Сейсенбі, 23 сәуiр, 15:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым

23.04.2024
PDF мұрағаты

Кәсіпті қолдайтын бағдарлама

16.10.2021

686 0

Кәсібі бардың нәсібі бар. Заманның талабын түсінгендер жеке кәсіп ашып, табысқа жетудің түрлі жолын табуда. Оған әрине мемлекет тарапынан қолдау үлкен септігін тигізуде. Тек шын ниеттенген адамға жол ашық екенін көбісі түсіне бермесе керек.

Бүгінде әлемді алаңдатқан коронавирус инфекциясы елді әбігерге салды. Оның ішінде карантин талаптары жеке кәсіпкердің мүмкіндігін шектегені айдан анық. Соның салдарынан елімізде шағын және орта бизнес өкілдерінің көбі құлдырауға ұшырады. Дегенмен мемлекеттен қолдау өз деңгейінде жүргізілуде.

Жыл сайын Президент Жолдауында кәсіпкерлік аясын кеңейту, оны жетілдіру, отбасылық кәсіпті дамыту бағытына басымдық береді. Осы орайда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту бойынша жүзеге асуда.

Аталған мемлекеттік бағдарлама еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, еңбек ресурстарын қайта даярлау, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқытуға бағытталады. Сондай-ақ ауылдық елді мекендерде шағын несие беруді кеңейту, жаңа бизнесидеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру сияқты бірқатар міндеттерді қамтиды.

– Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету – басты назарда. Осыған орай жыл басынан бері Қызылорда қаласынан қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 35 азамат жолданды. Сонымен қатар екінші бағыты – кәсіпкерлік бастамасын қолдау бойынша биыл ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда микробизнес ашу, ісін жаңа бастаған жас және жұмыс істеп жүрген кәсіпкердің қызметін кеңейту үшін 140 адамға несие беру жоспарланды. Дегенмен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Өңірлік инвестиция» орталығы, «Микроқаржылық» ұйымы арқылы 44 азаматқа несие берілді. Ал «Бастау бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне 535 адамды оқыту көзделді. Бірақ оқуға 641 азамат жолданды. Оның ішінде 561-і оқу курсын аяқтап, 206-ы мемлекеттік грант алды, – деді қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева.

Бөлім басшысының айтуынша, жергілікті тұрғындардың мемлекеттік бағдарлама игілігін көріп, жеке кәсіп көзін ашуға ниеті жоғары. Сондай-ақ бүгінде жаңа бизнес – идеяларды іске асыруға түрлі мемлекеттік гранттар беру қарастырылуда. Ол бастапқы бизнесті іске асырып жатқан немесе асыруды жоспарлап жүргендерге 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерде қажетті еңбек құрал-жабдықтарын сатып алу ұсынылды. Нәтижесінде жаңа бизнес – идеяларды іске асыру мақсатында 592 азамат грант иегері атанды.

Халқымыз «Көз қорқақ, қол батыр» деп бекер айтпаса керек. Қандай да бір істі бастамас бұрын жүрексініп, тартыншақтау бәріміздің бойымызда бар. Қазір дайын өнімді алып сатқаннан, өз өніміңді өндіру әлдеқайда тиімді әрі сенімдірек. Дегенмен машақаты да аз емес. Бірақ бейнетінен қашпай, еңбек ете білсең жемісі мол. Бір айта кетерлігі қазір жергілікті тұрғындардың басым көпшілігі кондитерлік өнім шығаруды қолға алуда.

Аталған бағдарламаның үшінші бағыты – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту. Анығын айтқанда, әрбір жұмыссыз жас тұрақты жұмысқа орналасып, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындарына уақытша жұмыспен қамтылады. Мәселен жыл басынан бері қоғамдық жұмыстарға 2200 адам тарту көзделсе, осы кезге дейін 3053 жас жұмысқа орналасқан.

Ал әлеуметтік жұмыс орындарына 256 адам жолданған. Сондай-ақ жастар тәжірибесімен 733 жас маман жұмыспен қамтылған. Осылайша мемлекет ұсынған түрлі жобалардың нәтижесінде тұрақты жұмысқа ораналасқандар да жетерлік. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар мен жазасын өтегендер, пробация қызметінің есебінде тұрғандар да аталған бағдарлама аясында екі қолға бір күрек тауып жүр.

А.ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: