Жұма, 03 мамыр, 12:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Шетелде ем алу үрдіске айналды

05.12.2023

182 0

Сурет: Н.Нұржаубай

Денсаулық сақтау жүйесі – әлеуметтік маңызды сала. Елімізде медицина саласын дамытуға басымдық берілген. Оған жыл сайын бөлінетін қаржы көлемі де артып келеді. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, дәрігерлердің біліктілігін арттыру мәселесі де оң шешімін тапқан. Алайда алға жылжыған сайын кері тартатын тұсы да жоқ емес.

Соңғы жылдары қазақстандықтардың шетелде ем алуы үрдіске айналды. Тіпті қарапайым медициналық тексерудің өзіне Түркия, Ташкентке баратын отандастардың қатары артқан. Көпшіліктің дертіне дауаны өзімізден емес өзге елден іздеуіне не себеп? Шекара асып шипа іздегендерге елімізде лайықты медициналық қызмет көрсетілмегені ме?

Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде еліміз құлдырау кезеңінен дамуға дейінгі сындарлы жолды бастан өткерді. Сол кездерде елдегі ахуал денсаулық саласында күйреткенін мамандар жа­сырмайды. Дәріні ба­зардан алып, ме­дици­на қызмет­кер­лерінің жалақы­сыз жұмыс істеген, тіпті денсаулық сақтау министрлігінің жа­былып қалған сәті де болған екен. Кейін ел экономикасы еңсе­сін тіктеп, болашаққа батыл қадам басқан тұста басымдық берген бағыттың бірі осы сала еді.

Иә, отандық медицинаны дамытуда бір­қатар стратегиялық бағдарлама әзірленіп, соның аясында атқарылған жұмыс жетерлік. Бұрынғысымен салыстырғанда еліміздегі қазіргі медицинаның әлдеқайда дамығанын байқауға болады. Астана қаласында рес­публикалық диагностикалық орталық, ұлттық ғылыми ана мен бала денсаулығы, ұлттық нейрохирургия, ұлттық балалар оңалту ор­талығы, ұлттық ғылыми онкология орталығы сынды медициналық нысандардың ашылуы, оның заманауи құрылғылармен жабдықталуы, дәрі­герлердің біліктілік арттыруда шетелдің мықты мамандарынан дәріс алуы, әлемнің озық әдісін отандық медицинаға енгізуі салаға серпін әкелген. Денсаулық саласындағы жетістіктерді тізбектесек ешбір елден кем түспейтініміз анық. Десек те халықтың отандық медицина мен дәрігерлерге деген сеніміне селкеу түсірген не жағдай?

Әріптес әңгімесі

Өз денсаулығын жақсарту үшін өзбек елі­нің медицинасын таңдағандардың бірі – әріптесі­міз Гүлбану Мақажан. Сыр медицинасын ақпараттандырып жүр­ген журналистің өзі дертінің емін шетелден тапқан.

– Денсаулықтан артық еш­теңе жоқ. Тәніміздің саулығы басты орында. Жергілікті емханадағы дәрігер диагно­зыма байланысты ота жасау керегін айтты. Оны Алматы қала­сында жасату үшін  порталға қойды. Уақыты келгенде тиісті емдеу ор­нына бардым. Өкі­нішке қарай, ол жақтағы дәрігерлер отаның ауыр болатынын, тіпті өміріме қауіп төне­тінін айтып, ота жасаудан бас тартты. Еліміздің білікті мамандары солай деген соң қорыққаным рас. Алайда мұның артында басқа дүние тұр екен. Қызылордаға келген соң ем алудың басқа жолдарын қарастырдым. Жан-жақты зерделеп, қай жақта ем қабылдаған дұрыс, қанша қаржы кететінін сараладым. «Instagram» желісі арқылы халықтың да пікірін сұрадым. Сонда көбі маған Ташкентке баруға кеңес берді. Ондағы ең мықты клиникалардың бірін таңдап,  екі апта ем алдым. Қазір Құдайға шүкір, денсаулығым бірқалыпты. Алдағы уақытта тағы да сол елге барып тексерістен өтемін. Ота жасаған дәрігермен хабарласып, кеңес алып отырмын. Еліміздің медицинасы ол жақтан кем түседі дей алмаймын. Ол жақтағы мүмкіндік бізде де бар. Астана, Алматы қаласындағы ірі медициналық орта­лықтарда бар мүмкіндік қарастырылған. Он­дағы мамандар да білікті. Алайда әттеген-ай дейтін жағдай көп, – дейді әріптесіміз.

Ташкентке барып келгеннен кейін әлеу­меттік желіде белсенді әріптесімізге оқыр­мандарының хабарласуы көбейген екен.

– Халық денсаулығын күту немесе жақсарту  үшін қарызданса да шекара асуға бар. Себебі ол жақта медициналық қызметтің сапалы екеніне сенеді. Маған «instagram» желісі арқылы сұрақ қоюшылар күрт өсті. Барлығы дерлік өз дертіне шипа іздеп жүрген жандар. «Ташкентке емге барсақ деймін. Қандай клиниканы таңдаған дұрыс, шығыны қанша?» деп сұрайды.  Қолдан келгенше білетін ақпаратты бөлісіп жүрмін. Алайда медициналық сақтандыру қорына жинаған қаражатымды өз денсаулығыма мақ­сатты жұмсай алмағаным жаныма батты, – дейді ол.

Шетелден ем іздейтіндердің көбінің айтар базынасы осы. Дәрігерлердің  диагнозды дұрыс қоя алмауын, портал уақытын ұзақ күтетінін, дұрыс ем жүргізбейтінін алға тартады. Сондай-ақ науқаспен қарым-қатынас жасай алмауы да өзекті болып отыр.

Түркиядағы тактика бөлек

Жанына шипа іздеп шетел асқан жанның бірі – қала тұрғыны Жанар Жұбанова. Кезекті скринингтік тексеруден өткен оған жергілікті дәрігерлер қатерлі ісікке күдік барын айтқан. Тиісті тексеруден өткен соң ол аты жаман аурудың барына күмәнмен қарапты.

– Тексеру кезінде осындай диагноз қой­ды. Алғашқы сатысы екен. Мұндағы дәрігерлердің айтқаны тез арада ота жасатып, ісік анықталған ағзаны алып тастау болды. Тиісті тексерістерден өттім. Күмәнданған себебім МРТ түскенде қатерлі дерттің белгісін анықтамады. Таза деп шығарды. Сосын не болса да Түркияға барып тексеруден өтейін деп шештім. Ол жақтағы дәрігерлер  еліміздегі қойылған диагнозды растады. Бірақ ота жаса­май-ақ зақымданған клеткаларды емдеуге болатын айтты. Сол жақта ем алдым. Қазір денсаулығым мазаламайды. Елге келген соң қайта тексерілген жоқпын. Бұйыртса, келер жылы тағы да Түркияға жоспарлы тексеруге барамын. Осы орайда тұрғындарға, әсіресе әйел кісілерге скринингтік тексеруден уақы­тында өту керегін айтқым келеді. Уақыт соз­дырмай ауруды ерте кезден анықтап алдын алуға болады. Бір жақсысы емханада анализ тапсыру, тиісті тексеруден өту тегін жүргізілді. Мамандар да осал дей алмаймын. Тек ота жасаудан басқа амал жоқ дегесін көрші елге баруыма тура келді, – дейді кейіпкеріміз.

Отандық медицина қауқарсыз ба?

Шет елде ем алу үшін халықтан көмек сұрағандардың бірі – Әсел есімді қала тұр­ғыны. Аяқасты екі аяғының қозғалуы қиын­дап тексеруден өткен оған дәрігерлер ұршық басының өліеттенуі диагнозын қойған.

– Диагнозыма байланысты емді елімізде жасауға болады. Бірақ отаны тек бір аяққа ғана жасай алады. Ке­лесі аяққа жа­сау үшін күту керек екен. Менің жағ­дайымда екі аяғыма да ота жасату керек. Ден­саулығыма байланысты еліміздегі мықты деген емханаларға бардым, мамандармен сөйлестім. Германиядан келген дәрігер отаны екі аяққа бірдей жасау керектігін айтты. Себебі уақыт оздыруға болмайды. Күтетін болсам аяғым ота жасатуға жарамай қалуы мүмкін. Мұндай отаны Үндістанда робот арқылы  жасайды екен. Қазіргі таңда халықтан көмек сұрап, қаржы жинап жатқан жайым бар. Үйімді сатуға қойғаныммен өтпей жатыр. Өзіме қозғалуға тыйым салды. Жолдасымның жалақысы күнделікті қажет­тіліктен артыл­майды. Алдағы уақытта «Қа­зақстан халқына» қорынан көмек сұрасам деймін. Оған қажетті құжаттарды реттеп жатырмын, – дейді Әсел бізбен әңгімесінде.

Бас дәрігер не дейді?

Бүгінде көпшілікке ем алу үшін ең тиімді мемлекет Өзбекстан болып тұр. Ташкент қаласына бару, әсіресе, қызылордалықтарға тиімді. Жолақысы, барғаннан кейін жүріп-тұруыңа да көп қаржы жұмсамайсың. Ем алатын емханаға жақын жерден пәтер жалдау, ас-ауқатына кететін қаржы да қалтаға салмақ түсірмейді дейді білетіндер. Ал елімізде жеке емханаларда ем алудан бөлек, ел ішінде жүріп-тұру, жол пұлыңа кететін ақшаның өзі Ташкенттен екі есеге шығады-мыс.  

Тақырыпқа орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақовтың пікірін білгенді де жөн көр­дік. Бұған дейін денсаулық сақтау министр­лігінде қызмет еткен ол науқастарды шетелде емдету мәселесімен айналысқанын, жалпы тақырыптың бүгінде өзекті екенін тілге тиек етті.

– Денсаулық сақтау министрлігінің №44 бұйрығына сәйкес науқастарды шетелде ем алуға жіберудің өзіндік талабы бар. Мәселен, ересектерде белгілі бір ауру түрін елімізде емдеу мүмкін болмаса, 18 жасқа дейінгі балалардың диагнозының емі елі­мізде жоқ болса, сондай-ақ мемлекетті қорғау кезінде жарақат алғандарды Президенттің шешімімен шетелде ем алуға жібереді. Осы 3 жағдайда ғана мемлекет тарапынан тегін жолдама беріледі. Мұның өзі реттілікпен жүзеге асады. Жергілікті емхана науқастың диагнозын дұрыс қоя алмаса қалалық немесе облыстық ауруханаға жіберуі тиіс. Егер облыстық деңгейде емделмесе, республикалық емханаларға жолдама береді. Егер бұл жерде аурудың елімізде емі жоқтығы анықталса, онда шетелде емдету керек деген шешім шығарады. Осыдан соң жауапты мекемелер шетелдік емханаларды зерттеп, зерделеп, келісім жасай отырып науқасты ем алуға жібереді, – дейді бас дәрігер.

Бүгінде жасты да, жасамысты да әбігерге салған ауру түрі көп. Жаңа туған сәбиден бастап ересектерге дейін елімізде емі жоқ, бұрын-соңды естімеген дертке шалдығып, халықтан қаржылай көмек сұрағандар әлеуметтік желіде көзге жиі түседі. Олар мұндай жағдайда шетелде ем алу мемлекет тарапынан қаржыландырылатынын білмейтін сыңайлы. Немесе сенбегендіктен көптің берген кө­мегімен өз бетінше ем алуға амал жасайды. Қалай десекте, мемлекет қолдауынан гөрі халықтың қолдауымен ем алдым дегендердің қатары артқан.

– Қабылдауға баласын шетелде емдеткісі келетін ата-аналар жиі келеді. Көбіне мүм­кіндігі шектеулі балаларын дертінен айық­тырсам дейді. Ата-ана ретінде олардың жанайқайын түсінуге болады. Алайда маман ретінде оның емі жоқ екенін түсіндіруге тырысамыз. Оған тек оңалту шарасын жүргізу, тиісті дәрісін беру арқылы көмектесе аламыз. Еліміздегі медицина саласы жыл санап дамып келеді. Тіпті Орта­лық Азия елдерінде жоқ құрал-жаб­дықтар Қазақстанда бар. Мықты, беткеұстар дәрігерлер де жетерлік. Алайда халық өз мамандарымыздан гөрі шетелдік мамандарды жоғары баға­лайды. Тәжірибемде мынадай жағдай бол­ған. Онкологиялық аурудың бір түрімен ауыра­тын баласын шетелде емдеткісі келген ата-ана елі­міздегі мамандар уақыт өткізіп алғанын, емі жоғын,  3-4 ай өмірі қалғанын ескертсе де сенбей, ұлын шетелге емдетуге алып кеткен. Сөйтіп Еуропаның мықты деген емханасына жатқызды. Ол жақта науқас 3 айдай ем алды. Соңында ем қонбай шетелде көз жұмды. Сол 3 ай ем алғаны үшін емханаға біршама қаржы қарыз болды. Кейін елге келгеннен кейін ол кісілерден шетелде қандай ем жүргізгенін сұрадым. Сонда Еуропада енді шығып жат­қан дәріні қазақстандық науқасқа сынап көр­ген екен. Мұндай сынақты олар жергілікті балаларға жүргізе алмайды. Себебі заң қатал. Ал баласын емдеткен ата-ана оны сынақ жүргізгені үшін сотқа бере алмайды. Осындай жағдайларға қарамастан жұртшылық шетелге барғысы келеді, – дейді бас дәрігер.

Аймақтың бас дәрігері халық арасын­да жергілікті, отандық дәрігерлерді менсінбеу­шілік бар екенін жеткізді. Өзге елдің маманын мықты санайтындар қарызданса да шетелге баруға тырысады. Ал білікті дәрігерлер өз елімізде де бар. Сол сияқты өзге елден ем алу үшін қомақты қаржы жұмсауға дайын жұртшылық жергілікті дәрігер тағайындаған дәріні қымбатсынады. Кейбірі ақылы анализ тапсыруға келіспейді. Бірақ шетелде одан қымбат бағаға тап­сырады. Осындай кереғар жайттарды тіз­бектеген ол көпшіліктің мына жағдайды ескеру керегін айтады.

– Шетелге емделуге баратындардың көбі елімізде өзіне қойылған диагнозды мойындағысы келмейді, қабылдай алмайды. Солай өзге мемлекетке барып қайта тексеруден өтеді. Шетелге шықпас бұрын елімізде дертінің дауасы бар-жоғын нақтылап алуы керек. Егер республикалық емхана дәрігерлері Қазақстанда емі жоқ десе, мемлекет қаржысы есебінен шетелге тегін ем алуына болады. Ал егер оның әлем бойынша емі жоқ десе, босқа шығындалудың қажеті жоқ. Мамандарға сенген дұрыс. Қазір «Қазақстан халқына» көмек қоры бар. Қор осындай жағдайдағы науқастың шетелде ем алуына көмек береді. Шетелдегі емдеу орнын арнайы мамандар зерттей отырып нақтылайды, – дейді Олжас Ермекұлы.

Расымен, шетелден дәрігер келеді десе ештеңеге қарамастан кеңес алуға асығамыз. Ондағы кеңес алудың құны да арзан емесі белгілі. Шетелдік маман жаныңа батқан дертіңнің дауасын тауып беретіндей көрінеді. Себебі елімізде емі жоқ деген аурудың шипа­сын шетелдік мамандар емдей алатынын айтады. Үмітсіз шайтан. Денсаулығыңнан артық ештеңе жоғын ұққанда бұдан артық не керек?

– Шетелдік дәрігерлер емдей алмаймыз деп айтпайды. Олар міндетті түрде келіңіз деп шақырады. Бірақ қандай ем жүргізетіні белгі­сіз. Ол жақта біздің емдеу протоколымызда жоқ дәрі беруі не ем-шара жасауы мүмкін. Ал отандық медицина зерттелген, нақты нәтижеге негізделген ем шарасын қолданады. Өзге елдердің көбінде бізде жоқ дәрі-дәрмекті пайдаланады. Оның қаншалықты нәтижелі немесе сынама екенін білмейміз. Әрине, шетелде емдей алмайды, нәтиже жоқ деп айтуға болмайды. Алайда зерттеу, салыстыру қажет. Отандық дәрігерлер қойған диагноз­ды зерттеңіз, дәрігермен кеңесіңіз, заңдылығы­на сай әрекет етіңіз. Генетикалық ауытқуға, нев­ро­логиялық ауру түрлеріне ем іздеудің қажеті жоқ. Оны шет елде де емдемей ал­майды. Сондай-ақ ағза ауыстыруы керек нау­қастар да шет мемлекеттен ем іздейді. Ол жаққа барғанымен қажетті ағзаны бір­ден тауып бермейді ғой. Ол жақта да алдымен өз елі­нің азаматтарына мүмкіндік қарастыра­ды,  – дейді ол бізбен әңгімесінде.

Жасыратыны жоқ, ел арасында жергілікті немесе отандық медицинада диагнозды дұрыс қоймайды деген түсінік қалыптасқан. Бұған себепте жоқ емес. Елімізде қойылған диагнозды шетел мамандарының растамауы осындай пікірді туындатуда. Мұның да себебін аймақтың бас дәрігерінен  сұрағанды жөн көрдік.

– Расымен, елімізде заманауи гендік зерт­ханалар жоқ. Медицинада 200-ден аса сирек кездесетін ауру түрі бар. Ол туралы дәрігерлер білмеуі мүмкін. Оны анықтау үшін арнайы құрал-жабдығы бар зертхана жасақталуы тиіс. Сонымен бірге диагностикалық құралдардың жетіспеушілігінен де диагноз дұрыс анық­талмауы мүмкін. Осындай белгілі бір себебі болмаса дәрігердің барлығы диагнозды дұрыс қоя алмайды деу екіұшты пікір дер едім. Оның үстіне, шетелде қойылған диагноз немесе елдегі диагноздың ол жақта анықталмауы да нақты дүние емес. Мен емханада жұмыс істеген кезде тәжірибемде бір жағдай болған. Науқасқа сүт безінің қатерлі ісігі диагнозы қойылды. Ол бұған сенбей Алматы қаласында тексеруден  өтті. Ол жақта да осы диагнозды растады. Бірақ оған да сенбеді. Солай Түркияға барып тексерілді. Алайда түркиялық әріптестер бұл диагнозды жоққа шығарды. Елге келгесін диагнозды дұрыс қоя алмадыңдар деп ренішін білдірген. Өкінішке орай, сол кісі бір жарым жылдан кейін қатерлі ісіктен көз жұмды. Сондықтан шетелдік дәрігерлерге де қатты сенудің қажеті жоқ дер едім. Қазір көпшілігі Ташкентте ем алады. Ол жақта арзан дейді. Бірақ ондағы емдеу тәсілі Қазақстандағы емханалық хаттамаға енгізілмеген. Мысалы, елімізде жұлынның ішіне дәрі енгізу, ісіктің сыртынан сәуле беру сынды ем шарасы қолданылмайды. Өйткені отандық медицинада нақты, дәлелденген ем-дом жүргізіледі. Соны­мен бірге тұрғындар жаңа заман талабына дағдыланғаны дұрыс. Қазір емхана дәрігеріне қаралу үшін бұрынғыдай ерте келіп кезек алмайсыз. Барлығы онлайн платформа арқылы жүзеге асады. Дәрігерге қаралу уақытын өзіңіз белгілейсіз, уақытында кезек күтпей кіресіз. Анализ тапсыру үшін де көп уақыт жоғалтпайсыз. Тек уақытыңызды жүйелесеңіз болғаны, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы  Олжас Ысқақов.

Жергілікті денсаулық саласында халықтың көп шағымданатыны портал уақыты. Ауруханада ем алу үшін 3-4 ай портал уақытын күткісі келмейтіндер араға тамыр-танысын салып уақытын қысқартқысы келеді. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықты күшейтеді. Мұндай жүйе бұрыннан қалыптасқанын жасыра алмаймыз. Облыстың бас дәрігері тұрғындарға мұндай әдеттен арылу керектігін айтады. Оның айтуынша, порталға қою науқастың денсаулығына қарай жүзеге асады. Уақыт күттірмейтін ауруы бар науқасқа жедел көмек көрсетіледі. Сондай-ақ портал уақыты қазір 1 айға да жетпейтін көрінеді. Әрі кетсе 20-25 күн. Оның өзі ауруханадағы бос орынның және мамандардың жеткілікті болуына байланысты. Қазіргі таңда портал уақытын қысқарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. 

Шет елге емге барудың тағы бір себебі – онкологиялық ауруды биопсия, гистология жасатпай анықтау. Көпшілік Өзбек елінде қатерлі ісікті биопсиясыз анықтайтын құрылғыға түсу, денесіне пышақ тигізбеу үшін барады. Анығында, медицинасы дамыған деп таңдай қағатын көрші елдегі бұл аппарат өзімізде де бар екен.

– Онкологияны биопсия, гистология жасамай анықтау әлемдік тәжірибеде жоқ. Он­сыз нақты диагноз қоя алмайды. Ал заманауи жабдық деп жүрген ПЭТ, КТ аппараты елімізде де бар. Қатерлі ісігі бар науқас оған тегін түсе алады. Елімізде МӘМС жүйесімен де басқа жағдайда да медициналық тексеруден өту көбіне тегін жүргізіледі. Бірақ көпшілік мұны біле бермейді немесе түсінбейді. Байқасаңыз, қазір ауруханадағы науқастардың барлығы тегін ем алуда. Аймақтағы бірқатар емдеу ны­санындағы ақылы бөлімдерді жаптық. Кей ауруханада санын қысқарттық. Себебі ақылы ем алатын науқас жоқ. Барлығы дерлік тегін көмекке жүгінеді, – дейді өңірдің бас дәрігері.

Елімізде медициналық қызмет алу тегін әрі мүмкіндігі зор деген облыстың бас дәрігері Олжас Ермекұлы әңгіме барысында шетелге емге баратындардың қатарында әріптестерінің де барын жасырмады. Бұл да болса отандық медицинаға, дәрігерлерге деген сенімге сел­кеу түсіретін жағдай. Десе де басты нәрсе – халықтың медициналық, құқықтық сауатын арт­тыру. Отандық медицина мен мамандарға деген сенімді жоғалтпау. Себебі шетелдік ма­мандардан да мықты, мақтан тұтар дәрігерлер өзіміздің елде де, аймақта да баршылық.

А.СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: