Сәрсенбі, 24 сәуiр, 15:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қарауылтөбеде қалалық «АӘТД барысы» өтті

23.12.2022

461 0

Бүгін Қарауылтөбе ауылындағы А.Хангелдин атындағы №179 орта мектеп базасында Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдері арасында «АӘТД БАРАСЫ » турнирі өтті. Ашылу салтанатына Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің әдіскері Бағлан Аманбекұлы, мектеп директоры Асқар Ануарұлы, Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығының міндетін атқарушы Мұхтар Нұрханов және қазақша күрестен Әлем чемпионы, «Евразия барысы» Нұрым Сәлімгерей қатысып, балуандарға сәттілік тіледі.

– Ұлттық спорт түрлері – ата-бабаларымыздан келе жатқан асыл мұрамыз. Біз оны көзіміздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз аз емес. Оның айғағы ретінде қазақ күресінен Әлемдік деңгейде биік тұғырлардан көрінген, әлем чемпионатының жеңімпазы, әлем барысының күміс жүлдегері, Евразия барысы жеңімпаздарын айта аламыз. Бүгінгі жарыс барысында балуандарға сәттілік тілеймін, – деді Асқар Ануарұлы.

Ұлттық қазақ күресін бұқара арасында кеңінен насихаттап, дамыту мақсатында ұйымдастырылған турнир биыл тұңғыш рет өтті. Қазақ спортын, оның ішінде ұлттық күресті насихаттауға бағытталған бірігей жоба елдің көңілінен шығып, сүйікті жарысына айналды. Кім мықтыны анықтайтын сайысқа қала мектептерінен сайдың тасындай тізілген 32 палуан қатысты.
Иығына қасқыр терісін ілген балуандар боз кілемге өз қарсыластарын «соқыр» жеребе арқылы анықтады.

«АДС» тобы рухты әндерімен балуандарға дем берді. Әр белдесуі жан алып, жан беріскен айқаспен өткен турнир айта жүрерліктей болғанын жанкүйерлердің қолдауынан көрінді.
«Күш атасын танымас» деген балуандар өзара мықтыны анықтап, бабы мен бағы келіскен қатысушылар финалда белдесті. Делебені қоздырып, көңіл көркін қыздырған белдесулер қызыққы толы болды.

Турнир нәтижесінде 80 кг дейін салмақта «Көрермен көзайымы» болып Б.Момынбаев атындағы №278 ІТ-мектеп-лицейінің мұғалімі Әлмұрат Исмайлов атанды. Жүлделі ІІІ орын Ә.Молдағұлова атындағы№173 орта мектебінің мұғалімі Асхат Даужановқа, ІІ орын А.Байтұрсынов атындағы №211 орта мектебінің мұғалімі Бауыржан Қобылановқа бұйырды. Жауырыны жер иіскемей, топ жарған №145 орта мектебінің мұғалімі Еркеғали Мырзахметов жүлделі І орынға жайғасты.

Ал, 80 кг жоғары салмақта «Көрермен көзайымы» болып №282 орта мектебінің мұғалімі Нұрсұлтан Ниязов атанды. Ал, жүлделі ІІІ орын №138 орта мектебінің мұғалімі Ерболат Усаев, ІІ орын С.Толыбеков атындағы №3 ІТ-мектеп-лицейінің мұғалімі Нұрлан Бекжанға бұйырды. Жеңіске жеткен және қарсыластарына мүмкіндік бермеген Ж.Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейінің мұғалімі Нұржан Әбілдаев І орын иеленді.

Жүлдегерлерге Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімі мен қалалық кәсіподақ комитетінің дипломдарымен мен сыйлықтары табысталды.

Турнирге қатысушылар Қызылорда қаласы жастар ресурстық орталығы мен Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталды.

«Қазақстан барысы», «Әлем барысы» секілді дүбірлі додалар көптеген апайтөс алыптарды шыңдап, ұлттық спортымыз әлем жұртшылығының назарын аударғанын айта кеткен жөн. Әрине, осындай ғажап күресі бар қазақтан әлем мойындаған күш атасы Қажымұқандай талай даңқты балуандардың шығатынына сенеміз. 2011 жылы ұйымдастырылған алғашқы «Қазақстан барысы» турнирінде қызылордалық Ұлан Рысқұловтың топ жаруы Сыр елі жыр елі ғана емес, қасқыр жүректі балуандар туғызған қастерлі топырақ екенінің айқын дәлелі. Ұланның жеңісті жолын жалғаған Еламан Ерғалиев, Нұрым Сәлімгереев, Мақсат Исағабыловтар бүгінде үлкен ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүр.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: