Бейсенбі, 25 сәуiр, 05:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Уақытпен үндескен ұтады

07.06.2022

1037 0

Оқу жылы аяқталды. Қазір өзіне қол болатын, нәпақа табатын мамандық таңдау кез келген мектеп бітірушіні, ата-ананы толғандыруда. Өйткені сол арқылы бақытты өмірдің алғашқы баспалдағына қадам басатыны анық. «Өскенде кім болғың келеді?». Бұл – үлкендердің  балаларға қоятын ең танымал сұрағы. Ал мамандық – өмір таңдауы.

Кәсіби болашағыңды дұрыс анықтау – қоғамдағы өз орныңды табудың бірден бір негізі. Бұл – адамның жақсы, өмірлік табысқа жетуіне әсер ететін ең маңызды шешім. Себебі ертеңді бүгіннен жоспарлай білсең, келер күннің жарқын болары анық. Алайда аты дардай мамандықты оқып бітіргенімен, екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар көп. Өкінішке орай ата-аналар ҰБТ-дан аз балл жинаған баласын қатарынан қалмасын деп кез келген мамандыққа оқытады. Осыдан кейін қандай мықты маман шығады?

Қазіргі кезде жоғары оқу орындарын бітіргендердің көбі заңгер, экономист, кеденшілер. Олардың ойынша осы кәсіп иелерінің болашағы зор. Оны жоққа шығаруға әсте болмас. Расында, аталған мамандықтың табысы жоғары. Әйтсе де бүгінде нақ осы саланы бітіргеннің жұмыс табуы екіталай. Соның салда­рынан көптеген жастарымыз дипломын құшақтап, құрылыста, базарда немесе көлік жуу орындарында жүр.

Жасыратын несі бар, біздің елде кәсіптік-техникалық мамандық иеле­ріне сұраныс көп болғанымен маман­дар жоқтың қасы. Себебі қаладағы ірі құрылыс компаниялары мен жеке кәсіпкерлердің айтуынша, қазір кран­шылар, дәнекерлеушілер, бетоншылар, тас қалаушылар жетіспейді. Сондай-ақ аспазшы, тігінші, электрик маман­дарына да сұраныс көп. Бұрын бұл мамандықтарға ешкімнің қызығушы­лығы болмай, тасада қалған еді. Алайда қазір техникалық және кісіптік білім беру саласы қарқынды дамып келеді.

Жалпы Сыр өңіріндегі техникалық және кәсіптік колледждердің білім са­па­сы қандай? Онда оқып, білім алған жастардан мықты маман шыға ма? Бұл – көптің көкейіндегі сұрақтар. Халық ара­сында кеңес одағы  кезінен қалған ескі көзқарас көптеген жастардың дұрыс жол табуына әлі күнге кесірін тигізіп отыр. Мәселен, кешегі СПТУ, бүгінгі техникалық және кәсіптік колледждерге жоғары оқу орнына білімі жетпеген жастар, тұрмысы төмен отбасылардың балалары оқиды деген теріс пікір бар. Шын мәнінде бүгінгі сұранысқа нағыз қажетті мамандарды осында даярлайды. Тіпті олардың арасынан мықты жеке кәсіпкерлер шығуда.

– Қазіргі кезде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мате­риалдық-техникалық базасын жақсарту күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі. «Жастар жылы» аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаб­дықтау бойынша «Жас маман» жоба­сы іске асырылды. Нәтижесінде 9 кол­ледждің тізімі анықталып, кадрлар даяр­лау бағыты нақтыланды. Сондай-ақ материалдық-техникалық базалары за­манауи құрал-жабдықтармен қамта­масыз етілді. Жаңа оқу жылынан бас­тап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бойынша академиялық десбестік, модульдік-кредиттік техно­логия негізінде, «Жас маман» жобасы бойынша әзірленген 54 білім беру бағ­дар­ламасы жүзеге асырылуда. Бүгінде техникалық қызмет көрсетуге байланысты, Қызылорда қызмет көр­­сету сервистік колледжінде –  «аспазшы», «тігінші», «радио техника бай­ланысу» сияқты мамандықтарды оқытады. Ал Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі «ағаш ұстасы», «жиһаз өндірісі», тұрмыстық техни­ка­ларды меңгеретін мамандар даяр­лайды. Сонымен қатар «электр газ­бен дәнекерлеу», «автослесарь», кран, жылу мамандықтары бойынша жастар Қызылорда политехникалық колледжінде білім алады. Бұл кол­ледждер жұмысшы мамандықтарын дайындайды. Барлығының да мате­риалдық-техникалық базасы жаңартыл­ған, оқу көрсеткіші жоғары, – деді облыстық білім басқармасының тех­никалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Бекжан Есенбаев.

Заман дамып, қоғам өзгерген сайын уақыт көшіне ілескен мамандықтарға қажеттілік туындауда. Мәселен, эконо­микалық өндіріс нығайған сайын жұ­мысшы мамандарға сұраныс артып келеді. Ал мұндай мамандықты игеруге елде барлық жағдай жасалған. Кәсіптік білім беретін іргелі оқу орындарының бірі – М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі.

Бұл оқу орны алпыс жылдан астам уақыттан бері қаншама шәкірт тәрбиелеп, мықты жұмысшы маман­дарды дайындауда. Бүгінде мұнда сту­денттер Сыр өңіріне ең қажетті 10 мамандық бойынша білім алады. Атап айтсақ, «автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету», «жол-құрылыс маши­наларын техникалық пайдалану», «жылу электр станцияларының жылу энер­гетикалық қондырғылары», «жылу-техникалық жылу жабдықтары және жылумен қамтамасыз ету жүйелері», «механизатор», «химиялық талдау зерт­ханашы» тағы да басқа мамандықтар бар. Бір ерекшелігі, бұл оқу орнында барлық студенттер мемлекеттік тапсырыс негі­зінде грантта оқиды.

Мұнда оқытылатын мамандықтар­дың дені кәсіптік болғандықтан, мате­риалдық-техникалық база жоғары дәре­жеде жабдықталған. Нақтырақ тоқ­талсақ. «Автомобиль көлігіне қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша жеңіл және жүк автокөліктері құрылысы шеберханасы, жолда жүру ережелері пәнінің кабинеті, компьютерлі автотренажер, автокөлік доңғалақтарына техникалық қызмет көрсету шеберханасы, «Электромонтер» біліктіліктері бойынша шеберхана мен теориялық пән кабинеттері электр жаб­дықтарға қызмет көрсетуші электро­монтерлерге арналған заманауи оқу стенділері бар.

Сондай-ақ «Дәнекерлеу ісі» маманы­на арналған түрлі дәнекерлеуші аппа­рат, дизельді дәнекерлеу агрегаты, дәнекерлеушінің оқу-жат­тығу тренаже­рі, газбен пісіру, кесу құрал-жабдық­тары бар теориялық пән кабинеттері мен дәнекерлеуші шеберха­на­сы білім алушылардың кәсіби біліктілігін шың­дайды.

– Біздің оқу орны 2014 жылы дүние жүзілік банкі арқылы қаржыланатын бағдарлама грантын ұтып алды. Ал өткен жылы «Жас маман» бағдарламасының грантына қол жеткіздік. Бұл жаңа жоба­ның артықшылығы – ең қажетті мамандықтарға басымдық берілуі. Мәселен, қазіргі сұраныстағы мамандық­тарды сапалы етіп шығаруға күш жұмсау қажет. «Жас маман» жобасын іске асыру қорытындысы бойынша біздің колледж еңбек нарығында сұранысқа ие 3 мамандық бойынша маман даярлау үшін қажетті заманауи жабдықтармен жарақтандырылды. Бү­гінде білім мен біліктілік ұшталса ғана табысқа жетуге болатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Осыған орай колледж мұғалімдері мен білім алушылары халықаралық, республика, облыс кө­лемінде өтетін шараларға, байқаулар мен мамандықтар бойынша көрмелерге қатысып, үнемі жүлделі орындарға ие болуда. Сапалы білім берумен қатар жастардың тәжірибеден өтуіне, оқу орындарының өндірістермен байланыс орнатуына мемлекет мұқият көңіл бөлуде.  Кешегі түлектер бүгінгі таңда жемісті еңбек етіп жатыр. Сондықтан оқу орнын тәмамдаған мамандар тек қана біздің өңір ғана емес, еліміздің аумағында, тіпті шет елдерде кәсібі бойынша қызмет атқара алатындығына сенім мол. Бүгінде өздерінің жеке кәсібін ашып, біздің студенттерді жұ­мыспен қамтып отырған түлектер барын мақтанышпен айтуға болады. Өткен жылы бітірген түлектердің 85 проценті мамандығы бойынша жұмысқа орналасты, – деді М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі директорының оқу өндірісі жөніндегі орынбасары Анар Ертілеуова. 

Осы мәселеге келгенде талапкер де, ата-ана да жақсылап ойланғаны абзал. Өйткені бүгінгі ұғым мүлдем басқа. Бұрын қолында дипломы болса, жұмысқа бірден қабылдайтын. Ал қазір қолынан іс келмесе, көк қағаздың бар-жоғы маңызды емес. Сол үшін жастар аты «мақтаныш» мамандыққа емес, сұранысқа ие оқу­ға түсуі қажет. Сондай-ақ қазір өнер­кәсіп саласын меңгергендер далада қалмайды. Өйткені химия, экология, техника мамандарының болашағы зор. Жоғарыдағы мамандықтарды меңгерген әрбір азаматтың келешекте өзінің жеке кәсібін ашуға мүмкіндігі мол.

Сондықтан  әрбір мектеп бітіретін түлек «Қандай кәсіп иесі болғанда елге пайдам тиеді?» деген сауалды өзіне қойғаны жөн. Әрине, мамандық таңдау оңай емес. Десе де жас өмірінің бір кірпішін дұрыс қалап, өз саласының мықты маманы болу үшін қателеспегені абзал.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: