Сейсенбі, 16 шiлде, 17:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№56-2066
16.07.2024
PDF мұрағаты

Гаити жер сілкінісінен зардап шекті

21.08.2021

927 0

Гаитиде жер сілкінісі болып, елдегі жағдай күрделенді. Ғимараттар қирап, адамдар зардап шеккен. Орын алған табиғи апатқа байланысты ВВС арнасының тілшілері Джеймс Клейтон мен Стефан Винсент оқиға орнына барып, арнада «Гаитидегі жер сілкінісі: шалғай ауылдар көмекке мұқтаж» тақырыбында репортаж жариялады.

Репортаж Ле-Ке қаласының солтүстігінде орналасқан Марселин ауылынан бастау алады. Жер сілкінісіне дейін мұнда екі шіркеу, медициналық орталық пен мектеп болған. Ауыл ішінен жан-жағында банан талдары өсіп тұрған асфальтталған жол өтеді.

Бірақ тілшілер «Біз барған ауыл адам танымастай» деп жазады. Марселинге апаратын жол қақ ортасынан жарылып кеткен. Мұнда 14 тамызда 7,2 магнитудалық жер сілкінісі болған. Одан аман-сау қалған үй табу мүмкін емес.

Келли Филдор жаңа оқу жылына дайындалып жатқан 15 жастағы бала болған. «Мен оның өмірі осынша қысқа болады деп ойламадым», – дейді оның анасы Мари Роуз.

Ол сенбі күні үйінен шығып кеткен. Алайда телефонының қуаты таусылғандықтан үйге кірген. Сол уақытта жер сілкінісі басталып, оның үстіне ауыр бетон құймалары құлап, аяғы мен бас сүйегі сынған. «Мен не істерімді білмеймін. Маған оның жейдесі ғана жылулық сыйлайды», – дейді оның анасы.

Мақалада «Мұндағы апаттың қуатын бағалау мүмкін емес. Екі шіркеу де күл-талқаны шығып, қирап қалған», – деп жазылған. Оқиғадан бірер минут бұрын адамдар құлшылық жасауға дайындалып тұрған. Кейін жер сілкінісі басталып, ғимарат түгелдей қираған. Куәгерлердің айтуынша, қирандының астынан бірнеше адамның мүрдесі шығарылған, дегенмен онда әлі 25-ке жуық адам бар екен.

Сондай-ақ тұрғындар ешқандай көмек, дәрі-дәрмек, су-тамақ пен құтқарушылар жоқ деп шағымданған.

Маргарет Морис пен оның 8 баласы оқиғадан аздаған жарақат алып, аман қалған. Бірақ олар енді қирандылардың үстінде отырып, өз жағдайларын өздері жасауға мәжбүр. «Бізге үкімет назар аударуы үшін айқайлауымыз керек пе? Әлде олар бізді осы жерде өлсін дейді ме?», – дейді ол.

Оның айтуынша, оларда азық-түлік пен су өте аз қалған. Ал гуманитарлық көмек тиелген көлік олардың ауылдарынан жай ғана өтіп кеткен. Үкімет пен көмек беру агенттігі жәрдемдесетінін айтқан. Бірақ мұндағы халық тілшілерге оларға сенбейтінін жеткізген. Тіпті дәрі-дәрмек алатын медициналық орталықтың өзі қирандыға айналған.

Кешкі уақытта бұл таулы аймақта ауа-райы ылғалды әрі суық болады екен. Табиғи апат салдарынан далада қалған адамдардың кейбірінде ғана қалың киімдері бар. Онымен қоса кейде кішкентай сілкіністер болып, бұл тұрғындардың үрейін үдетуде. Олар болашақ туралы емес, оқиғадан кейін аман қалуды армандап отыр.

Қазіргі таңда Гаитидегі ахуал өте күрделі. Өткен айда бұрынғы ел президентіне шабуыл жасалып, қайтыс болды. Саяси құлдырауда тұрған мемлекет Марселин секілді ауылға көмек беруге қауқарсыз деп тұжырымдайды тілшілер.

Апаттан мұндағы адамдардың барлығы досын, туысын немесе танысын жоғалтқан. Нәтижесінде апаттан көз жұмғандар саны 2000 адамға жеткен. Алайда көз жұмғандар бұдан да көп болуы мүмкін. Олар жер сілкінісінен емес, көмек көрсетілмеудің нәтижесінде көз жұмуы мүмкін деп алаңдайды тілшілер.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: