Бейсенбі, 28 наурыз, 14:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Несие ала бердім, ала бердім

12.02.2022

1441 0

Қазақстандықтардың 70 процентінің алғашқы несие тарихы 25 жастан басталады екен. Әрі қарай айтпаса да белгілі. Бір рет несие алып үйренген соң бірін алып, бірін жауып, тіпті несиені несиемен жапқан қарыз кітабы қалыңдай береді. Несие алу бойынша осы 25-45 жас аралығындағылар өте белсенді.

«Solva» компаниясының сарапшылары «Алғашқы несие» зерттеуін жүргізіп, сасуалнамаға 18 бен 65 жас аралығындағы 15 мың тұрғын қатысқан. Зерттеу барысында азаматтардың алғашқы несиені қай кезден бастап алғаны және мақсаты нақтыланған. Сауалнамаға қатысқандар үш топқа жіктеліпті: 18-25 жас, 25-45 жас, 45-65 жас аралығындағылар.

Сауалнамаға қатысушылардың 72 проценті алғашқы несиені 25-45 жас аралығында алғандар болса, ең жас несие алушылар 20 процентті құрапты. Ал 45-тен кейін несие алушылар бар болғаны 8 процент қана.

Енді несие алу мақсатына келейік. Қызық. 18-25 жас аралығындағылар алғашқы несиені смартфон алудан бастайды екен. Сауалнамаға қатысушылардың 65 процентінің жауабы осындай. Бір айта кетерлігі, жай смартфон емес, ең қымбатын, бренд телефондарды несиемен алған. Сауалнамаға қатысушылардың пікірінше, қазіргі кезде ең маңызды әлеуметтік құрал, сабаққа, жұмысқа қажет, күнделікті тіршіліктің барлығы осы смартфон көмегімен бітеді. Сондай-ақ сауалнамаға қатысқан жастардың 15 проценті құлаққапты, 10 проценті планшет алу үшін несиеге жүгінген. Спорттық велосипед алуды армандағандар да несие рәсімдеген (5 процент).

Ал 25-45 жастағылардың несиеге жүгіну мақсаты бөлектеу. Мәселен, сауалнамаға қатысқандардың 30 проценті үй алу үшін несие алса, енді бір 30 проценті несиеге көлік сатып алған. 40 проценті тұрмыстық техникалар, жиһаз алу үшін несие алған.

Ал 45 жастан асқандардың сұранысы қандай екен? Сауалнамаға қатысқандардың 40 проценті үйге дүние-мүлік алу үшін несиеге жүгінсе, тағы 40 проценті балаларының білім алуы үшін несие алған. Ал 20 проценті емделу үшін несие алған.

Мына қызықты қараңыз, 45-65 жастағылар несие алудан аулақ жүреді екен. Олардың пікірінше, зат сатып алу үшін қолда бар ақшаға немесе ақша жинап алу қажет. Демек банкке қарай жүгіру 45-тен асқаннан кейін саябырсиды екен.

Зерттеу компаниясы анықтағандай, 2021 жылы той-томалақ жасауға несие алу 60 процентке азайған. Бұған пандемияға байланысты мейрамханалардың жабық болғаны әсер еткені даусыз. Жыл басталғалы да той жасау үшін несие рәсімдегендер қатары көбеймеген. Сауалнама жүргізушілер растағандай, елде той жасайтындардың 80 проценті несие рәсімдейді.

Г.ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: