Дүйсенбі, 04 қараша, 02:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№87-2097
02.11.2024
PDF мұрағаты

Сомалиден қайтқан сарбаз

25.11.2020

684 0

Сомали, Ирак, Ауғанстан. Бұл елдер – АҚШ-тың терроризмге қарсы әскери күші басым орналасқан аймақ. Өңірдегі түрлі қақтығыс пен өзара соғыстың өршімеуіне себеп болып, тіпті бірлескен элиталы әскер құруға дейін жеткен ұзақ жылғы құрылым еді. Бірі АҚШ әскері өңірге бейберекетсіздікті өзімен бірге ала келді десе, енді бірі олар ушыққан ахуалды басып, террористік топтарды ауыздықтады деген ойда. Не де болса, келер жылы аталған аймақты үлкен өзгеріс күтіп тұрғаны анық. Себебі Дональд Трамп Сомали, Ирак, Ауғанстаннан әскерін шегіндіретінін жариялады. Қазіргі таңда ресми бұйрық түспегенімен, өңірдегі әскер саны кеміп, халық арасында наразылық тууда. Оған түрткі – елдегі лаңкестік ұйымдар.

Әсіресе Сомалидегі қарсылық лебі өзгеше. Әскер кетсе, елдегі «Әл-Шабаб» лаңкестері қайта лаң салып, бейбіт халықты қыру қаупі бар. Бұл туралы «The New York Times» басылымы бейсенбілік санында «Сомали күмәні» атты көлемді мақала жариялады. Авторы – Эрик Шмитт және Абди Латиф Дахир. Онда АҚШ-тың аймаққа ықпалы, әскер шегінген жағдайдағы болжамды салдар мысалға келтірілген.

«Америкалықтар Сомалидің күштік құрылымына айтарлықтай өзгеріс әкелді. Солдаттарды жаттықтыру арқылы арнайы «Данаб» тобын құрып, бірлескен әскер «Әл-Каида», «Әл-Шабаб» ұйымдарын ойсырата жеңуге мүмкіндік алды. Ал енді дәл осындай жетістікке жеткен шақта сомалиліктерді жалғыз қалдыру қауіпсіздікке қатер тудыруы ықтимал. Сомали президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Хусейн Шейх-Али де оқиғаға осы мазмұнда баға берді: «АҚШ әскері мен «Данаб» жасағы терроризммен күресте шешуші рөл атқарды. Егер тәлімгер кетсе, агрегат сол сәтте-ақ коллапсқа ұшырауы мүмкін».

Сонымен қатар мақалада Сомали жақын арада президент және парламент сайлауын өткізуді жоспарлағаны айтылған. Алайда аймақтық билік өкілдерінің пікір қақтығысы мен тайпа аралық жанжал сайлау өткізуге мүмкіндік бермеген. Оған қоса террористік топтардың кесірі мен елге билік жүргізбек ниеттегі көрші әрекеті де тұсау болуда.

Айта кетейік, бастапқыда «Ақ үй» Ауғаныстаннан әскерді толық шегіндіруді көздеген. Кейіннен әскерді жекелей, топтап шығару ұйғарымына көшті. Ал Ирактағы әскерді 3000-нан 2500-ге қысқартып, Сомалиден 700-ден астам сарбазды кері қайтару нақтыланған. Бұрынғыдай емес, қазір АҚШ қоғамы сыртқы соғыс, Таяу Шығысқа әскер толықтыру ісіне наразы. Қай президент келсе де елге осы жайды біржақты етуге сөз береді. Бірақ нәтиже аз. Барак Обама, Дональд Трамп та сол кепті бастан кешірген. Таразы басында экономикалық-саяси ықпал тұрған шақта аталған өңірден АҚШ-тың толық аяқ тартуы ертегі іспетті. Алайда бұл жолғы шешім жаңа кезеңнің бастауы болы мүмкін.

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: