Жұма, 17 мамыр, 14:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Мұхитқа тамған «залал-су»

11.09.2023

172 0

Адамзат атом бомбасының зардабын тартқалы одан келетін зәредей болсын зиянның бәріне өш. Әсіресе алғашқы атом бомбасы қолданылған Жапония мемлекетінде аталған тақырыпқа бейжай қарау қылмыспен тең. Дегенмен жуырда жапон қоғамын ғана емес, бүтін әлемді шулатқан тарихи оқиға болды. Ол – Жапонияның «Фукусима» атом электр станциясынан Тынық мұхитқа радиоактивті су жіберуі. Яғни «зиян-су» ашық мұхитқа құйылады деген сөз. Осы орайда BBC арнасының тілшісі Келли Нэг «Жапония таңдауы» атты бағдарлама әзірлеп, тақырыпты тарқатуға тырысқан.

«Жапония. 24 тамыз күні. Жергілікті уақыт – 13:00 шамасы. «Фукусима» АЭС-тан миллиондаған тонна тазартылған радиоактивті су Тынық мұхитына бағытталуда. Себебі «Фукусима» АЭС-і 2011 жылғы алапат жер сілкінісінен жарамсыз күйге түскен еді. 9 баллдық сілкінісінен үш реактор су астында қалып, Чернобыльден кейінгі ауқымды апат болды. Сол сәтте 18 мыңға жуық адамның өмірі қиылған апатта АЭС-тің де тағдыры шешілген болатын. Дегенмен ең басты қиындық АЭС-тегі радиоактивті суды қайда сақтау керегін шешу болды. Залалды суды ұзақ сақтауға арнайы қойма жетіспеуі салдарынан Жапония суды мұхитқа төгуді шешкен. Бұл әдіске ұзақ жыл дайындық пен зерттеу жүргізу арқылы қалдық суды залалсыздандыруға күш салды», – дейді автор.

Бұл – 2024 жылға дейін жоспарланған 4 жо­баның алғашқысы. Дүниежүзілік тәжірибеде теңдесі жоқ әдіске әлем түрлі сын айтуда. Қоғамдық ұйымдар мен белсенділер бұндай қадамның тиімсіз екенін айтса, экологтар «Радиоактивті су төгілген мұхиттың балығын тұтыну қауіпсіз бе?», «Қоршаған ортаға нендей зиян келуі мүмкін?» деген сауалмен бас қатыруда. Деректерге сүйенсек, жауапты компания Tokyo Electric Power Company (TEPCO) реакторды суыту үшін 1,34 млн тонна су жинаған. Көбіне жерасты және жаңбыр су сақталған.

«2021 жылы Жапонияда қызу талқы орын алып, кейін билік жиналған суды мұхитқа төгуге шешім шығарды. Алайда алдымен бұл суды тазалап, кезең-кезеңімен ағызу жоспарланған. Бұл әрекеттің экологиялық қауіпсіздігін МАГАТЭ (Халықаралық атом энергиясы агенттігі) қатаң бақылауға алады деп сендірген еді. Тіпті жуырда TEPCO арнайы фильтрлеу арқылы радиоактивті элементтің бәрін қалдық судың құрамынан шығарғанын айтқан еді. Әсіресе цезий мен стронций деген химиялық элементтерді су құрамынан бөлуге ерекше басымдық берілген. Өкініштісі, сутегі құрамындағы тритий элементін ажыратуға мүмкіндік болмағанға ұқсайды. Осындай олқылық бола тұра су мұхитқа жіберілуде», – дейді Келли Нэг.

Иә, қалдықтағы радиоактивті элементтерді толық жоюға жапон ғалымдарының шамасы келмеді. Дегенмен МАГАТЭ қалдық суда тритий элементінің мөлшері аз деп жобалап, саяси шешімге рұқсат берген. Айтуынша, мұндағы  көрсеткіш жапон стандартынан 40 есе аз болып шыққан. Кей ғалымдар мұхитқа төгілетін қалдық су мұхит көлеміне шаққанда тамшыдай ғана деген пікірде. Сондықтан ондағы радиоактивті элемент болған күннің өзінде ол еш зиян келтіре алмайды деп болжап отыр.

Алайда халықты сендіру қашан оңайға соққан. Бірнеше аптадан бері Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай мемлекеттерінде қарсылық акциясы жүруде. Сондықтан Жапония премьер-министрі Фумио Кишида мен бірқатар министр Фукусима префектурасының жағалауынан жұртшылық алдында теңіз өнімдерін жеді.

«Бұл демонстрациялық ас «Фукусима-1» атом электр станциясының суының мұхитқа төгілуіне байланысты жапон үкіметінің сыны аясында өткізілді. Жапондар АЭС суын мұхитқа құюды қатты сынға алды. Елдің сауда министрі премьер-министр су төгетін арнада ұсталған балық, сегізаяқ, теңіз өнімдері мен күріштің дәмін татқанын айтты. Дегенмен жапондықтар ғана емес, өзге көрші елдер де бұл әрекетке сенбеді. Тіпті Қытай билігі Жапониядан теңіз өнімдерін импорттауға тиым салды» – дейді автор.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: