Сенбі, 21 желтоқсан, 21:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Ақ үйдің» ықпалы

26.11.2020

1136 0

Америкалықтар үшін жаңа басшының аймақтық басқарудағы алға қойған мақсаты маңызды болса, өзге елдерге сыртқы саясаттағы аяқ алысы назар аудартады. Әсіресе АҚШ-тың болашақ президентінің «Шығысқа» қатысты көзқарасы саяси аренада салмаққа ие болары белгілі. Сол себепті әлемдік ақпараттық агенттік пен басылымдардан сайлауға қатысты тұшымды сараптама мен үміткерлердің ұстанымын жариялауын асыға тосқан едік. Көптен күткен сауалдың жауабын «CNN» арнасы ұсынды. Арнаның ресми сайтында Тамара Киблавтың «Байден мен Трамптың Таяу Шығысқа ықпалы қандай?» атты көлемді сараптамалық мақаласы жарияланды. Мақалада зерттеу нысанына айналған қос үміткердің Таяу Шығысқа қатысты пікірлері топтастырылып, ықтимал шешімдер жүйесі сараланған.

«Сайлау жаңа тарих парағын ашуы мүмкін. Егер Доналд Трамп сайлауда жеңсе, «ғасыр мәмілесі» атанған Иранмен ядролық қару мәселесі қайта көтерілуі ықтимал. Ал Джо Байден болса Трамптың басшылық кезеңінде Сауд Арабиясымен арақатынаста «есе жібергенін» алға тартып, билікке келсе, қатаң шара қолданатынын жеткізді. Сонымен қатар АҚШ-ты Сауд Арабиясының «Йемендік хусттер» атты ирандық бүлікшілерге қолдау көрсетуін тойтаруға шақырды. Ол саяси сыншы, журналист Джамаль Хашоггиді еске алуға арналған жиында: «Мен әлемдегі белсенділер мен журналистердің және саяси қуғынға ұшыраған азаматтардың құқығын қорғаймын. Сөз бостандығына ерік беріп, әр адамның өз пікірін еркін жеткізуіне күш саламын. Джамальдың өлімі бекер емес, біз оның құрметіне әділдік пен еркіндік үшін күресуіміз қажет» деген пікір білдірді».

Мақала авторы бейтарап ұстанымын алдыңғы орынға шығарып үміткерлер сөзінің ақ-қарасын анықтауға қадам басады. Мәселен, Байденнің Сауд Арабиясының саяси шешіміне қарсы пікіріне «өз сөзіне кереғар» деген пайым айтса, Трамптың «Шығыс елдеріне» қатысты санкциясы орынсыз деп топшылайды. Бұл шиеленісті Тамар Киблав былайша тарқатады:«Барак Обама билікте отырған сәтте вице-президент лауазымын иеленген Байден көптеген заңсыздық пен әділетсіздікке қатысты. Мысалы миллиардтаған долларға Сауд Арабиясына қару сатып, Йеменді бомбалау кезінде де ешқандай салмақты мәлімдеме жасамады.

Ал, Трампқа келсек, оның Иран мен «араб әлеміне» бағыттаған қатаң санкциясы мил¬лиондаған жастың елінен безуіне түрткі болып, Еуропадағы босқын санының артуына әкеледі».Мақала соңында автор ақылға қонымды, бейтарап ойын іркімей, АҚШ президенттерінің Таяу Шығысқа әсерін былайша түйіндейді.

«Обаманың кезінде бұл аймақтың көсегесі көгермеді. Оның басшылығы елдің есінде Йемен, Ливия, Сирия, Ирактағы қақтығыспен қалды. Трамптың президенттік шағында да аса бір оңтайлы уақыт туа қоймады. Алайда мұндағы халық ішкі қақтығыстың толастарына, Таяу Шығыстың хал-ахуалы түбегейлі өзгереріне сеніммен қарайды. Осы жолғы Президент сайлауы да қайта, үміт жаққандай болды».

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: