған қайраткер тұлға. Оның жарқын бейнесі мен өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа мол мұра болып қала бермек. Театр сахнасында болған шарадан біз осыны аңғардық

Тұрар ШАЙДУЛЛАҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: