Жексенбі, 28 сәуiр, 14:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Жаңа оқу жылындағы жаңа өзгерістер

23.08.2022

1029 0

Жаңа оқу жылынан әрбіріміз оң өзгерістер күтетініміз анық. Әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттайтын өрендер ерекше толқитын сәт. «Қандай мектепке барған дұрыс?»  деген сұрақ ата-аналарды да ойландырмай қоймайды. Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-аналардың да, ұстаздардың да жауапкершілігі күшейе түсетіні анық. Бұл жергілікті биліктің де назарынан тыс қалмайтын мәселе. Сондықтан да облыстық білім басқармасына хабарласып, жаңа оқу жылы қарсаңындағы жаңалықтар жайлы сұраған едік.

Аймақтағы 295 мемлекеттік және 16 жекеменшіктік білім беру ұйымдарында 182 мың оқушы білім алады деп күтілуде. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда бес мың балаға көбейген. Жоспарға сәйкес, Арал және Жаңақорған аудандарындағы екі апатты мектептің құрылысы толық аяқталып, жаңа оқу жылына беріледі. 2022-2023 оқу жылында сыныпты екі топқа бөлу жүзеге асырылады. Қалалық және ауылдық мектептерде сыныпта 24 және одан да көп білім алушы болған кезде екіге бөліп оқытылады.  Мектеп табалдырығын 17 898 бүлдіршін ақтайды деп күтілуде.

  – Жаңа оқу жылында жаңа өзгерістер көп. Мәселен, бірінші сыныпта оқу жылының ұзақтығы 35 апта болып белгіленді, ал 2-11 сыныптарда 36 аптаға дейін ұзартылды. Осыған байланысты оқу жылы 31 мамырға дейін ұзарады. Тағы бір өзгеріс 1-ші сыныптың оқу бағдарламасында «Шетел тілі» мен «Орыс тілі» пәндері оқытылмайды. Бұл ретте меншік және оқыту түріне қарамастан, үлгілік оқу жоспарын таңдауға академиялық еркіндік беріледі. Бірінші сынып оқушылары «Әліппе» мен «Ана тілі» пәндері оқыса, «Көркем еңбек» пәні екіге бөлініп, «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері оқытылады. Сонымен қатар 1-сыныпта оқушылардың оқу жетістіктері бағаланбайды. «Өзін-өзі тану» пәні үлгілік оқу жоспарының инвариантты компонентінен шығарылды, яғни енді міндетті пән ретінде оқытылмайды, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов.

Білім – қоғамның көш бастаушы күші. Сондықтан бұл саланың сапасын арттыру  жолға қойылып келеді. Ал сапалы білімді игеру үшін заманауи талапқа сай ғимаратта білім алған маңызды. Қазіргі уақытта күрделі жөндеуден өтуге тиіс білім ошақтарының жұмыстары қыркүйек айына дейін аяқталады.

Осы жылдан бастап «Алтын белгі» аттестатын алуға үміткерлер үшін «Алгебра және анализ бастамалары» оқу пәні бойынша қорытынды аттестаттау Назарбаев Зияткерлік мектептерінің базасында жазбаша емтихан түрінде өткізіледі. Сонымен қатар биылдан бастап халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздары мен олардың педагогтеріне бір реттік ақшалай сыйақы беріледі.

Сондай-ақ мектептер 100 % интернет желісіне қосылып, бес оқушыға бір компьютер арақатынасында 44 127 компьютерлік құрылғымен қамтамасыз етілген. 

Биыл жас өрендерді оқулықпен қамтамасыз ету қарқынды қолға алынған.Яғни кітап жетіспеушілігі болмайды деп күтілуде. Осы орайда оқулық және оқу-әдістемелік кешендермен қамту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 13 баспамен 86 келісім-шарт жасалып, 1,4 млрд теңге қаржыға 637 313 дана оқулық алынған.

Осылайша, облыс орталығындағы мектептер жаңа оқу жылына сақадай сай. Бүгінде мектеп табалдырығын аттайтын өрендердің тізімі нақтыланып, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар анықталуда. Оларға арнайы көмек беріліп, балғындардың аталған жүйеден алшақтамауына барлық жағдай қарастырылады.

Мәселен, «Мектепке жол» акциясы басталғаннан уақыттан бері қаржылай көмекті алу үшін аймақ бойынша 30 мыңнан астам өтініш түскен. Міндетті оқу қорынан берілетін бір реттік көмек 20-25 тамыз аралығында ата-аналар немесе заңды өкілдердің жеке есеп шоттарына аударылып болады.

– Биыл міндетті оқу қоры есебінен көмекке мұқтаж отбасы ретінде 31 322 бала есепке алынған. Аталған қор есебінен бір реттік қаржылай көмекпен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 1 млрд 171,4 млн теңге бөлініп отыр. Аз қамтылған отбасынан шыққан барлық 31 322 балаға 37 389 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілетін болады. Былтырғы жылмен салыстырғанда көмек көрсетілетін бала саны биыл 1451-ге көбейген. Осы орайда міндетті оқу қорынан қаржы алмайтын 1601 балаға демеушілер есебінен 18 млн 653 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Айта кетейік, міндетті оқу қоры қарастырылмаған жеке мектептерде бүгінде атаулы әлеуметтік көмек алатын 192 бала білім алуда. Олардың кепілдік берілген әлеуметтік көмек алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында ірі компаниялар арқылы қаржылай көмек көрсету қарастырылуда, – дейді Бағдат Камбозұлы.

Бүгінде аймақта білім беру жүйесін дамытуға көп көңіл бөлініп отырғаны жиі айтылып келеді. Мұның бәрі де мемлекеттің балалар болашағына жасап отырған қамқорлығы екені даусыз. Сондықтан да білім бәсекесінде бағытымыз айқын екеніне көз жеткізуге болады. Жаңа оқу жылында екі апатты мектептің ғимараты оқушылар игілігіне тапсырылады. 6 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 2,1 млрд теңге бөлінген.

Президент тапсырмасында білім бәсекесіндегі қабілеттілік туралы үнемі айтылып келеді. Ал заман талабына сай мектептен білім алып шыққан өрен ертең-ақ елге тұтқа болатын азаматқа айналары сөзсіз. Осындай ізгі ниетпен білім алуға құлшынысы артып отырған балаларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледік. Білімді адам мыңды жығары анық.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: