Ұлттық мүдде, экономикалық текетірес, астыртын-ашық әскери «ойындар» секілді таптаурындардан тыс, әлемді алаңдататын тағы бір мәселе бар. Анығы, басты мәселе. Ол – климаттық өзгеріс. Ғаламдық жылыну, экология, қоқыс қалдығы деген кешелі-бүгін туындаған жоқ, әрине. Соңғы уақыттағы белсенділердің үндеуі көшбасшы мемлекеттерді нақты жобаны қолға алуға итермелеуде. Ортақ қауіп болған соң ба, жағдайды қалпына келтіру үшін алпауыт елдер де айылын жиып, керек десе, бәсекелестерімен бітімге келуге көшкен. Апта басындағы АҚШ пен Қытайдың климаттық өзгеріске қатысты пікірі осы төңіректегі біршама сауалға жауап бергендей болды. Тіпті екіжақты келісім сәтті жүрсе, адамзат болашағына арналған ауқымды зерттеу жұмысы жасалмақ.
Осы орайда «The Wall Street Journal» басылымы сәрсенбідегі санында тілші Ша Хуаның «АҚШ пен Қытай климат өзгерісін талқылайды» атты мақаласын жариялап, тақырыпқа толыққанды талдау жасауға талпынған. Мақалада АҚШ-тың мәселеге көзқарасы, Қытайдың экологиялық жобасы, әлемдік қауымдастықтардың жоспары секілді маңызды ақпараттарға баса мән беріледі.
«Климат өзгерісін тежеуге қатысты қаржылық шығынды есептеу, жағдайды сараптау үшін құрылған зерттеу тобына АҚШ пен Қытайдың қатысуы мәселенің оң шешім табуына жол ашпақ. Бұған дейін қос экономикалық күштің екеуара араздық пен шиеленісті халге қарамай ортақ іске жұмылуы қуантқан еді. Алайда қай тарап болмасын әзірге мәселенің толыққанды жауапкершілігін мойынға алуға асығар емес. Ақпанда Қаржы министрі Джанет Йеллен «Үлкен жиырмалықтағы» әріптесіне (екі ел де G20 қауымдастығына мүше -ауд.) климаттық жобаларда АҚШ-тың төрағалық құқығы болуы мәлімдеді. Арада күн салмай, Қытай Орталық банк басшысы И.Ган аталған сараптау тобына басшылық жасауға Қытай да ниетті екенін білдірді. Бүгінде АҚШ Қытайды басты бәсекелесі санайды. Байден жаңа стратегиялық бас құжатында Қытайды жалғыз бақталасы санап, халықаралық жүйедегі экономикалық, дипломатиялық, әскери және технологиялық тұрғыдағы лайықты күш деп бағалаған. Ал өткен жексенбіде Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И климат өзгерісінің алдын алу ортақ міндет екенін айтып, екі жақтың арақатынасты жақсартуға мүмкіндігі барын жеткізді».
Расында, ғаламдық мәселені шешудің өзінде алпауыт елдердің сайысуға бейім болмысы басым түсіп жатады. Мұны біз «саяси рефлекс» деп түсінеміз. Әйтпесе, Қытай табиғатты қорғау, климат өзгерісін тежеу мәселесінде АҚШ-тан кем қадам жасаған жоқ. Тал егу, электр энергиясын тұтынатын көліктерді көбейту, қоқысты қайта өңдеу секілді бастамалары бұрын да айтылған болатын. Оған қоса мақаладағы Қытай көшбасшысы Си Цзиньпин экологиялық бастамасы дәлел бола алады.
«Өткен жылдың қыркүйегінде Қытай басшысы Си Цзиньпин 2060 жылға дейін көміртегі мен көмірқышқыл газынан құтылатынын айтты. Содан бері Бейжің ішкі энергетика саясатында өзге де жобаларды бастады. Ал АҚШ болса, климат жөніндегі Париж келісіміне қосылуға ниет білдірген».
Автор бұдан өзге қос мемлекеттегі адам құқығы, Тайвань аралдары, әскери байланыс секілді мәліметтерді мақалаға сыналай енгізуге тырысқан. Алайда көпсөзді әрі тақырыптан ауытқушылық байқалғасын, сөз етпеуге тырыстық. Есесіне, мақалада климат жанашырларының Бейжіңге сенімсіздігін тарқата жеткізеді. Автор Ша Хуа Бостон университетінің жаһандық даму саясаты орталығының мәліметін мысалға келтіріп, мәселеге дерекпен көз тастаған.
«Белсенділер мемлекеттердің алған жауапкершілігі Жердің 2 градустық жылынудан сақтап қалуға қауқарсыз деп дабыл қағуда. Оған қоса қос тараптың өзге де экономикалық мүддесі бұлыңғыр. Мәселен, 2000 жылдан бері Қытайдың саяси банктері ішкі-сыртқы көмір жобаларын қолдау үшін 52 млрд долларға жуық несие берген. Ал өткен жылды Қытайдың Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің өкілдері мен халықаралық климатты қорғаушылар бірігіп, мемлекеттің шет елдегі инвестицияларына экологиялық талапты бекітті. Сондай-ақ ақпан айында Қытай билігі ғаламдық жылынуға қатысты халықаралық келіссөздерді жүргізуді дипломат Се Чжэньхуаға тапсырды. Себебі Се Чжэньхуа – АҚШ президентінің климат жөніндегі арнайы өкілі Джон Керриді жақсы танитын тәжірибелі маман. Қызметке кіріскеннен қос саясаткер аталған мәселеге қатысты бірнеше рет пікір алмасып, ұстанымдарын нақтылаған болатын. Сондықтан, екі елдің алдағы жоспары сұраққа толы».
Әзірге «Үлкен жиырмалықтың» (G20) климат жөніндегі зерттеу тобын қай ел басқаратыны беймәлім. Қытай тарапы бұл лауазымға Дүниежүзілік банк ардагері, Қытай Ұлттық банкінің бұрынғы бас экономисі Ма Цзюньды ұсынған. Сала мамандары болса, төрағалық міндетін екі мемлекет бір-бірінен бейтарап жүргізуі мүмкін деп топшылайды.
Аптадағы айтулы жаңалыққа айналған АҚШ пен Қытай арасындағы климаттық өзгеріс тақырыбы басылым бетінде осылай түйінделген. Көбісі, қос мемлекеттің ортақ қиындықты еңсеруде мәмілеге келуін ынтымаққа жасалған «жарты қадам» деп қабылдауда. Қалай болған күнде де адамзатты қатерден арылту идеясы бітіспесті бауыр, қарсыласты қарындас қылатын күшке ие екені айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, «ортақ үйдің» саулығынсыз бір мемлекеттің бірінен үстем тұруында не мән бола қойсын?!
Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған Ерсін Шамшадин
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!