ҚР Энергетика министрлігі «ҚР аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрық жобасын әзірледі, – деп хабарлайды KAZINFORM
Құжат мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін елден шығаруға тыйым мерзімін ұзартуды қарастырады.
— Жоба бұйрықпен ҚР аумағынан мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге қолданыстағы тыйым салуды ұзарту көзделеді. 2025 жылғы 22 қарашадан 2026 жылғы 22 мамырға дейінгі кезеңде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерді қоса алғанда, автомобиль және теміржол көлігімен бензиндерді, дизель отынын және жекелеген мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салынады. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылғы 30 маусымға дейінгі кезеңде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттарды, авиациялық керосинді, дизель отынын, газойльдерді, толуолды, ксилолды және мұнай битумын әкетуге тыйым енгізіледі. Тыйымдар алты ай мерзімге енгізіледі және ҚР Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылатын гуманитарлық көмекті және өзге де ерекшеліктерді көздейді, — делінген бұйрық жобасында.
Енді мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге тыйым ұзартылмақ.
— 2026 жылғы 22 қарашадан 2027 жылғы 22 мамырға дейін алты ай мерзімге ҚР аумағынан автомобиль және теміржол көлігімен, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге, сондай-ақ 2027 жылғы 1 қаңтардан 2027 жылғы 30 маусымға дейін ҚР аумағынан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге әкетуге тыйым енгізіледі, — делінген құжатта.
Жобаның мақсаты — ұлттық қауіпсіздікті және мұнай өнімдерінің ішкі нарығының қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Оны қабылдау теріс қоғамдық-экономикалық, құқықтық және өзге де салдарға әкеп соқпайды.
Бұйрық жобасы қоғамдық талқылау үшін 21 шілдеге дейін Ашық НҚА порталына жүктелді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
