Қадір тұтып, құрметтейтін екі мамандық иесі бар болса, соның бірі – ұстаздық екені даусыз. Мағжан ақынша «Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде төрдегі орын ұстаздыкі» десек, ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсету ерте заманнан қалыптасқан мызғымас қағида.
Шаһар басшысы Нұржан Ахатов әлеуметтік философия саласының маманы, философия ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Оңғар Бермаханұлының 75 жас мерейтойына орай өткен салтанатты жиынға арнайы қатысты.
Белгілі ұстаздың өнегелі өмірі, табанды еңбек жолына тоқталған қала әкімі Нұржан Сәбитұлы аймақ басшысының арнайы құттықтауы мен облыстың ең жоғары марапаты «Құрмет» грамотасын табыстады.
Сонымен қатар, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық-саяси өмірінің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі үшін Қызылорда қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен Оңғар Бермахановқа «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағын табыстап, қазақы жолмен шапан жауып, құрмет көрсетті.
Оңғар Бермаханұлының 30-дан астам ғылыми мақалалары республикалық және шетелдік беделді басылымдарда жарық көрген. Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам қалыптастыру перспективаларына тыңғылықты әлеуметтік-философиялық зерттеу жүргізген ұстаздың ғылыми жұмыстары, бәсі жоғары еңбектері лайықты бағасын алып келеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!