Дүйсенбі, 09 желтоқсан, 14:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Қайтқан малда қайыр бар…

23.07.2022

1275 0

Ең бастысы да осы. Ел игілігін емес, өз құлқынының қамын ойлап, елдің ақшасын жымқырғандардың іс-әрекеті әшкереленіп, ұрланған ақша қазынаға қайтып жатыр.

Бұған дейін халықтан ұрлан­ған ақша елге қайтар ма екен деген күмәнді ой қоғамда болмай қалған жоқ. Алайда Мемлекет бас­шысының нақты тапсырмасы көп ұзамай нәтиже бере бастады. Айта кетелік, өткен айда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық ресурстардың заң­­сыз шоғыр­лануына қарсы іс-қи­мыл мәсе­лелері жөніндегі ве­дом­ство­аралық комиссияның оты­­рысын өткізіп, арнайы құ­рылған комис­сияға нәтижелі жұмыс болуын нықтаған еді.

«Жуырда менің Жарлығыммен экономикалық ресурстардың заң­сыз шоғырлануына қарсы комиссия құрылды. Бұл комиссия заңсыз жылыстатылған қаражатты елге қайтарумен айналысады. Оның жұмысы ұдайы қоғам назарында болады. Халық бізден бос уәде емес, нақты нәтиже күтеді. Біздің мақсатымыз – айқын. Халықтан ұрланған активтерді елге қайтарып, әділдік орнатуымыз керек. Қазір, ең бастысы, жұмысты тиімді ұйымдастыру қажет. Комиссия мүшелері осы міндетті абыроймен атқарады деп сенемін. Президент Әкімшілігі барлық жұмысты бақылауда ұстайды», – деген еді Мемлекет басшысы.

Көп ұзамай комиссия жұмыс нәтижесін жариялай бастады. Құзырлы органның хабарлауын­ша, Қайрат Сатыбалдыға қатыс­ты істі тексеру нәтижесінде «Қазақтелеком» және «Транспорт­­тық қызмет көрсету» компанияла­ры­ның ақша жымқыру ісі бойынша 36 млрд теңге қайтарылды. Ал Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевқа қатысты істі тергеп-тексеру барысында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания­сынан заңсыз алынған 11,3 млрд теңгені кері қайтарды. Қайрат және Гүлмира Сатыбалды, Қайрат Боранбаев, «ОператорРоп» істері бойынша анықталған 230 млрд теңге елге қайтарылды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшыларына қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында БАӘ-ге заңсыз асырылған 3 млн АҚШ доллары кері қайтарылды. Ақша жымқырғандардың тізімі мұнымен аяқталмайды. Бас прокуратураның хабарлауынша, Шымкент сыра зауытының бұрынғы иесі Тоқтар Төлешовке тиесілі шипажай мем­лекет қарамағына берілуі мүмкін. Виктор Храпуновтың Шығыс Қазақстанда орналасқан 8 жер телімін тәркілеу үшін іс қозғалған. Ел аумағында бұрын тәркіленбей қалған 36 нысанға ревизия жал­ғасуда. Халықаралық іздеудегі «БИПЭК» компаниялар тобының акционері Анатолий Балушкинге қатысты тың дерек жарияланды. Оның ісіне қатысты прокуратура Шығыс Қазақстанда орналасқан 77 жылжымайтын мүлікті сотқа дейін тәркілеу туралы қолдау хатты сотқа жолдаған. Сонымен қатар «Олимп» букмекерлік кеңсесінің заңсыз 5,5 млн доллардан астам ақшасы Ұлттық банкке аударылады. Ал «Қазфосфат» ЖШС басшылығына қатысты 140 млрд теңгеге заңсыз монополиялық кіріс алу фактілері анықталған. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: