Сенбі, 20 сәуiр, 06:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Білдірмейтін қымбатшылық

15.10.2022

998 0

Сәнімкүл айлығын алып, дүкенге бас сұқты. Айлық алған күні көңілденіп, қалтаң толып тұрғандай сезім болатыны әр адамның басында бар. Супермаркет сөрелерінде не жоқ дейсіз… Ол ай сайын алатын азық-түлікті себетке сала берді. Санасында жатталып қалған тізім. Қант, май, шай, ұн, сары май, макарон, шұжық және тағысын-тағы. Себеттегі алған затына қанша ақша кететін ойша шамалап жүріп, дүкенді асықпай аралады. Кір жуатын ұнтақ, ыдыс жуғыш, сабын секілді қажеттіліктерді ұмытқан жоқ. «үйге барып шай ішуге тәтті алайын» деп бір емес, бірнеше түрінен тоқаш, шоколад алды.

Кассаға барғанда, иә касса алдындағы сатушы қыз сартылдатып бағасын айтқанда асып-сасып қалды. Тіпті әбігерге түсіп қалды. Қалай сонда? Ай сайын алып жүрген заты ғой. Тізім өзгерген емес, ал баға өзгерген. Қымбатшылық деген күн сайын білдіртпей еніп кетеді екен ғой. Айлығын ойып түскен алған затына көңілі толмай тағы бір қарап, сатушы қыз берген чекке қайта-қайта үңілді.

Бұл бір ғана Сәнімкүлді таңғалдырған жағдай емес. Ай соңында алып-ұшып дүкенге жүгіретін барша тұрғынның басындағы жайт. Жаз бойы «қант қымбаттады» деп дүрлігіп жүргенде қымбатшылық сыналай кіріп, барлық азық-түлікке «қонжиғанын» байқамай да қалғандаймыз. Қазір «себет түбінде ғана зат аламыз, соның өзі қалтаңды қағып алады» дегенді жиі естиміз. Шынында да, қымбатшылық қантта ғана емес екен.

«EnergyProm» сайты жыл ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары ішінде қымбаттаған қант ғана емес екенін жазып, бағаның қалай өскеніне талдау жасаған. Жыл басында-ақ бағасы шарықтаған, яғни 76,8 пайызға қымбаттаған қант көктем шыға тапшы болып, елді дүрбелеңге салды. Дүкен жағалап қант іздегендер, қантқа таласқандар, қант кезегінің қандай болғаны әлеуметтік желі арқылы жалпы жұртқа жақсы таныс. Шарықтаған қант бағасы енді ғана «ентігін басып келеді». Сарапшылар қант бағасының өсуін импортқа тәуелділік деген себеп айтады. Сондай-ақ  импортқа тәуелді азық-түлік қатарында тек қант ғана емес екенін алға тартады. Мәселен, сары майдың 74,3, құс етінің 70,3, ірімшік пен сүзбенің 52,9 пайызы сырттан келеді екен.

Сандарды сөйлетіп көрейік. Биыл елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 20 пайызға қымбаттапты.

Биыл 4 қазанындағы жағдай бойынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бір апта ішінде (27 қыр­күйекке) 0,1%, жыл басынан бері 19,6%, бір жылда 19,7% қымбаттаған екен. Апта ішінде жұмыртқа (1,2%), сон­дай-ақ күріш, күнбағыс майы және пастерленген сүт (0,4%) бағасында өзгеріс бар. Жылдық динамика бойынша қант бірден 79,3%, рожки 30,2%, қарақұмық 27,8%, күріш 23,7%, тауық еті 23,6%, бидай ұны 22,7%, сары май 19,8%, пастерленген сүт 19,4%, тұз 18,9%, айран 16,6%, күнбағыс майы 16,1% -ға өсті.

Ал біз қант ғана қымбаттағандай әсерде жүрміз….

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: