Бейсенбі, 28 наурыз, 17:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Тоғыз айдағы тірлік: Үкіметте экономиканың даму динамикалары қаралды

18.10.2022

1236 0

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды, – деп хабарлайды primeminister.kz.

Жиында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде республика экономикасының өсу қарқыны 2,8%-ды құрағанын баяндады. Салалар арасында ауыл шаруашылығы (6,9%-ға), ақпарат және бай­ланыс (6,7%), құрылыс (5,1%), көлік және қоймалау (4,8%), өңдеу өнеркәсібі (4,6%), сауда (4,3%) және тау-кен өнеркәсібі (0,1%) оң динамиканы көрсетіп отыр. Сыртқы сауда айналымы 36,3%-ға ұлғайып, $86,3 млрд-ты құрады. Атап айтқанда, экспорт бойынша көрсеткіш 50,6%-ға ($56 млрд), өңделген тауарлардың экспорты 36,5%-ға ($16,6 млрд) өсті, тауарлар импорты $30 млрд-ты құрады. Жалпы, оң сауда балансы $26,4 млрд-қа жетті.

Өңдеу өнеркәсібі де оң өсу қарқынын сақтап отыр. Қаңтар-қыркүйек айларында өндіріс көлемі 4,6%-ға өсті. Сонымен қатар есепті кезеңде 10,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,9%-ға артық.

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, мемлекеттік бюджеттің кірісі 11 трлн 177 млрд теңгені құрады (жоспар 104,8%-ға орындалды). Атап айтқанда, республикалық бюджетке шамамен 7,5 трлн теңге (101,9%), жергілікті бюджеттерге 3,7 трлн теңге (111,2%) түсті. Мемлекеттік бюджет шығыстары 96,2%-ға, республикалық бюджет шығыстары 96,3%-ға, жергілікті бюджеттер шығыстары 97,9%-ға орындалды.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің мәліметінше, осы жылдың 9 айында АӨК-тің жалпы өнімінің көлемі 6,9%-ға өсіп, 6,8 трлн теңгені құрады. Бұл өсім өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемін 11%-ға және мал шаруашылығындағы өндіріс көлемін 1,1%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді.

Аталған кезеңде азық-түлік өнімдерін шығару 3,7%-ға өсіп, 2,1 трлн теңгені құрады. Жалпы қант (49,8%-ға), жарма (40%), өсімдік майы (39,9%), балық (20,3%), ұн (10,2%), өңделген күріш (8%), макарон (5,8%), тауық жұмыртқасы (5,3%), шұжық өнімдері (4,9%), сиыр сүті (1,8%) және тірі салмақтағы ет (0,7%) өндірісі артқан. Дәнді дақылдарды жинау – соңғы сатыда. 10 қазандағы жағдай бойынша 15,9 млн га жиналды, орташа өнім­ділігі 13,5 ц/га болғанда бункерлік салмақта 21,6 млн тонна астық бастырылды.

Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов, индустрия және инфра­құрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев және энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндама жасады.

Премьер-Министр жыл соңына дейін іскерлік белсенділікті ынталандыру және экономиканың барлық салаларында өсу қарқынын арттыру жөніндегі жұмысты күшейту қажет екенін атап өтті.

– Ірі кәсіпорындарға өндірістік жоспар­ларын іске асыруы үшін қолдау көрсетуді күшейту керек. Мәселені жан-жақты талдап, олардың айналым қаражаты, инфрақұрылым, логистика және өнімді сату бойынша пробле­малық сұрақтарын шешуді қамтамасыз ету қажет, – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, шикізат­тық емес секторларда: соның ішінде өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, көлік, логистика IT, туризм және басқа салаларда инвестициялық жобалардың санын арттыру керек. Премьер-Министр шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, жаңа жұмыс орындарын құруды ынталандыру бойынша нақты шараларды пысықтауды, сондай-ақ бюджеттен қаржыландырылатын инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бойынша қаражатты толық әрі тиімді игеруді қамтамасыз етуді тапсырды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: