Бейсенбі, 25 сәуiр, 17:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Жұмыспен қамтылған түлек қанша?

15.02.2022

1321 0

Қазіргі таңда білім саласындағы оқу үдерісі техникалық және кәсіптік білім бөлімдерінде де жүйелі жүргізіліп келеді. Өңіріміздегі колледждерде 19692 студент 97 мамандық бойынша білім алуда. Оларға 2162 инженер-педагог дәріс береді. Еліміз бойынша кәсіптік білім беру саласына айрықша көңіл бөлініп, білім беру жүйесін модернизациялау жұмыстары қолға алынуда. Оның айқын дәлелі соңғы жылдары білім беру жүйесіне дуальды оқыту, модульдік білім беру, модульдік-кредиттік технология бойынша білім беру, Worldskills халықаралық талаптарға сай кадрлар даярлау мақсатында «Талап» КЕАҚ тарапынан ұсынылған 54 жаңа бағдарлама бойынша оқу бағдарламалары мен оқу жоспарлары дайындалып, жұмысшы және орта буын кадрларын даярлау жүзеге асырылуда.

Қажетті техникалық және кәсіптік білімі бар кадрлар даярлау үшін жыл сайын жергілікті бюджеттен 3108 орынға мемлекеттік тапсырыс бөлініп келеді. Қызылорда қаласы мен аудандардағы мектептердің 9-11 сынып бітірушілері өздерінің таңдаған мамандықтары бойынша оқу орындарына конкурстық негізде қабылдануда.

Бүгінгі күні қаламызда 19 колледж бар, оның 8-і мемлекеттік, 11-і жекеменшік оқу орны. Оларда студенттер педагогикалық, спорт, музыкалық, медициналық, қызмет көрсету, ақпараттық технология, ауыл шаруашылығы, электрмен қамтамасыз ету, техникалық және технологиялық мамандықтар бойынша білім алуда. Жыл сайын колледж түлектерінің тұрақты жұмысқа орналасуы басты назарда болып отыр. Мәселен, 2021 жылы оқу орнын бітірген 5182 студенттің 2298-і шілде-желтоқсан айлары арасында жұмысқа орналасты. Сонымен бірге бітірушілердің арасында ЖОО оқуға түсіп, әскер қатарына алынған, тұрмыс құрған, өзінің жеке кәсібін ашқан жастар да бар.

– Колледждерде білім алушы студенттердің жұмыс беруші кәсіпорындардың сұранысына сай білімді, білікті кадр болып шығуы маңызды мәселе. Осы мақсата ұдайы жұмыс жүргізіліп келеді. Атап айтар болсақ, білім беру жүйесіне енгізілген дуальды оқыту жүйесі 40 процент теория, 60 процент өндірістік практикадан тұрады. Бұл негізінен 3 жақты, атап айтқанда оқу орны, білім алушы және жұмыс беруші кәсіпорын арасындағы келісім-шарт негізінде жүзеге асырылмақ. Студенттер оқу орнында алған теориялық білімдерін кәсіпорын базасындағы оқу-өндірістік іс тәжірибемен байланыстыра отырып жүргізеді. Тапсырыс беруші кәсіпорын студенттердің өндірістік практикадан сапалы өтуіне жауапты және бітірушінің тұрақты жұмысқа орналасуына мүдделі болмақ. Бүгінгі күннің басты талабы кәсіпорындардың тапсырысы негізінде кадрлар даярлауды жүзеге асыру болып отыр. Ол ертеңгі күні сұранысқа ие маман болуына кепіл болмақ. Сонымен бірге 2015 жылдан бастап өңірімізде Worldskills халықаралық талаптарға сәйкес кадр даярлау мақсатында жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, жастардың кәсіптік білім алуға деген қызығушылығын арттыру, студенттердің кәсіби шеберлігін көтеру үшін республикалық ұлттық чемпионат өткізіліп келеді. Нәтижесінде жас талапкерлер жүлделі орындарға ие болып жүр. Колледждерде кәсіптік білім алуға ниетті жастарға жеңілдіктер де қарастырылған. Атап айтар болсақ, әлеуметтік көмекті қажет ететін және ата-анасынан айырылған, көпбалалы отбасынан шыққан талапкерлерге оқуға түсу кезінде арнайы квота, жеңілдіктер берілуде. Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету шаралары да жүйелі түрде шешімін тауып отыр. Мәселен, 2019 жылы 330 орынды 1 жатақхана, 2020 жылы 414 орынды 1 жа-тақхана, 2021 жылы 225 орынды 2 жатақхана пайдалануға берілді, – деді облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Бекжан Есенбаев.

Бүгінде аймағымызда 11 колледж оның ішінде 5 мемлекеттік, 6 жекеменшік оқу орны жоғары колледж статусын иеленген. Жоғары колледж негізінен жұмысшы, орта буын кадрларын даярлаумен қатар, қолданбалы бакалавр мамандарын даярлауды да жүзеге асыруда. Бұл – білім сапасының көтерілуіне, жастардың үздіксіз білім алуына жасалып жатқан негізгі шаралар.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: