Бейсенбі, 25 сәуiр, 14:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ұстазға құрмет

04.05.2022

915 0

Ұстаз – ұлы тұлға. Бүгінде бар өмірін бала тәрбиесіне, мұғалімдік қызметке арнаған ұстаздар жетерлік.

Білім беру саласында аянбай қызмет етіп, саналы ұрпақ тәрбиелей білген ұстазға құрмет көрсету – ұлағатты іс. Білімнің қасиетін ұғындырып, жол көрсеткен ұстаздарды ұлықтау – парыз.

Қаламызда білім саласының дамуына сүбелі үлес қосқан ардагер-ұстаздар көп. Солардың бірі де бірегейі, білімді де білікті ұстаз Жұмаш Балғожаева.

Жұмаш Сәметқызы – өз еңбек жолында өнегелі із тастаған ұлы тұлға. Білім беру мен тәрбие үрдісін ұйым­­дастыруда аянбай еңбек еткен. Шәкірт алдында зор жауапкершілікті жүктей білді. Өз ісінің мықты маманы болғандықтан бүгінде құрметке ие болып отыр. Қазіргі таңда еңбегі ақталған ұстаз. Мұны шәкірттерінің зор жетістіктерінен байқауға болады. Жұмаш Сәметқызының шәкірттері ұстазға арнайы кабинет ашуды ұсынған болатын. Ұсыныс қабыл алынып, 2018 жылдан бастап Жұмаш Балғожаева атындағы қазақ тілі мен әдебиет кабинеті жұмыс істеп келеді.

Ардақты ұстазды ұлықтау шарасы аясында Т.Рысқұлов атындағы №222 орта мектепте ардагер ұстаз Жұмаш Балғожаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерінің қалалық олимпиадасы алғаш рет ұйымдастырылған еді.

Олимпиадаға қала мектептерінен 40-қа жуық мұғалім қатысып, білім бәсекесінде бақ сынады. Ұстаздар шығармашылық мүм­­кіндіктерін қолданып, білімдерін ор­таға салды.

Қалалық олимпиаданы облыстық білім басқармасы басшысының орын­ба­сары Әзизбек Жәнібекұлы мен облыс­тық ардагерлер кеңесі төрағасының орын­ба­сары Күлтай Сағындыққызы ашып,  қатысушыларға сәттілік тіледі.

Білім бәсекесінің І кезеңінде ұстаздар белгіленген тақырыптар аясында эссе жазды. Ал ІІ кезеңде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша мектеп бағдарламасына негізделіп дайындалған тест сұрақтарына жауап берді. Байқаудың нәтижесі бойынша І орынды №101 мектеп-лицейінің мұғалімі Жадыра Жуынтаева иеленіп, оған 100 000 теңге сыйақы табысталса, ІІ орынды №3 ІТ мектеп-лицейінің мұғалімі Гүлайна Аймағамбетова иемденіп, 70 000 теңге сыйақы алды. Ал №1 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зәуре Алтаева жүлделі ІІІ орынға ие болып, 50 000 теңге сыйақымен марапатталды.

«Қыран түлегіне қайтпас қанат сый­лайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сый­лайды» демекші, ұстаз қай кезде де мек­тептің жүрегі, қоғамның тірегі. Жұмаш Балғожаева осы мектептің жүрегі болып, әркез еңбегі еленіп, құрметке ие болып келеді.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: