Бейсенбі, 18 сәуiр, 18:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Жазғы мектептің жоспары қандай?

12.05.2022

1313 0

Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген пандемия білім саласына да әсерін тигізбей қоймады. Оқушылардың білім алуы үшін ештеңе кедергі болмайтынын ұқтық. Оқушылар қауіпті кезең уақытында да онлайн, офлайн білім алды. Қашықтан оқу тиімсіз дегенмен, денсаулықты сақтап қалуды мақсат етіп, оқушылар онлайн білім алды. Былтыр қашықтан дәріс алған оқушыларға көмек ретінде жазғы мектеп тәжірибе ретінде егізілген еді. Елімізде қауіпті кезеңдер аяқталса да биыл жазғы мектеп жалғасын табады.  Бұл жөнінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова мәлімдеді.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жазғы мектепке міндет деп емес, мүмкіндік деп қарауға кеңес береді. «Үлгерімі төмен балаларға көңіл бөлуіміз қажет. Бізде әдетте талантты, дарынды, үлге­рімі жақсы бала­ларға көп көңіл бөлінеді. Ондай балалармен жұмыс істеу оңай екені түсінікті. Бұл жағдайда басты назар үлгерімі төмен балаларға аударылуы тиіс», – деп жазғы мектептің мақсатын айқындап берген болатын.

Осыған орай қаламыздағы білім ошақтарын­да жазғы мектеп қалай оқытылады? Бұл туралы қалалық білім бөлімінен сұрағанды жөн көрдік.

– 2020 жылдың наурызынан бастап мек­тептер коронавирус салдарынан онлайн оқу жүйесіне көшті. Бұл жағдай оқушылардың   толыққанды білім алуына кедергі жасады. Сондықтан да оқушылардың күзгі, қысқы, көктемгі демалыс­тары кезінде барлық мек­тептерде  қосымша  сабақтар  жүргізілген еді. Оның басты  жетістігі   оқушылар  түсінбеген  немесе игере  алмаған  біліміндегі  олқылықтар орнын   түзеді. Осы мақсатта жазғы  мектеп биыл да жалғасын табады. Ата-аналар тарапынан қолдау бар. Себебі балаларының негізгі пәндер бойынша  қосымша білім алғанын құп көреді. Тек денсаулық жағдайына  байланысты  емделуге кететін  оқушылар болмаса  қалған  оқушылардың   жазғы  мектептерге  келуі  арта түседі, – дейді қалалық білім бөлімінің бас маманы Ерлан Боланов.

Онлайн оқу барысында сабақты түпкілікті орындауға мұғалім мен оқушынының бетпе-бет  жүздесуі болмаған  еді. Енді  жазғы мектеп арқылы осы олқылықтардың орны қайта қалпына келмек. Әйткенмен бұл онлайн оқу барысында білім сапа­сы төмендеді дегенді білдірмейді.

– Жазғы  мектепте   математика,  тіл  пәндері,  физика, химия, биология, информатика, геогра­фия, тарих сынды  негізгі пәндерге  басымдық  беріледі. Үй тапсырмасы берілмейді және  үй тапсырмасы соған сәйкес сұралмайды, бағаланбайды. Бұл өз кезегінде оқушының  шығармашыл еркіндігін қалыптастырады.   Бұл білім сапасының артуына жекелей пәндер бойынша   өз септігін тигізеді. Дене шынықтыру  пәні арқылы  әртүрлі  спорттық  ойындар өткізі­ліп, салауатты  өмір салты қалыпта­сады, – дейді Е.Боланов.

Қалалық білім бөлімінің берген мәліметке сүйенсек, 2021-2022 оқу жылының қорытын­дысы бойынша 2-4 сыныптар, 5, 6, 7, 8  сыныптар,   және 10 сынып оқушылары  жазғы мектепке қаты­сады. 9 сыныптар негізгі мектеп бітіру мем­­ле­кеттік емтихандарын тапсыратындықтан жаз­ғы мектептен босатылған. Ал 11 сыныптар мемлекеттік емтихан мен  ҰБТ тапсырады.

Өткен  жылы жазғы мектепке  қатысу әр мек­тепте 300-650 оқушы аралығын қамтыған. Осы жылы да жаз мезгілінде оқуға сұраныс көбейеді дейді. Себебі балалардың бос уақытын тиімді пайдалануда ұтар тұсы көп.

Ал бұл жөнінде оқушының пікірі қандай? Күн ыстықта мектепке барып сабақ оқуға оқушылар дайын ба?

– Жаздық мектеп оқушылар үшін тиімді деп ойлаймын. Әсіресе ауылда оқушылар уақытты бос өткізбеуіне әсер етеді. Өзім жазғы мектепке баруға талпынып отырмын. Себебі онлайн оқыған кездегі түсінбеген тақырыптарды тереңінен оқимын. Ұстаздар жазғы мектепке күнде барудың қажеті жоқ екенін айтқан. Кесте бойынша өзіңе керек пәннен керек апта күндерінде сабаққа қатыса аласың. Сондықтан да сыныптас оқушылар жазғы мектепке қатысуды жөн көріп отырмыз. Жазғы мектеп қызық болады деген ойдамын, – дейді №147 орта мектептің оқушысы Жадыра Наршаева.

Келтірілген дәйекке сүйенсек, жазғы мек­тепте білім алудың артықшылығы байқалады. Оқу­шының рухани дамуы мен ой өрісінің кеңеюіне септігін тигізетініне сенім мол. Рас, білім аламын, шыңдаламын деген талантқа күннің ыстық-суығы әсер етпеуі қажет. Сон­дықтан да қосымша білім алуға берілген мүмкіндікті пайдалана білген де жөн.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: