Жұма, 29 наурыз, 01:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Қалалар қаржыны қалай жұмсайды?

23.04.2022

1053 0

Қалалардың да адам секілді өз тағдыры бар. Қалалардың да өмір сүруі үшін қажеттілігі аз емес. Кейде халықтың табысының қайда жұмсалатынын зерделеп жатамыз. Сол сияқты, әр қаланың қаржы жұмсауы да қызық тақырып екен. Адамдардың табысы мен қажеттілігіне қарай ақша жұмсауы да түрлі болатыны сияқты, қалалардың да қаржыны қайда бағыттайтыны бір-біріне ұқсамайды.

Ел халқының жартысынан көбі тұратын қазақстандық қалалардың міндеті – тұрғындар үшін сапалы, қолжетімді әлеуметтік инфрақұрылымы бар қауіпсіз және жайлы орта құру. Ресми дерек көздерінен қалалардың қаржысы қайда жұмсалатынын зерделеген мәліметті көзіміз шалды. 14 облыс орталығы мен үш мегаполистің 2022 жылға арналған бюджеттерін зерделеп, негізгі бюджет қаражатының қайдан және қайда кететіні туралы мәлімет бізге де қызық көрінді.

Қай қала қанша табады?

Қазақстандық қалалар арасында бір тұрғынға есептегенде қалалық бюджет кірістері бойынша көшбасшылар үштігіне Атырау (жылына жан басына шаққанда 634,4 мың теңге), Түркістан (жылына жан басына шаққанда 547 мың теңге) және Алматы (жылына жан басына шаққанда 508 мың теңге) кіреді.

Егер Атырау мен Алматы бюджетте­рінің кірістері негізінен салық есебінен қалыптасса (осы қалалардың бюджетіне салық түсімдеріне дейін тиісінше 84% және 79%), онда Түркістан бюджетінің 55%-і облыстық және республикалық бюджеттерден берілетін трансферттер, тағы 37% – негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер (бұл, мысалы, мемлекеттік меншіктегі жер учаскелері). Салық түсім­дерінің үлесі небәрі 8%. Бұл 14 облыс ор­талығы мен республикалық маңызы бар үш қаланың ішіндегі ең төмен көрсеткіш. Қалалық бюджеттің табысы ең төмен үш қала қата­рына Орал, Ақ­төбе және Қызыл­орда қалалары кіреді. Батыс Қазақстан облысының облыс орталығы – Орал қаласының  әр тұрғынына Қазақстанның мұнай астанасы – Аты­раудың тұрғынына қарағанда қалалық бюджеттегі кірістен алты есе аз (жылына 100,6 мың теңге) келеді. Бұл облыс орталығы Түркістан сияқты, негізінен трансферттер есебінен субсидияланады (65%), ал бюджеттің кіріс бөлігіндегі салық түсімдерінің үлесі 18%-ті немесе жылына бір адамға 27 мың теңгені құрайды. Түркістан мен Қызылордадан басқа, сыртқы трансферттерге тәуелділігі жоғары қалаларға (60%-тен астамы) Талдықорған, Тараз және Шымкент жатады.

Ақшаны қалай жұмсайды?

Тұрғын үй коммуналдық шаруашы­лығы саласы қай қаланың болса да бюджетіне салмақ екені сөзсіз. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына қар­жы жұмсау жағынан көш басында Түркістан, Нұр-Сұлтан, Талдықорған қала­сы тұр. Оның ішінде бұл салаға көп қаржы жұмсайтын Түркістан қаласы. Себебі мұнда қазір тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде және ауыз су жүйесін жүргізу жұмыстары жүруде. Екінші орында – Нұр-Сұлтан қаласы. Мұнда коммуналдық салаға жұмсалатын қаржы әр тұрғынға шаққанда 124,4 мыңнан келеді екен. Жұмсалған қаржының үштен бірі тазалық, көркейту жұмыстарына, қар­жының 28% су жүйесіне, сон­дай-ақ коммуналдық тұрғын үй қорын жаңартуға көп ақша жұмсалады екен. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласына көп қаржы жұмсаудан үшінші орынға шыққан Талдықорған қаласында әр тұрғынға шаққанда 119,3 мың теңгеден келеді. Қаржының 70% жобалау жұмыстарына, 13% көркейту, көше­лерді көгалдандыру жұмыстарына бағытталады.

Транспорт және коммуникация

Транспорт саласына көбірек ақша жұмсайтындардың көш басында Алматы қаласы, 2022 жылы адам басына 56 мың теңгеден жұмсалған. Қаржының 60 проценті қоғамдық көлік қызметін субсидиялауға, жол жөндеу, транспорттық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Түркістан қаласында транспорт саласына бюджеттен жұмсалатын қаржы жан басына шаққанда 44 мың теңгеден келеді екен. Бұл қаржының жартысынан көбі жолдарды күрделі жөндеуге, 16% транспорт инфра­құрылымын дамытуға, 15% қоғамдық көлік қызметін субсидиялауға жұмсалады. Ал Тараз қаласында қоғамдық көлік қызметіне жан басына шыққанда бар болғаны 1000 теңге жұмсалса, оның 700 теңгесі қоғамдық көлік қызметін субсидиялауға жұмсалады екен.

Әлеуметтік көмек

Әлеуметтік көмекке көп қаржы жұм­саудан 6 қала алдыңғы орынға шығыпты. Көш басында Шымкент қаласы, адам басына 33 мың теңгеден жұмсаса, Қызылорда қаласында жан басына 30 мың теңгеден келеді екен. Ал Талдықорған қаласында жан басына 27 мың теңгеден келеді. Аталған үш қалада бөлінген қаржының басым бөлігі атаулы әлеуметтік қолдауға жұмсалады.

Мәдениет, спорт, туризм

Мәдениет, спорт, туризм саласына көп қаржы жұмсау жағынан Шымкент қаласы көш басында. Мұнда қаржының басым бөлігі мәдениет нысандарын дамытуға және спортшыларды жарысқа даярлауға жұмсалады екен. Нұр-Сұлтан, Алматы қалалаларында бұл сала бойынша адам басына 18 мың теңгеден келеді. Облыс орталықтарының ішінде мәдениет пен туризм саласына қаржы жұмсаудан Түркіс­тан көш бастап келеді. Мұнда жоспарланған қаржының 23% мәдениет нысан­дарын дамытуға, 18% ту­ристік қыз­метті жүйе­леуге жұм­салады екен. Ал Қа­рағанды қа­ла­­сы мәдени де­­малыс қызмет­теріне ерекше мән бе­реді екен. Бұл мақ­сатта бөлінген қар­жының 67% сонда бағытталады.

Қоғамдық тәртіп

Қоғамдық тәртіпке келгенде мегапо­листер облыс орталықтарына қарағанда 10 есе көп ақша жұмсайды. Нұр-Сұлтан қаласы көш басында. Мұнда қоғамдық тәртіпке бөлінген қаржы жан басына шаққанда 17 мың теңгеден келеді. Ал Алматы мен Шымкент қалаларында адам басына 13 мың теңгеден келеді.

Өнеркәсіп, архитектура және қала құрылысы

Бұл салаға көп қаржы жұмсаудан Түркістан қаласы көш басында. Мұнда адам басына 4,4 мың теңгеден келеді екен. Бөлінген қаржы қала құрылысының сызбасын дайындауға, елді мекендердің бас жоспарын дайындауға жұмсалады. Алматы қаласы бұл салаға жұмсайтын қаржысы жан басына шаққанда 2,2 мың теңгеден келеді. Жалпы 17 қаланың 12-нің жұмсайтын ақшасы жан басына шаққанда 1000 теңге шамасында.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: