Жұма, 27 желтоқсан, 01:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ерін мен таңдай жырығы: «Анасы қоянның етіне жерік болған»

10.03.2022

2310 0

Бұрын қоянжырық белгісімен туғандарды сирек кездестіретін едік. Өкінішке орай қазір туа біткен жырық ерін, қызыл иек, қатты және жұмсақ таңдай жырығымен дүниеге келетін сәбилер саны артып отыр. Оны бірі «анасы қоянның етіне жерік болған», «жүкті кезде қоянның етін жеуге болмайды» деген нанымды алға тартады. Тіпті Құдайдың құдіретіне балайтындар да жоқ емес. Халқымыз мұндай балаларға ерекше талант береді деп те сенген.

Әрбір ананың басты арманы – дені сау баланы дүниеге әкелу. Алайда тоғыз ай көтеріп, өмірге әкелген сәбиінің туабітті науқасы барын көру ата-ана үшін оңай болмасы анық. Әсіресе таңдайы тесік, ерні жырық нәрестені көргенде абдырап қалары сөзсіз. Өйткені анасының омырауын емуге талпынған нәресте таңдайындағы ақаудан жасанды сүтпен ғана тамақтанады. Қандай өкінішті.

Сонымен қоянжырық неден пайда болады? Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының бет-жақ аймағы хирургиясы бөлімшесінің хирургі Нұртілеу Қонысбайдың айтуынша, құрсақтағы сәбидің денсаулығындағы ақау жүктіліктің жиырмасыншы аптасында белгілі болады. «Осы уақыт аралығында ағзалық жүйе қалыптасады да ары қарай ол жетіледі. Ал сол кезең ішінде аяғы ауыр әйел күйзеліске түссе, тұмаудың ауыр түрлерімен ауырса немесе токсикологиялық қиындықтарға тап болса ол іштегі балаға әсер етеді. Сондай-ақ жүкті әйелдегі анемиялық әлсіздік арқылы қан құрамындағы биохимиялық белгілер балаға беріледі. Тұқым қуалаушылық деген осыдан шығады», – дейді маман.

– Бүгінде туабіткен жырық ерін, қызыл иек, қатты және жұмсақ таңдай жырығы ауруымен дүниеге келген баланың көп болуына экологиялық фактор тікелей әсер етуде. Жалпы облыстық балалар ауруханасында кез-келген отаны жасауға барлық мүмкіндік бар. Оған медициналық құрал-жабдықтар да жеткілікті. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы қаласындағы мықты дәрігерлермен тығыз байланыстамыз. Дегенмен қызылордалықтардың басым көпшілігі туабіткен жырық ерін, қатты және жұмсақ таңдай жырығына отаны үлкен қалаларда жасатқанды жөн көреді. Бірақ мұндай отаға біздің аурухананың дәрігерлерінің де деңгейі жетеді. Бүгінде дәрігер Маханбет Әнуарбековпен бірге беттегі түрлі жарақатқа ота жасап жүрміз. Бұл салада осыған дейін білікті дәрігер Мейрамбек Асанов 72 жасына дейін жұмыс істеді. Біз оның қасында жүріп, барынша үйрендік. Қазір көбіне жол-көлік оқиғасына түскен балалардың түрлі бет-аймақ жарақатына ота жасаймыз. Сондай-ақ бетін ит тістегендер де көп түседі. Сонымен қатар тіс ауруы асқынып, сүйектің қабынуы, қызыл иектің іріңдеуіне ота жасалады. Өткен жылы облыс бойынша балалар арасында бет-жақ аймағына 268 ота жасалды. Оның ішінде 152 бала тіс ауруымен түсті. Ал жоғарғы ерін жырығына отаны 4 айдан, қатты және жұмсақ таңдайға бір жарым жастан бастап жасаймыз. Алайда оған ота істетуге асығады. Бірақ бұл 10-15 минуттық емес, екі-үш сағатқа созылатын үлкен ота. Сондықтан бала 4 айға дейін салмақ қосу керек. Мұндай баланың міндетті түрде қосымша дерті болады. Мәселен, мида, жүректе тағы сол сияқты. Алдымен соны анықтап, емдеген соң ғана ота жасаймыз. Өйткені ота кезінде түрлі асқынулар пайда болуы мүмкін. Сондықтан баланы аман сақтап қалу үшін толық зерттеуден өткізген жөн. Оған дейін таңдайына «пластина» салу керек. Баланың таңдайы ашық болған соң, ішкен-жеген тамағы мұрыннан шығады. Соның салдарынан бала аурушаң болады. Себебі таңдай түрлі вирустан, жөтелден, пневмония ауруларының асқынуынан қорғайды. Былтыр 6 жырық ерін мен 4 таңдай жырығына ота жасалды. Айта кетейік, таңдай, ерін оталарына мемлекеттен арнайы квота қарастырылған. Оны облыстық балалар ауруханасында тіркелген әрбір бала ала алады. Сондай-ақ олар мүгедектігі бар балалардың санатында жәрдемақы алады, – деді Нұртілеу Нұрланұлы.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: